Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң – бармақ басты, көз қысты әрекетпен жекенің қолына өткен зауыт, фабрика, басқа да ғимараттарды мемлекет меншігіне қайтара отырып, еліміздегі әлеуметтік және тарихи әділеттілікті қалыптастыратын басты тетік.
Елімізде түйіні тарқамаған түйткілді экономикалық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық көптеген проблема бар. Оларды шешуге қаржылық ресурс тапшы. Міне, осы ретте шетелге заңсыз шығарылған, жемқорлық жолмен иемденілген капиталдың барлығын мемлекетке қайтару қажет. Бұл – ата-баба мен ұрпақ алдындағы үлкен парызымыз. Демек, мұны өзіміздің халық алдындағы қарызымызды қайтарып жатырмыз деп есептеу керек. Яғни әділеттілікті қалыптастырудағы өте маңызды заң.
Бұл заң қолды болып кеткен активтерді қайтарудың негізгі тетіктерін қалыптастырады. Егер заңның ішкі механизмдеріне үңілсек, қоғам, мемлекет, құзырлы органдар еліміздегі 162 немесе одан да көп азаматтың капиталын іздестіреді. Капиталдың көпшілігі заңсыз аударылған деген күдік болса, міндетті түрде комиссия тексеріп, мемлекеттік құқық қорғау органдары оны қайтару мәселесімен айналысады. Оған қоғамдық бақылау жүргізіледі.
Қазір қоғамдық бақылау – сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудегі протекцияның басты тоқтатушы күші. Менің ойымша, осы қоғамдық бақылауда жұмылдырылатын прокуратураға, қоғамдық комиссияға мемлекетшіл, елшіл, халықшыл азаматтарды кірістіретін болса, онда ешкім заңсыз әрекеттерге бармайды. Сондықтан құрылатын мемлекеттік комиссия мүшелері ретінде қағидатшыл қоғам өкілдерін, Парламент депутаттарын енгізетін болсақ, жұмыс оң бағытта жүреді. Заңсыз капиталды қайтару – еліміздегі жүргізіліп жатқан реформаларға деген сенімді қалыптастыратын басты фактордың бірі. Шешім қабылдайтын азаматтардың өздері де бұл жауапкершілікті түсінеді деген сенімдеміз.
Ерлан САИРОВ,
Мәжіліс депутаты