Осынау іргелі оқу ордасын бітірген біршама үздік түлектер өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің қолынан диплом алды. Олардың қатарында өнер мен білім саласында, спортта ауыз толтырып айтарлықтай табысқа қол жеткізген мықтылар да бар.
Университетті үздік аяқтағандарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек онлайн режімде құттықтап, ақ жол тіледі. Бұл күні оқу ордасын үздік бітірген екі жүзден астам түлек салтанатты жағдайда диплом алды.
Іс-шара барысында сөз алған М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов оқу ордасы сан саланы меңгерген төрт мыңнан астам маманды еңбек нарығына қосқалы отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол өз сөзінде оқу орны кадр даярлауда халықаралық байланыстарды нығайтып отырғанын, «қос дипломды» білім беру бағдарламасының шеңберінде Д.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС-мен бірлескен ТМД елдері бойынша алғашқы желілік кампус жақын күндері іске қосылатынын атап өтті.