Алқалы отырыста сөз алған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Азиядағы саяси және экономикалық тетіктерді талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасуға ниетті сарапшыларға алғысын білдірді. Сонымен қатар ведомство басшысы форум қатысушыларына арналған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Форумды өткізу идеясы жетекші халықаралық талдау орталықтарының зиялылары, сарапшылары, академиктерінің үлкен қызығушылығын тудырғаны қуантады. Қазіргі күрделі жаһандық жағдайда сарапшылар қауымдастығымен тікелей және ашық диалог шұғыл қажеттілікке айналып отыр. Бүгінде әлем бұрын-соңды кездеспеген қиындықтарға тап келді. Біз халықаралық қатынастар жүйесі негіздерінің қауіпті эрозиясының өсіп келе жатқан геостратегиялық шиеленістің және жаһандық экономикалық белгісіздіктің куәсі болып отырмыз. Сенімсіздік, идеологиялық және ақпараттық соғыстар секілді жағымсыз үрдістердің ерекше алаңдаушылығын тудырады. Сондықтан күш-жігерімізді қауіпсіз, әділ әлем құрудың сындарлы идеялары мен тиімді тәсілдерін табуға бағыттау маңызды. Осы ретте саясаттанушылар, экономистер, беделді сараптама орталықтар мен ғылыми зерттеу институттары бұл үдерісте шешуші рөл атқарады. Менің ойымша, қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумы еліміздің тұрақтылығын, ынтымақтастығын және орнықты дамуын нығайту мақсатында өңірлердің зияткерлік капиталын шоғырландыруға өз үлесін қосады», делінген Мұрат Нұртілеу оқып берген Президенттің хатында.
Жоғары білікті мамандар мен сарапшылар өз елдерінің ахуалын, агенттіктерінің халықаралық ұстанымдарын нығайтуға, өзара іс-қимыл мен шығармашылық әріптестікті дамытуға елеулі үлес қоса алады. Бұл аймақтың қазіргі жағдайда әлемдегі миссиясын ұғуға, қауіпсіздіктің жалпы ішкі мүдделерін және тұрақты үдеріске жету жолында жан-жақты ынтымақтастыққа ұмтылуда жол бастайды. Осы ретте Сыртқы істер министрі сөз арасында Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торапқа айналдыру ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
– Қазір бетпе-бет келіп отырған мәселелер белгілі бір деңгейде қауіп төндіруі мүмкін. Осыларды ескере отырып, Қазақстан көпвекторлы, сындарлы саясатты жалғастырып келеді. Сондай-ақ біз Біріккен ұлттар ұйымының Жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаларды берік ұстанамыз. Бұған қоса, Азияның экономикалық және саяси тұрғыдан шешуші рөл атқаратыны белгілі. Қазақстан өз тарапынан Азияның ұзақмерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды үнемі көтеріп отырады. Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торапқа айналдыруға ұмтылады. Біз солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы трансқұрлықтық көлік дәлізін, соның ішінде Транскаспий көлік маршрутын дамытуды қолдаймыз және жалғастырамыз, – деді Мұрат Нұртілеу.
Сондай-ақ ол Қазақстан тапшылық мәселесін шешу үшін өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынғанын айтты.
– Мен Орталық Азияның болашақ дамуы үшін мұқият назар аударуды қажет ететін бірнеше нақты мәселені атап өткім келеді. Олар: су тапшылығы, қоршаған орта, шекара дауы және Ауғанстандағы жағдай. Халықтың өсуі мен су ресурстарының жетіспеуі кезінде су ресурстарын әділ және ұтымды бөлу басты мәселеге айналды. Осы себепті Қазақстан өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады. Айта кетейік, біздің еліміз 1990-жылдардың басында Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірге құрған Халықаралық Аралды құтқару қорлары арқылы Аралды қалпына келтірумен айналысып келеді. Қазақстан трансшекаралық өзендерге қатысты өзекті мәселелерді шешу бойынша Ресей, Қытай, Ауғанстан сияқты мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды қамтиды. Ауғанстан халықаралық қолдауды қажет етеді. Аталған елде бейбітшілік орнату Орталық Азияға ғана емес, сонымен қатар жалпы Азия мен Еуропадағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Осы мақсатта Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанды тұрақты дамыту жөніндегі БҰҰ хабын құруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Сыртқы істер министрі.
Іс-шара – Мюнхен қауіпсіздік конференциясы, IISS-Shangri La Dialogue, Raisina Dialogue, Примаков оқулары және Астана Халықаралық форумы сияқты жыл сайынғы алаңдардың жаһандық экожүйесінің бөлігі. Форум – әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының көрнекті ойшылдары мен саясаттанушыларының диалогы мен өзара іс-қимылының жаңа форматтарын көрсетті. Өйткені панельдік сессияларға «Азияның жаһандық қауіпсіздігі: болашақ мүмкіндіктері», «Еуразияның жаңа континенттік өзара байланыстылығы: орта дәліз және интеграция диалогы», «Инновациялар мен «ақыл-ой» үшін жаһандық бәсекелестік: жаңа технологиялар, жасанды интеллект және адами капитал» сынды өзекті тақырыптар арқау болды. Отырыста сөз сөйлеген БҰҰ өкілі «Жусан» арнайы операциясы әлем елдеріне үлгі екенін айтты.
– Қазақстан әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып шетелдердегі шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын шығарған мемлекет. «Жусан» арнайы операциясын ұйымдастырып, Сириядан қазақстандықтарды алып шыққанын әлем елдері біледі. Қазақстанның бұл бастамасы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын шығармаған өзге шет мемлекеттер үшін үлгі, мол тәжірибе. Қазір терроризмнен төнетін қауіпке жеке емес, тек елдердің бірлескен күш-жігері арқасында төтеп бере аламыз. Бұл бағытта БҰҰ өз жұмысын жалғастырып, Орталық Азия елдерімен серіктестікте болады, – деді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман.
Бұған қоса Үндістанның Қазақстандағы экс-елшісі, Нью-Делидегі Жаһандық зерттеулер институтының президенті Ашок Саджанхар Азияда экономикалық өркендеу басталады деп отыр.
– Біз бүгінде «Ежелгі Азия» тұжырымдамасына оралып жатырмыз. Бұл уақытқа дейін экономикалық өсім батыс елдерінде болды. Енді экономикалық өркендеу Азияда жүреді. Себебі әлемнің жетекші мемлекеттері осында орналасқан. Басты мәселе Азиядағы елдердің осы мүмкіндікті қаншалықты пайдалануына байланысты. Бұл ретте Қазақстан маңызды рөл атқарады. Сіздердің елдеріңіздің маңызды орталықта орналасуы, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсуі сияқты факторларын ұтымды қолдануға болады. Сонымен қатар Қазақстан әрқашан ашық, еркін диалогқа дайын, – деді үндістандық дипломат.
Ал Президент жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина Азиядағы басты қауіп-қатерлерді тізбектеді.
– Сирия мәселесі, босқындардың ағылуы Азиядағы мемлекеттердің күн тәртібіне үлкен өзгеріс енгізеді. Инновациялық, технологиялық кедергілер бар. Оларды шешу үшін Азиядағы мемлекеттер әртүрлі бастама жасап жатыр. Қазір инновациялық, технологиялық жағынан әлем Азияға ауысып келе жатыр. Әлемдегі адам капиталы, одан бөлек, медицина, білім салалары үлкен өзгеріске ұшырайды. Ең бірінші мәселе – су қауіпсіздігі, су ресурстарын пайдалану. Бүгінде табиғи апаттардың салдарынан болып жатқан қатерлердің ішінде ең өзектісі табиғи ресурстар, оның ішінде су ресурстары, екіншісі инфрақұрылым. Яғни орта дәлізді пайдалану, тауар жеткізу, транзит, өзара сауда-саттықты орнату – Орталық Азиядағы өзекті мәселелер, – деді сарапшы.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Орталық Азиядағы су тапшылығынан туындайтын салдарға тоқталды. Оны түсіндіру ол үшін таяуда екі ел арасында болған оқиғаны мысалға келтірді.
– Су көлемі азайып барады. Жақында ғана Президент әкімдіктің жұмысын сынға алды. Егер елорданың халық саны 2 миллионға жетсе, онда біз су, электр қуатын қайдан аламыз? Мұның барлығы абстрактылы сұрақ емес. Климаттың өзгеруі де күн тәртібімізде тұрған маңызды мәселе. Жақында су үшін Ауғанстан мен Иран арасында шиеленіс болды. Енді Тәжікстанмен Әмудария бойынша дәл осындай қақтығыс болмайтынына кепілдік қайда? Әмудария Қазақстан арқылы өтпейді, бірақ ол Арал теңізіне құяды ғой. Бұл тікелей Қызылорда облысына қатысты, – деді Е.Тұқымов.
Айта кетейік, спикерлер қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала, Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтының вице-президенті Нарушиге Мичишита, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран СІМ Саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті Мухаммад Хасан Шейх Әл Ислами, Қатардағы Джорджтаун университетінің мемлекеттік саясат профессоры, Араб зерттеулер және саяси зерттеулер орталығының ирандық зерттеулер бөлімінің бастығы Мехран Камрава секілді сарапшылар бар.