Көрерменді өзіне баурап әкететін алып қуат – кенептегі мейірім шуағы. Сезім жаңбырын сіркіреткен сағыныш ескен сұлбалар. Суретші табиғат көрінісінен алған алғашқы әсерін алғаусыз жеткізуге ұмтылады. Мың құбылған ашық түсті бояу үндестігін ол алдымен көріп, содан соң қабылдап барып бояу түстері арқылы кенеп бетіне түсіреді. Бір өлкенің тамсанарлық сұлулығын жылдың әр мезгілінде жалықпай бейнелеуге бар. Жиенбай Орынбаевтың графикасына композицияның қарапайымдылығы мен айқындылығы, ықшамдылық, тазалық, ашық түс, сұлбалардың нақтылығы тән.
Шығармашылығы көп жанрлы болғанымен, суретші ауыл тақырыбын, табиғат пейзаждарын жырлағанда талант қуаты тасқындай түсетіндей. Оның қаламындағы айрықша бағаланған шоқтығы биік туындылар осы тақырыптарға тиесілі. Ауыл көрінісінің лирикалық пейзажы мен табиғаттың шексіз сұлулығы өмірге әсемдік сыйлайды.
«Суретші бояу массасын теңестіруге, композицияның барлық элементтерін ырғақты ұйымдастыруға, әлемнің мәнерлілігін бұзбай, формалардың өзіндік әуенін жасауға тырысады. Өз автопортретіндегі ашық бет әлпеті мен ойлы көздері суретшінің рухани ішкі дүниесін көрерменмен бөліскендей. Ал «Ауылдағы күз» шығармасында жоғары қарай өрлеген қаздардың қимыл-қозғалыс формаларының дәл бейнеленуі байқалады. Сонымен қатар «Балалық шақ туралы естелік», «Құрбылар» атты туындыларында ақ кимешектегі ұршық иіріп отырған әжелердің бейнелерінен сонау балалық шақтың естелігі мен туған жерге деген сағыныш сезімі еседі. Суретші табиғат жағдайының нюанстарын, сырғып бара жатқан сезімтал бір сәттік сұлулықты нәзіктікпен қабылдап, лириктің көзімен көреді», дейді өнертанушы Лаура Әбілдаева.
Жиенбай Орынбаев 1962 жылы қазіргі Түркістан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келді. Ташкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады. Көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Өзінің шығармашылық қызметін оқытушылықпен ұштастырған талант иесі қазіргі таңда болашақ қылқалам шеберлерін баулып жүр.
АЛМАТЫ