Қазылар алқасы 12 жастағы Шерханға конкурстың екі күнінде де жоғары баға (70 балл) берген. Осылайша, жас талант жалпы саны 140 балл жинап, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Ал екінші орынды жергілікті жас өнерпаз София Рустамова (136 ұпай) алса, үшінші орынды армениялық Анаит Галстян (133 ұпай) иеленді. Конкурсқа 8-14 жас аралығындағы барлығы 18 елдің жас орындаушылары қатысты.
Байқаудың алғашқы күнінде Шерхан Арыстан Андреа Бочелли, Дэвид Фостер мен Эми Фостердің Ama, Credi e vai («Сүй, сен және қадам жаса») композициясын орындады. Айта кетейік, Алматы облысының тумасы бұған дейін де бірнеше халықаралық байқаудың лауреаты атанған.
Сондай-ақ халықаралық фестивальдің эстрадалық ән орындаушылар байқауында бақ сынаған Құралай Мейрамбек те жүлделі болды. Екі күндік байқау нәтижесінде армениялық өнерпаз Маша Мнджоян бас жүлде алса, бірінші орын беларусь Самир Елчиевке берілді. Екінші орынды ресейлік Елизавета Слышкина мен италиялық Agape бөлісті. Үшінші орынды Құралай Мейрамбек пен өзбекстандық Малика Хакимова иеленген.
Өнер додасында Құралай беларусь халқының «Рэчанька» әнін шырқап, 70 ұпайдың 69-ын жинаған еді. Байқаудың екінші күні «Әлемдік хит» сайысында «Frozen 2» анимациялық фильміндегі «Into the unknown» саундтрегін орындап, 63 ұпай алды.
Айта кетейік, ересектер байқауына әлемнің 30 елінен үміткер қатысады. Қазақ орындаушылар бұған дейін аталған доданың бірнеше мәрте жеңімпазы атанған еді. Димаш Құдайберген (2015 жыл) мен Рухия Байдүкенова (2021 жыл) Гран-при жеңіп алса, әр жылдары Маржан Арапбаева, Әлішер Кәрімов, Мархаба Сәби және басқа да өнерпаздар жоғары марапатқа қол жеткізді.