Медицина • 14 Шілде, 2023

Мегаполис медицинасының жетістігі

281 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Бірінші байлық – денсаулық» деп атам қазақ бекер айтпаған. Расында да денсаулық – адамның баға жетпес байлығы, қайталанбас құндылығы. Оны бір жоғалтып алсаң, орнын толтыру оңай шаруа емес. Сондықтан орны бөлек асыл қазынамызды бағалай білу – еліміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Халық саулығы бірінші кезекте әрбір адамның өзіне, сосын тұтас мемлекет үшін қажет. Сау ұлт қана алдына қойған мақсатына жетіп, елін үлкен армандарға жетелей алады.

Мегаполис медицинасының жетістігі

Мемлекеттің медицина саласына жыл сайын қыруар қар­­жы бөліп, ерекше қолдап отыр­ғаны те­гін емес. Әділетті Қа­зақ­стан құ­рамыз деген үл­кен мақ­саты­мыз бар. Асыл мұ­ра­тымызды орындау халықтың жігеріне, адал пейіліне, сонымен бірге тікелей денсаулығы­на да байланысты. Президент жыл сайын халыққа Жолда­уын­да осы медицина саласына айрықша тоқталады. Соның аясында Үкімет алдына міндеттер қо­йып, оларды орындау бойын­ша нақты тапсырмалар бере­ді. Мәселен, өткен жылғы «Әді­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жол­дауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлт­тық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақса­ты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», деп атап өткен еді. Сондық­тан Президент пәрменімен саланы өркендету жұмыстары бүкіл елімізде, соның ішінде рес­публиканың үшінші басты қаласы – Шымкентте де ерекше қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мегаполисте медицинаның са­пасын жақсарту Жолдау­да айтылған тапсырмалар аясында жүзеге асса, екіншіден, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы шеңберінде атқарылып отыр.

мчси

Денсаулық сақтау саласын алға сүйреудің басты шарты – қаржының жеткілікті көлем­де болуы. Тіпті бұл мәселені Пре­­зидент былтырғы Жол­дауында айтқан еді. «Ден­сау­лық сақтау саласында біраз ре­форма жүргізілді. Деген­мен оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қор­даланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке кел­­тіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жет­кілікті бөлінбеуі қалыпты жағ­дайға айналған. Соның ке­сірінен жұрт сақтандыру жүйе­сіне қосылса да, меди­цина­лық қызмет толық көлемде көр­се­тілмей отыр», деген еді Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында мегаполистің медицинасына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Айталық, денсаулық сақтау саласына биылға 122,4 млрд тең­ге қаралыпты. Оның 100 млрд-тан астамы міндетті әлеу­­меттік медициналық сақ­тан­дыру қоры арқылы болса, қал­ғаны жергілікті бюджет есе­бінен орындалған. Мәселен, былтыр шаһардың денсаулық сақтау саласына 99,6 млрд тең­ге бөлінсе, биылғы қарал­ған қаржы жоғарыда аталған­дай, 120 млрд теңгеден де асып отыр.

ар

Сонымен бірге Президент өз Жолдауында «Медицина­лық инфрақұрылымды кешен­ді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Ме­дицина – инвестиция салуға қо­лайлы сала. Тек оған дұрыс жағ­дай жасау қажет», деді. Бұл тұрғыдан да Шымкент республика өңірлерінде көш бастап тұр. Кейінгі үш жылда Шымқалада инвесторлар есебінен 14 жаңа емдеу мекемесі ашылыпты. Оған бүгінгі таңда 200 мыңнан аса қала тұрғыны тіркеліп үлгерген. Расында да Президенттің медициналық инфрақұрылымға баса назар аудару керек деген тапсырмасы еліміздің үшінші қаласында аса құлшыныспен іске асырылып жатыр. Оның тағы бір дәлелі бүгінгі таңда қалалық онкологиялық орталығында ядро­лық медицинаның кө­ме­гімен емдейтін арнайы тә­сіл қолданылады. Өз кезе­гін­де ядролық медицина екі бөлімшеден құралып, нау­қас­тарға сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіп отыр. Оның біріншісі – ауруды дәл анықтауға арнал­ған құрылғыны пайдалану. Бұл позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ) деп аталады. Мұндай заманауи қондыр­ғы Астана мен Алматы қаласын­да және осы Шымкентте ғана бар. Былайша айтқанда ПЭТ – компьютерлік томография­ның ең озық түрі. Заманауи құ­рылғы арқылы онкологиялық ауруға күдікті науқастардың бойындағы ісіктің бар-жоқ­тығын 100 пайызға жақын анықтап береді. Сонымен, диаг­ностикалау мәселесінде ПЭТ қолданылса, қатерлі ісікке шал­­дыққандарды емдеуде сәу­лелі терапияға сүйенеді. Ме­дицина технологиясындағы ең озық қондырғы саналатын бұл құрылғы радиациялық сәулемен емдейді. Оның басты ерекшелігі ісіктің жанындағы сау клеткаларға ешқандай зиян­ды әсерін тигізбейді.

«Дүние жүзінде онкология­лық ауруға ұшыраған адам­дардың өмірін бес жылға дейін ұзарту медицинаның соңғы же­тістігі десек, Қазақстан сол жоғары нәтижеге қол жеткізіп, әлемдік стандарттардан бір елі де қалып келе жатқан жоқ. Озық технологияның нәтижесінде керісінше онкологияның бас­­тапқы сатыларында ауруы анық­талған науқастар то­­лық­­тай емделіп кетіп жатыр. Сонымен бірге лапороско­пия мен ангиографиялық ап­­па­раттар арқылы тіліксіз опе­рация жасалатын болды. Бұл технологияның бас­ты ерекшелігі операциядан кейінгі оңалту шарасы нау­қастарда өте жеңіл өтеді. Тіпті кей жағдайда операциядан кейін кейбір науқастар ұзақ жатпастан бірден палатаға ауыстырылады. Бұрынғы кезде тілікпен болған операция­ларда емделушілер оңалту ша­расына ұзақ уақытын арнайтын. Осының бәрін жоға­ры медициналық қондырғы­лар­­дың адамзатқа берген пайда­сы­­ның нәтижесі деп түсін­ген жөн. Жалпы қатерлі ісік ауруы­мен күрес мемлекеттің басты стратегиялық мақсаттарының біріне кіреді. Осыған орай қа­былданған іс-шаралар мен бағ­дарламаларға сәйкес мегаполисте адамдарды белгілі бір кезең аралығында скрининг­­тік тексерулерден өткізіп оты­ру тұ­рақты түрде жүзеге асы­ры­лады. Сонымен бірге қа­терлі ісікке шалдығу қаупі бар азамат­тар жылына бір рет ден­сау­лығын тексертіп тұ­руы ке­рек», деді қалалық онко­ло­гиялық орталығы бас дәрі­герінің орынбасары Самат Смайылов.

Жалпы, онкологиямен кү­ресті күшейту мақсатында Шым­­­кентте былтыр ересек­тер­ге арналған онкогемато­ло­гия мен нейрохирургия бөлім­шелері ашылған. Сондай-ақ Шымқалада стационарлық қызмет көрсететін 15 мемле­кеттік және 25 жекеменшік аурухана бар.

Мегаполистің бас дәрігері Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, шаһарда қазір кейбір емханаларға үздік тәжірибе­­­­лер орталығының жобасы енгі­зі­ліп жатыр. Атап айтқан­да, биыл үздік практика орталы­ғы жобасына №6, 7, 3, 1 қалалық емханалар қатыстырылыпты. Осы жылдың 5 айының қоры­тындысы бойынша мегаполис­те жалпы өлім көрсеткіші 8 па­­йызға, нәресте өлімі 20,6 па­йыз­ға төмендеген. Ал жыл ба­сы­нан бері бірде-бір ана өлімі тір­­кел­мепті. Туберкулезден бо­ла­­тын өлім-жітім де 66 па­йыз­ға төмендесе, қан айналымы жү­йесі ауруларынан болатын қай­ғылы жағдай 6,5 пайызға азайған.

Халыққа сапалы, уақытылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтіпті. Ендігі жерде биыл тағы да 17 ме­дициналық ұйымды аккредиттеуден өткізу жұмыстары қол­ға алынады. Бұл бірінші кезек­те емханаларда жұмыс істей­тін медициналық қызметкерлер­дің біліктілігін анықтап, кәсі­би шеберлігін жоғарылату үшін ­керек. Өйткені денсаулық сақтау саласындағы сапа көр­сеткіші бірінші кезекте ма­мандардың біліктігіне байланысты екені белгілі. Сапа болған жерде әрдайым халықтың сенімі бірге жүреді. Ал бір қуанарлығы, бүгінгі таң­да адамдардың отандық меди­ци­наға сенімі артып келеді. Оның үстіне инвесторлар да са­ла­ның тиімділігіне көзі жеткен соң оған қаражат құйып ел ме­ди­цинасының дамуына үлес қо­суға ниет танытып отыр. Мәселен, өңірге белгілі «Саутс Ойл» компаниясы мегаполис­те заманауи ірі клиниканың құрылысын жүргізіп жатыр. Ал­дағы уақытта бұл клини­­ка озық технологиялармен ха­лық­қа медициналық көмек көр­сететін әрі іргелі оқу орнының студенттері оқу-өндірістік іс-тәжірибеден өтетін орталыққа айналмақ.

Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдың 6 айында қала тұр­­ғындарына жоға­ры тех­но­логиялық 186 медициналық қыз­мет көрсетіліпті. Жоғары­да аталған онкологиялық орта­лықтың ішінен ашылған ядро­лық медициналық бөлімде жо­ғары сәулелі сызықтық үдеткіш бойынша 333 науқас ем алса, позитронды-эмиссиондық то­мо­графияға, яғни ПЭТ/КТ кө­ме­гіне жүгінген 308 науқас диаг­ностикалық тексеруден өткен.

«Жалпы, өткен жылы қала­лық балалар клиникалық ауруха­насында 20 төсектік ин­­­тер­­венциялық кардиология жә­не ангиохирургия бөлімшесі ашыл­ды. Осы күнге дейін онда 450 бала емделді, 72 балаға жедел ем жүргізілді. Ендігі рет­те биыл қосымша жабдықтал­­­­ған кардиохирургиялық бөлім­шені ашу жоспарымызда бар. Бұған қоса биыл сәуірде нев­рологиялық және басқа да па­тологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылға­нын жақсы білесіздер. Онда бар­лығын қосқанда 162 балаға оңалту-қалпына келтіру емдік шара­лары көрсетілді», деді қала­лық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Н.Асылханов.

Балаларға медициналық кө­мектің қолжетімділігін жақ­сарту мақсатында қалалық кли­никалық балалар аурухана­сында 180 төсектік жаңа корпус ашылғанын да айта кеткен жөн. Өз кезегінде, балалар клиникасындағы төсек-орын саны 315-тен 495-ке де­йін ұлғайған. Аурухана базасында былтыр пайдалануға берілген ерекше балаларға арналған мамандандырыл­ған стоматологиялық кабинетте дәрігерлер церебральды сал ауруына шалдыққан және басқа да мүмкіндігі шектеулі балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен емдеп жатыр. Қазіргі таңда офтальмология бөлімшесін ашуға дайындық жұмыстары басталып кетті және ол үшін тиісті мамандар даярлану үстінде.

Денсаулық сақтау бас­қар­масының берген мәліметіне сәйкес, алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталық пен 800 төсектік көпбейінді ­аурухана бой көтермек. Атал­ған клиника жанынан 50 тө­сек­тік перинаталдық орталық пен 250 төсектік педиатриялық кластер қызмет көрсетеді. Былтырғы жылды қорытындылай айт­сақ, мегаполистің медицинасына жауапты мекеме 6 359 ма­манның біліктілігін арт­ты­рыпты. Оның 1 150-ін – жер­гілікті бюджет, 5 209-ын ве­домстволық бағынысты меди­цина мекемелері есебінен қамту жүзеге асқан. Бұған қоса биыл медицина қызметкерлерін алыс шетелдерде тәжірибесін шыңдап қайтуға басқарма тарапынан қолдау көрсетілмек.

Осынау жетістіктерді тіз­бек­тей келе жалпы мегаполис ме­ди­цинасының жеткен жетіс­тігі ауыз толтырып айтарлық­тай деуге толық негіз бар. Бұған тағы қоса кетер болсақ, 2022 жылы қалалық №1 емхананың балалар бөлімшесі ашылды, №2 Оңалту орталығына жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға беріл­ді. Ал осы жылы қалалық №5 емхана мен №1 клиникалық ауруха­на ғимараттарына күр­делі жөндеу жүргізіледі. Осы мақсатқа орай мемлекет қазы­насынан 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Сонымен бір­ге материалдық-техникалық ба­­заны жақсарту үшін 3,5 млрд теңгеге 151 дана медицина­­лық техника сатып алу көзделіп отыр.

Шымкенттің денсаулық сақ­­тау саласы өрлеп жатыр. Республиканың үшінші мега­полисі тек медицинасымен ға­на емес, фармацевтикасы­мен де елімізге танымал. Бүгінгі таңда Қазақстанда өндіріліп жатқан дәрі-дәрмектің басым бөлігі – осы қаланың үлесінде. Ағза ауыстыру, яғни трансплантология бойынша да үлкен тәжірибесі бар. Сондықтан ­ойы­мызды тү­йіндей айтсақ, Шымкенттің ке­­лешек­те на­ғыз медицина­лық туризм­нің ор­талығы бола­тынына еш­­қан­дай күмән қалмаса керек. Оған шаһардың медицинаны дамы­ту бағытындағы жеткен бүгін­гі жетістіктері куә.

 

ШЫМКЕНТ