Ертіс ауданында жалпы білім беретін 25 мектеп бар болса, соның жартысынан көбі туристік саяхатқа белсене қатысты. Бірлік негізгі мектебінің ұжымы слетке барған барша қатысушыны құшақ жая қарсы алып, нағыз қазақы мінез танытып, қонақжайлылық көрсетті. Одан әрі балалар мен ұстаздарды еліміздің киелі жерлерінің қатарына кіретін Түгел батыр зиратына апарып, бабалар рухына тағзым жасалды. Бірлік мектебінің мұғалімі Динара Өмірбекова балаларға Түгел батырдың өмір тарихынан сыр шертті. ХVІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған сардардың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен тараған. Батырдың тоғыз әйелінен тараған 16 ұлдың ұрпақтары аталған өңірлерде тұрады. Ертіс ауданының жерінде Қорғанкөл, Найза, Бөгенбай, Қарамола, Жазы төбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақ көлі, Жалаулы деген атаулар бар. Осы атаулардың бәрі де – жергілікті халықтың басқыншылармен болған соғыс тарихының куәсі.
Одан әрі көңілді күн өз жалғасын тауып, ұлдар балық аулау жарысына белсене кіріссе, қыздар далада ас пісіріп, от жағу сайыстарында бақ сынады. Сонымен қатар дала жағдайында алғашқы дәрігерлік көмекті көрсету бойынша оқушылар сынға түсті. Нағыз туристік ойындардың бірі – «Арқанға өрмелеу». Дәл осы ойында балалар өздерінің қаншалықты төзімді әрі епті екенін, саламатты өмір салтын ұстанып, үнемі спортпен шұғылданып жүргенін дәлелдеді.
Жеңімпаз оқушылар мен қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен тәттілер берілді. Слетке Ертіс аудандық мәслихатының депутаты, Бірлік ауылының тұрғыны Сағымбай Уабов демеушілік жасағанын айта кетейік.
Қосымша білім беру педагогтері мен оқушылар осы күні бір серпіліп, табиғатпен етене араласып, ерекше көңілді болды. Жайдарлы жазды ертістік өрендер осылай қызықты өткізіп жатыр.
Нарқұлан РАЙХАНҰЛЫ,
қосымша білім беру педагогі
Павлодар облысы,
Ертіс ауданы