Әскер • 13 Шілде, 2023

Элиталық қорғаныс құрылымы

348 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елорданың 25 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіліп жатқанда, тәуелсіздігіміз бен ты­ныштығымыздың күзетшісі – Қарулы күштердің құрамындағы элиталық әскери құрылымның да кезекті туған күні тойланды. Ол – 2000 жылдың 6 шілдесінде Президент Жарлығымен құрыл­ған Десанттық шабуылдаушы әскерлер.

Элиталық қорғаныс құрылымы

Алғашқыда десанттық шабуылдаушы бригадасының базасында элиталық әскерлер – Мобильді күштер ретінде пайда болған бұл құрылым кейіннен Аэроұтқыр әскерлер болып өзгертілсе, 2017 жылдан бері Десанттық шабуылдаушы әскерлер ретінде қайта құрыл­ды. Елдің барлық бағытындағы әске­ри топтарды күшейту, сондай-ақ оларға дербес­тік беру мақсатында өткен жылы желтоқ­сан айында Десанттық шабуылдаушы әс­керлер Құрлық әскерлерінің құ­ра­мынан шығарылып, Қазақ­стан Қару­лы күш­тері Бас штабы бастығының қол астына берілді.

сми

Десанттық шабуылдаушы әскерлер тарихының жарқын беттерінің бірі ретінде оның бітімгерлік қызметіне тоқтаған жөн. Атап айтқанда, 2003 жылдан 2008 жылға дейін 35-десанттық шабуылдаушы бригадасы бөлімшесінің базасында құрылған қазақстандық бітімгерлік батальонының инже­нерлік-саперлік жасағы Ирак халқына елді қалпына кел­тіруге, тұрақтылық пен қа­уіп­­сіздікті қамтамасыз етуге кө­мек көрсетті. 2018 жылы БҰҰ қол­дауымен біздің десант­шы­лар Ливан Республикасына бітім­гер­лік миссиясын орындауға бірінші болып аттанды. Қазақ бітім­герлері бүгінде Ливан-Израиль шекарасындағы Үнді батальонының құрамында қыз­мет атқарады.

Десанттық шабуылдаушы әскерлер – жоғары мобильді және заманауи техникамен жарақ­талған жауынгерлер тобы, Жо­ғар­ғы Бас қолбасшының резерві, жауынгерлік тапсырмаларды жау тылында да орындауға қа­бі­летті негізгі күш. Қазіргі уа­қытта әскерлердің жауынгерлік дайындық жүйесіндегі кейбір тәсілдер қайта қарастырылып жатыр. Дүниенің әр бұрышында тұтанған қарулы қақтығыстарға талдау жасай отырып, әскерлерді қолданудың тиімді формаларына, әдістеріне және тактикасына жаңа элементтер енгізілу үстінде. Десантшы жауынгерлердің да­йын­дығы мен шеберлігінің дең­гейі оқу-жаттығулар барысында сыналып, тиісті қорытынды жасалып отырады

Әр жылдары еліміздің Де­сант­тық шабуылдаушы әс­кер­лерінің қалыптасуы мен дамуына генерал-майор Уәли Еламанов, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, генерал-майор­лар Әділбек Алдабергенов, Дәулет Оспанов, Қайдар Қара­құлов, Қаныш Әбубәкіров, Мереке Көшекбаев сынды қол­­бас­­шылар зор үлес қосты. Қа­зір Десанттық шабуылдаушы әскерлердің қолбасшысы – генерал-майор Алмаз Жұмакеев.

Елордамыздағы 68665 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Талғат Жолдыбайұлының айтуынша, бұл әскери құрылымға жауынгерлерді алу барысында бірқатар жоғары талап қойылады. Мәселен, олар­дың денсаулықтарының жа­рам­дылығы А санатына жату­ға тиіс. Бойлары 170 см-ден кем болмауы керек. Спорт­тық да­йындығы болғаны абзал. Десанттық шабуылдаушы әскер­лерде қызмет ету қашан да беделді болған және солай болып қала бермек. Сондықтан мұнда іріктеу өте мұқият жүр­гізіледі. Бүгінде мерзімді қыз­ме­тін өткеріп жүргендердің көбі спорттық дәрежелері бар және пси­хологиялық тұрғыдан мықты азаматтар.