Егер ЖКО-ға екі көлік қана қатысса, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмесе, үшінші тұлғалардың мүлкі зардап шекпесе, Еурохаттама қолданылады. ЖКО-ға қатысушыларда қолданыстағы міндетті автосақтандыру полисі болуға тиіс. Тараптар кімнің кінәлі, ЖКО салдарынан кімнің зардап шеккені туралы келісімге келуге, залал сомасы белгіленген лимит (100 АЕК) шегінде болатынын келісуге тиіс.
Осы жылғы үшінші тоқсанда сақтандыру нарығына қатысушылар мобильді қосымшаны тест нұсқасында пайдалана бастайды. Төртінші тоқсанда қосымшаны қанатқақты режімде сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Мобильді қосымша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Еурохаттама үдерісті едәуір жеңілдетіп, сақтандыру төлемдерін алу мерзімін қысқартады, сонымен қатар жолдағы кептеліс санын азайтады.
Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылдың басынан бастап күшіне енетін міндетті автосақтандыру бойынша тарифтерді есептеудің жаңа тәсілдері бойынша өз жоспарын ұсынбақ. Соның аясында автокөлік иелері үшін сақтандырудың барабар және әділ құны анықталмақ. Автосақтандыру құнын есептеу үшін агенттік жыл сайын сақтандыру статистикасының Бірыңғай сақтандыру дерекқорында жиналған деректер негізінде нақты өңірлердегі көлік құралдарын тіркеу шығындылығын ескере отырып, автосақтандыру құнын есептеу үшін түзету коэффициентін бекітеді.
Икемді тарифтер жүйесін енгізуге дайындық жұмысы биыл жыл соңына дейін жүргізілмек.
Келер жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақысы жаңа тарифтермен есептеледі.