Энергетика • 17 Шілде, 2023

Электр қуатының тапшылығы

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде электр тапшылығы мәселесі ай өткен сайын өзекті болып бара жатыр. Былтыр 8 ай (қаңтар, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қараша, желтоқсан) бойы тапшылық айқын байқалған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндіру 112,86 млрд кВт сағатты құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ға аз.

Электр қуатының тапшылығы

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

Биыл 1 ақпанда Энергетика ми­нистрлігі алқасының ке­ңей­тіл­ген отырысында Премьер-министрдің бірінші орын­басары Роман Скляр соңғы екі жылда Қазақстанда, әсі­ресе ең жоғары жүктеме са­ғат­тарында электр қуатының тапшылығы өткір тұрғанын айтты.

Республика тапшылықты біршама жоғары бағамен Ре­сей­ден алған энергиямен жабуға мәжбүр. Тапшылық тәулігіне 1200 МВт-қа жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуы, құрылғылардың тозуы және энергетикалық инфра­құ­ры­лым апаттылығының жоғары болуымен байланыс­тырады.

Салалық министрлік энергия тұтынудың орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында елімізде пайдаланылатын электр энер­гия­сының көлемі жыл сайын орта есеппен 3%-ға артады екен. Өндіріс те өседі, бірақ бірдей қарқынмен емес.

Алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейі 2023-2025 және 2028 жылдары сальдо теріс болатынын көрсетеді. Жыл сайын 1,3-1,6 млрд кВт сағат жетпейді. Ал 2029 жылы тапшылық шегіне жетіп, 5,5 кВт сағат болмақ.

Жалпы, жеті жылда елімізде электр энергиясын тұтыну 20,5%-ға, 121,1 млрд-тан 146 млрд кВт сағатқа дейін артады. Ал өндіріс бұл қарқындарға төтеп бере алмайды: 2023 жылмен салыстырғанда 2029 жылы өндіріс тек 17,6%-ға көбеймек.

Өңірлер бойынша тұтыну біркелкі болмайды. Оңтүстік электр энергиясы ең тапшы өңір болып қалса, оны қамтамасыз ету субсидияланады. Оңтүстік өңірлер мен еліміздің екі мегаполисіндегі электр энергиясын өндіру мен пайдалану арасындағы айырмашылық бүкіл жетіжылдықта ең үлкен – 11,8-12,7 млрд кВт сағат шегінде сақталады.

Ranking мәліметі бойынша батыс және солтүстік өңірлер бұл кезеңде профицитті көрсетеді. Айырмашылығы – батыста ол айтарлықтай аз болады, әр жылдары 1 млрд-тан 3 млрд кВт са­ғатқа дейін, ал еліміздің солтүстігі мен шығысында электр энергиясы жыл сайын 8-10 млрд кВт сағат артық қалады ­деп болжанып отыр. Жалғыз ерекшелік ­2029 жылы болады, ол кезде профицит ­екі есе азаяды. Солтүстік барлық арты­ғын оңтүстікке береді.

«Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған құжатта жұмыс істеп тұрған стансаларда электр қуатын өнді­ру жыл өткен сайын біртіндеп азайып отыр делінген. Бұл істен шыққан негізгі қорлардың жұмыстан шығуымен де, өндіруші қуаттарды оңтайландырумен де, «таза» энергия курсын ұстану қа­жеттілігімен де байланысты. Жалпы, Қазақстанда проблеманы шешуге және электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруға арналған энергетика саласындағы жобалар қазірдің өзінде белсенді түрде жүзеге асырылып отыр», делінген Ranking шолуында.

Қазір көрші елдер де осындай проб­лемаларды бастан кешіріп жатыр. Мәселен, Қырғызстанда биылғы қыста ауа райының салқын болуы себепті ел билігі тұтынуды азайту үшін электр қуатын өшіре бастады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ауа райының суытуына байланыс­ты жүктемесі артқан, тозығы жеткен жаб­дықты сақтау үшін қажет. Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, елде өндіріске қажетті қуат жоқ.

Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас: елде күн сайын бірнеше сағатқа электр қуаты үзіледі. Өзбекстан премьер-министрінің орын­басары, энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов
7 жел­­­­тоқ­санда «Газета.uz» басылымы­на­ берген сұхбатында электр қуатын өшіруді қиын кезеңде қажетті шара деп атады. Оның айтуынша, суық ауа ра­йында электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай артуы табиғи газ бен электр энергиясының қалыптасқан тапшылығына әкелді. Осыған байланысты билік белгілі бір шектеулер енгізуге мәжбүр. Өйткені мемлекеттің басымдығы халықты және әлеуметтік нысандарды энергия ресурстарымен қамтамасыз ету болып саналады.

Осылайша, энергетикалық жүйені кеңейту, дамыту және жаңарту Қазақстан үшін де, Орталық Азияның көршілес елдері үшін де қажетті шара болып отыр.