Заң • 19 Шілде, 2023

Әділдікке сенім

143 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Қ.Тоқаевтың сот жүйесін реформалауға қатысты биылғы №216 Жарлығы қара қылды қақ жарып, әділдігімен жылдар бойы ел есінде сақталатын құжаттардың бірі болды. Ол уақыт талабына сай халықаралық деңгейде білім мен білікті көрсете отырып, кәсіби тұрғыда жұмыс істеуге жол ашты.

Әділдікке сенім

Президент Жарлығымен енгізілген өзгерістер турашылдыққа ұмтылған су­дьялардың ойын дәл басып отыр. Бүкіл­әлемдік сот өндірісінен оқып, тоқып түйгеніңді ел игілігі үшін оң қырынан пайдалануға мүмкіндік ашылғандай. Мемлекеттік саясатқа сай әрі бай да бақуатты менталитетіміз негізінде сот жүйесін халықаралық деңгейге көтеріп, дамытуға әр судья құдды қарлығаш­тың қанатымен су сепкендей септігімізді тигізе алсақ, нұр үстіне нұр! Бұл мүм­кіндік бабаларымыздың «ақырын жү­ріп анық басатын» даналығын, шығыс халқының «үлкен жол кішкентай қа­дам­нан басталады», деген тәлімін ой елегінен өткізетін өміршең идеяларды тудырады. Батылдығымен hәм әді­­леттілігімен халықтың да, кәсіби дең­гейі биік судьялардың да жадында жүріп өмір қажеттіліктерін өтей беретіні хақ. Негізі бұл мәселенің шет жағасы мер­зімдік басылымдарда көтеріліп жүр­генін ел біледі. Сол ойлардың жиын­тығы білімі терең, тәжірибесі мол судья­лардың сан сараптауынан өтті. Сот жүйесі биігінде сұрыпталды. Енді, мі­не, Ақордада өз мәресіне жетіп отыр. Осы қуаныш пен құптаудың нәтиже­сін күн­делікті жұмысымызда көрсе­ту парыз. Турашылдықтың тұғырынан таймай төл міндетімізді адал атқарып талапты орындау міндет. Сөйтіп, мүм­кіндікті дұрыс пайдалану әр судьяға сын болмақ.

Сол сын сот жүйесін заман ағымы­на сай дамыту ісінде көрінеді. Уақыт та­лап етіп отырған мәселенің бірі – қылмыс­тық істерді қарайтын соттар­ды бірік­тіру, орталықтандыру еді. Орта­лықтан­дыру басталды. Енді басы тұнық бұлақ былғанбай халық кәдесіне жараса құба-құп. Жылдар бойы жылжымай жат­қан салалық заңнамаға бү­гінгі сот жүйесі өзгеріс енгізе білді. Мұны білгірлік, үлкен жетістік ретінде бағалаған жөн. Бағалаумен шектелмей кеңестік дәуірде негізі қаланып, ресми тілден аударылған қылмыс­тық заңнамалар мәтіндеріне енгізілген өз­герісті ұғып, білген дұрыс.

Салалық заңнамалар Сенат талқы­ла­уынан, сараптамасынан өтіп, сот өн­дірісіне енгізілгенде қылмыстық іс­тер­ді қарап үкім шығаратын судья­лар ұш­талады. Ізденіп тәжірибе толық­ты­рады. Жауапкершілік еселенеді. Бұл заң талабы. Заңнама шеңберінде заң­ды пайдалану міндет. Нәтижесінде, қыл­­мыстық істерді қарайтын соттарды біріктірудің тиімділігі көрінеді. Тағы бір артықшылығы – соттылық­ты анықтау­да уақытты ұтады. Түрлі кедергілер кесіліп, үкім белгіленген уақытында оқы­лады. Мысалы, ірі ме­га­полистегі бір даңғылдың бойында мәйіт жатыр де­лік. Тез арада үкім шығару керек. Бірақ сол даңғылдың екі жағалауы екі аудан­ға қарайтындық­тан соттылықты анықтау­­да кедергілер алдыдан кес-кестейді. Мін­дет мінсіз. Заңға сәйкес. Не істейсіз? Міне, осындай сәтте орталықтандырылған сот төрағасы функциональдық міндетіне сай соттылықты анықтауға құқылы. Сырт көзге көрінбейтін, бірақ заңға сай өзіндік рөл атқаратын детальдар біздің судьялардың көкейіндегі көп ойды дәл басып, жұмысымызды жеңілдетуге жол ашып берді.

Жауапкершілік, алаңдау тура­лы ойды сабақтасам, Алматы қала­сын­дағы сегіз аудандық сотта қаралатын қылмыстық істер бойынша айыпталу­шыларды заң талабына сай жабдықталған ғимаратқа алып келу, тергеу изоляторына қайта әкету мәселесі оңтайланады. Оңтүстік мегополисте шашыраған аудандарда орналасып, арнайы ғимараттарда төрелік жасап отырған осы соттарды біріктіру соттарға да, халыққа да тиімді. Ең ал­ды­мен, бірыңғай сот тәжірибесі қалып­тасады. Сондай-ақ судьялар жүк­темесі біркелкі реттеліп, істердің бөліну тепе-теңдігі сақталады.

Кәсіби тұрғыда баса айтарым, қыл­­­мыстық істерді қарайтын соттарды бірік­­тіріп, орталықтандырғанда ­жү­к­­теме рет­теліп, біркелкіленіп судья­лар­ға түсетін істерді бөлудің тепе-тең­­дігі сақталатыны анық. Оны ком­пьютерлік техника реттеп отырады. Тек бағдарламасын дұрыстап, тек­серіп отыру керек. Бұл да уақытты ұт­ты­рады. Судья істі тосып алаңдамай сот процесіне тыңғылықты дайындалады. Көңіл орнықты болғанда сабыр сақ­талып, әр іс мұқият тәптіштеледі. Нәтижесінде, қара қылды қақ жарған әділ үкім оқылып, тараптар тынышталады.

Осы ойды таразылау үшін Алматы қаласы бойынша 2022 жылы апелля­циялық және кассациялық тәртіппен қаралған қылмыстық істердің сапасы туралы салыстырмалы мәлімет кел­тір­генім артық болмайды. Алматы қа­­ласы Алатау аудандық сотында 250 адамға үкім шығарылып, бар­лығы 259 іс аяқталды. Алмалы ауда­нында 830 адамға қатысты 896 іс аяқ­талған. Ал Әуезов аудандық сотын­да 564 адамға қатысты 627 іс аяқ­тал­са, Наурызбай аудандық сотын­да 180 адамды қамтыған 204 іске нүкте қо­йылды. Медеу аудандық №2 сотында 329 адамға қатысты 330 іс аяқ­талса, Бостандық аудандық №2 сотын­да 431 адамға қатысты 454 іс тәмам­дал­ған. Жетісу аудандық №2 сотын­да 271 адамға қатысты 271 іс аяқ­тал­са, Түркісіб аудандық сотында 407 адам­ға қатыс­ты 397 қылмыстық іс қа­ра­лып, заңды күшіне енген. Осы ойды са­бақтастыра жүктеме деген ұғым­ды жік­тесек, Алмалы аудан­дық сотын­да қаралған қылмыстық іс (623) көп болғанымен, жүктемесі ең жо­ға­ры судья 92 іс қараған. Ал Әуе­зов аудан­дық сотының бір судьясы 136, екін­ші судья 124 қылмыстық істі тара­зы­ла­ған. Алатау аудандық сотында 195 қыл­мыстық іс қаралып, 89 адамға сот үкімін шығардым.

Осы статистикалық мағлұмат көп жайды аңғартып, жүктемесіне сай судьялар жалақысы көтерілсе жауап­кер­шілік еселеніп, жұмыс сапасы жақ­саратыны анық. Ол заңнама талабы болып саналады. Судья жауапкершілігі туралы баса айтсақ, Қылмыстық істерді қарайтын аудандық соттар біріктіріл­ген жағдайда сот төрелігінің сапасы да артады. Мысалы, өткен жылы Алматыдағы сегіз аудандық сотта қа­ралған қылмыстық істерді 45 судьяға бөл­се, әрқайсысының жүктемесі шамалас болар еді. Жүктемедегі тепе-теңдік судьяларға моральдық, психология­лық тұрғыда жеңілдіктер беріп, әділ сот төрелігі халықтың көңілінен шықса, қоғамның әділет органдарына сенімі артады.

 

Нұржан ҚАРАБАЕВ,

Алматы қалалық сотының

судьясы