Қоғам • 18 Шілде, 2023

Балаларға арналған төлем картасы

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл санап онлайн есеп айырысу үрдіске еніп келеді. Екінші деңгейлі банктердің төлем карталары мен цифрлық қызметтері өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ересектерді былай қойғанда, балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдер нарығына батыл қадам жасап, жалпы цифрлық қаржылық қызметтерді белсенді игеріп жатыр. Соңғы жылдары 6-18 жас аралығындағы балалар ата-анасының төлем картасына байланған банк карталарын белсенді аштыра бастады. Мұндай карталар балаларға ата-аналарының бақылауымен қолма-қол ақшасыз шағын сатып алулар жасауға мүмкіндік береді.

Балаларға арналған төлем картасы

Қазір Қазақстанда кем дегенде 7 банк балалардың төлем карталарын ұсынады: Jusan Bank, Halyk Bank, Kaspi.kz, ForteBank, Bank RBK, Altyn Bank және «Банк ЦентрКредит».

Мамандардың айтуынша, баланы банк картасымен ерте бас­тан таныстырған дұрыс. Бұл бала­ның өмірде кездесетін қаржы­лық қызметтер әлеміне алғашқы қадамы болмақ. Дүкенде төлем жасау үшін тапқан ақшаның бір бөлігін балалар картасына аударып қоюға болады. Сондай-ақ карта болса, балалар банкте депозит ашып, жинақтарын көбейтіп, шоттағы ақшаның қалай көбейіп жатқанын көріп отырады. Бұл – қаржылық сауаттың әліппесі.

«Балалардың төлем карта­ла­ры ақшамен жұмыс істеу дағ­дыларын дамытуға, қаражатын бас­қаруда өз бетінше шешім қа­былдап, жауапкершілік алуына көмектеседі. Бұл өз кезегінде қар­жылық сауатты арттырады», дейді Ranking сарапшылары.

«Балалар үшін банк картасы – ересек адамның атрибуты. Карталарды 6 жастан 14 жас­қа дейінгі жас отандастарымыз үшін ата-анасының негізгі картасына қосымша карта түрінде, ал 14 жастан бастап ата-анасының келісімімен негізгі карта түрінде алуына болады», деп түсіндіреді Ranking.

Балалар үшін Jusan Bank-те – Jusan Family, Halyk Bank-те – Halyk Easy, Kaspi.kz-те – балаларға арналған Kaspi Gold, ForteBank-те – Forte балалар картасы, Bank RBK-да – RBK мини-банк картасы, Altyn Bank-те – Altyn-i балалар картасы, «Банк ЦентрКредитте» – Junior балалар картасы қолжетімді. 

Балаларға арналған банк кар­таларының негізгі артық­шы­лық­тары мыналар:

Тәжірибе көрсеткендей, балалар әдетте қалтасындағы қолма-қол ақшаға қарағанда картаны сирек жоғалтады;

Егер карта жоғалса, оны тез блоктауға (осылайша шоттағы ақшаны сақтап қаласыз), содан кейін қайта шығаруға болады. Ал жоғалған қолма-қол ақшаны қайтару қиын;

Картамен төлеген жағдайда қайтарым ақшаны қате есептеп қою қаупі жоқ;

Қажет болған жағдайда, ата-ана бала қайда болса да, картаға ақшаны жылдам аудара алады. Мұны мобилді қосымша, онлайн-банкинг, банкомат немесе банк бөлімшесі арқылы жасау мүмкіндігі бар;

Бала өз шығындарын бас­қаруды үйренеді;

Картадағы суреттер жарқын және әдемі (мысалы, мультфильм кейіпкерлері бейнеленген);

Банктің кейбір серіктес дү­кендері балаларға арналған та­уарлар мен қызметтерге арнал­­ған түрлі акциялар, сондай-ақ кеш­бэк ұсынады;

Ата-аналар картаның барлық операциясын SMS немесе push-хабарландырулар немесе банктің мобилді қосымшасы арқылы бақылай алады;

Ата-аналар банкоматтан ақша алуға, қолма-қол ақшасыз төлемдерге және онлайн сатып алуға лимит пен басқа да шектеу қоя алады. Балалар онлайн сауда жасамақ болған сайын транзакцияны растау коды бар хабарлама келеді

Ата-аналар картадан қолма-қол ақша алуға және басқа кар­таға немесе шотқа ақша аударуға ­ты­йым сала алады.

2023 жылдың мамыр айының басында елімізде айналымдағы төлем картасының саны шамамен 69 млн-ға жетіп, бір жылда бірден 17,6 пайызға көбейіпті.

Қазіргі уақытта елімізде бір тұрғынға 3,5 картадан келеді. Небәрі 5 жылдың ішінде айна­лымдағы карталар саны 3,4 есе, ал он жылда 5 еседен астам өсті. Мұндай деректер бізде және бүкіл әлемде төлем карталары сек­торының дамуын және қол­ма-қол ақшасыз төлемдерге сұ­ра­ныстың жоғары екенін көрсетеді.