Қоғам • 19 Шілде, 2023

Үлгілі елді мекендерге техника табысталды

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылордада өткен жылы қаланы абаттандыру, елді мекендерді дамыту, ауыл тұрғындарына жайлы орта жасау бағытындағы «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсы жарияланған еді. Тұңғыш өтетін конкурстың талаптары кеңінен таныстырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталды. Үздіктерді азаматтық қоғам өкілдерінен, депутаттардан, журналистер мен экобелсенділерден құрылған тәуелсіз сарапшылық комиссия анықтап, шешім қабылдады. Жуырда қала орталығындағы «Достық үйінде» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев байқау жеңімпаздарын марапаттады.

Үлгілі елді мекендерге техника табысталды

Тіршілігін түзетіп, айналасына үлгі болуға талпынған ауылдарды марапаттап, мерейін өсіру бұрын да бар дәстүр еді. Ал былтыр бастау алған мына конкурстың көздегені – ауылдар мен қаланы қатар дамыту. Салтанатты рәсімде аймақ басшысы осыны баса айтты.

– Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Тазалық пен ұқыптылық күнделікті өмір салтымызға айналуы қажет. Қалалар мен ауылдар­дың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы ең алдымен басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қо­ғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзқараспен қарауы тиіс», ­деген болатын. Қазақылықтың қайма­ғы бұзылмаған, ұлттық дәстүрдің алтын қазығы саналатын сырбойылық­тар бұл бастаманы негізгі қағида ете­тіні сөзсіз. Президенттің «Қазақстан Рес­публикасының ауыл­дық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығы аясында Үкімет пен әкімдіктер алдағы бес жылдықта ауыл-
­­ды дамытуға күш салуда. Әрбір елді меке-
­­нінде ауқымды шаралар үздіксіз ұйым-­­
дастырылып келеді, – деді облыс әкімі.

Аталған тұжырымдама аясында был­тыр өңірге 9,9 млрд осы жылы 17 млрд 100 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қар­жы елді мекендердің инженерлік-инфра­құрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталады.

Жиында аймақ басшысы «Үздік елді мекен» конкурсын дәстүрлі түрде жыл са­йын өткізу жоспарланғанын атап өтті. Айналасына бірлік арқылы туған топы­рақты түлетуге болатынын көрсеткен же­ңімпаздарға күнделікті тұрмысқа ең қажетті, заманауи техникалар табысталады. Абаттандыруда алдан көрінген қаладағы шағын аудандарда көше, аулаларды жарықтандыру, балалар және спорттық ойын алаңдарын, гүлбақ салу сынды жобалар облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

– Күзде «Үлгілі елді мекен» конкур­сы қаланың шағын аудандары, аудан орта­лықтары мен ауылдар арасында қайта жал­ғасады. Қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 523 млн теңге қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары басталды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Әлеуметтік жауапкершілікті сезінген аймақ кәсіпкерлері де ел экономикасын дамытуға қомақты үлес қосып отыр. Жергілікті іскерлер мен қазір елі­міз­дің әр түкпірінде жүрген меценаттар «Ту­ған жерді бірге түлетейік!» бастама­сын қолдады. Осылайша, қазір өңірде демеушілікпен барлығы 30 млрд 100 млн теңгенің жобалары жүзеге асуда. Оның ішінде елді мекендер мен қаланы көркейтуге басымдық берілген. Демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үй­дің қасбеті заманауи панельдермен қап­талуда. Тағы 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына спорт алаңдары салынып, тротуарлар мен жарық бағаналары жаңартылып жатыр.

Облыс тұрғындары атынан іскер аза­маттарға алғыс айтқан облыс әкімі тағы бір ерекше бастаманы атап өтті.

Қазіргі талап, қала мен ауыл тұрғын­дарына бірдей жағдай жасау, орталық пен шалғайдағы елді мекендер арасындағы айырмашылықты азайту. Алдағы уақыт­та аудан орталықтарындағы тұрғындар тілегі бойынша музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары сынды бірқатар мекеме біріктіріліп, оларға заманауи бір ғимарат салу ойластырылып отыр.

Аймақта алғаш рет өткізіліп отыр­­ған «Үлгілі елді мекен» облыстық кон­кур­сындағы «Үлгілі ауыл» аталымы бойынша үшінші орыннан Арал ауда­ны Аманөткел ауылы көрініп, елді мекенге әмбебап тиегіш трактор табыс­талды. Екінші орын жеңімпазы Жал­ағаш ауданындағы Таң ауылына жер қазатын трактор тіркемесімен берілді. Ал жеңімпаз – Сырдария ауданындағы ­Нағи Ілиясов ауылына жер қазатын трак­­тор мен жүк тасымалдайтын КамАЗ кө­лігі табысталды.

«Үлгілі аудан орталығы» аталы­мын­да үшінші орыннан көрінген Қазалы ауданындағы Әйтеке би кентіне ассенизатор көлігі мен жол тазалайтын трактор берілді. Ал екінші орынға ие бол­ған Шиелі кенті қалдық тасымалдайтын КамАЗ көлігін, жол тазалайтын трактор және ассенизатор көлігіне қол жеткізді. Бірінші орын алған Жаңақорған кентіне қалдық тасымалдайтын КамАЗ, арнайы жол тазалайтын көлік, ассенизатор мен кран манипуляторы табысталды.

«Қызылорда қаласының үлгілі шағын ауданы» номинациясы бойынша үшінші орын жеңімпазы болған Бәйтерек-Шұғы­ла шағын ауданына «Сквер құрылысы» жобасы сыйға тартылды. Екінші орын жеңім­пазы Сырдария шағын ауданына «Балалар және спорттық ойын алаң­да­ры құрылысы» жобасы тапсырылды. Бі­рінші орын жеңімпазы Арай-2 ша­ғын ауданы «Сквер, спорттық ойын алаң­да­ры құрылысы және көше-аулаларды жа­рықтандыру» жобасын алды. Бұл жоба­лар облыстық бюджет есебінен салынады. Облыстық конкурсқа қатысып, көр­кейту-көгалдандыру шараларына үлес қос­қан бірқатар азаматтар да марапатталды.