Бүгін біз сол санаттағы ардагерлер – ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, есімдері аңызға айналған әкелі-балалы даңғайыр диқандар туралы аз-кем әңгіме етпекпіз.
Қызылорда өңірінде, оның ішінде ақ күрішті аймақ Шиелі, Жаңақорған өңірінде орденді озаттар Үрпек Жансариев пен Мұхамеджан Үрпековті білмейтін жан жоқ. Үрпек ақсақал өткен ғасырдың басында, 1902 жылы туған. Жастық жылдары ел өміріндегі түрлі төңкеріске тұспа-тұс келіп, шарықтай шыңдалып, еңбекпен етене өскен азамат егіс танабында тынбай тер төкті. Әрдайым үздік еңбекшілер қатарынан көрініп, келе-келе майталман маман атанды. Ерен еңбегі лайықты бағаланып, кеудесі орден-медальға толды. Жеткен жетістіктері қаншалықты мол, зор болса, болмысы сондай қарапайым еді.
Барлық күш майдан үшін жұмсалған сұрапыл соғыс жылдары Ыбырай Жақаев, Ұлдар Дәуішева, Маман Қалдыбаев, Ким Ман Сам сынды аймақта күріш дақылын өсірудің негізін қалаған диқандардың қатарында болды. Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш салысы жөнелтілгенде Ү.Жансариев бұл баталы шараға да белсене атсалысты. Күріштің әр гектарынан 80 центнерден өнім алды. Толайым табысы үшін Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болды. Есімі ҚазКСР-нің «Алтын құрмет кітабына» жазылып, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Адам – ұрпағымен мәңгілік. Үрпек атадан 2 ұл, 5 қыз өсіп-өнген. Солардың арасынан әке жолын қуып, атакәсіппен мықтап айналысқаны ұлы Мұхамеджан Үрпеков болды. Атырапқа аты мәлім даңғайыр диқанның отбасында дүниеге келген, қайнаған еңбек ордасында өсіп жетілген Мұхамеджан да өмірлік мамандық ретінде ауыл шаруашылығы саласын таңдады.
Ол орта мектепті бітірген 1963 жыл Шиелі ауданы мен көрші Жаңақорған ауданы қайта қосылып, шаруашылықта қызу тірлік қайнап жатқан қарбалас кезең еді. Мұхамеджан жасы келген әке-шешесіне алаңдады. Үрпек ақсақалдың зейнетке шығуы да сол уақытқа дөп келді. Содан соң жас жігіт көп ойланбастан Қызылорда қаласындағы екі айлық механизаторлық курсты бітіріп, ауылына оралды да, трактор руліне отырды. Оның бұл қадамына әке-шешесімен қоса сол кездегі колхоздың басқарма төрағасы Әнсары Әбдіхалықов та ерекше қуанды. Ауылда жұмыс қолы жетіспейді. Әсіресе механизатор таптырмайтын зәру мамандық еді.
– Ауылда қалғаның қандай жақсы болды. Сен текті, еңбеккер тұқымнансың. Әкең Үрпек Жансариев – қолынан кетпені түспеген диқан. Бүкіл ғұмырын күріш дақылын өсіруге арнады. Қазір міне, зейнет демалысына шықты. Әке жолын кім жалғастыру керек? Әрине, сен, деді төраға арқасынан қағып. – Қадамың құтты, еңбегің жемісті болсын!
Ал әкесінің берген батасы: «Ұлым, темір тұлпарды таңдаған екенсің, талабыңа нұр жаусын! Қатарыңның алды бол!»
Жалпы, 70-жылдар Шиелі өңірінде ерекше екпінді кезең еді. Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, егіншілікке, мал басын өз төлі есебінен көбейтуге ерекше мән берілді. Аудан жеке отау құрып, шаңырақ көтергенде барлығы 6,5 гектар егістік жері болған еді. Оның 1 900 гектарына күріш егілетін. Ал 70-жылдары тек күріш егісінің көлемі 7 600 гектарға жеткізілді. Аудан колхоз-совхоздарында 569 трактор, 196 комбайн, 180 автомашина жұмыс істеді. 1969 жылы аудан бойынша, әр гектардан 39 центнерден күріш салысы өндірілсе, 1970 жылы күріш өндіру 207 мың центнерге жетті. Жыл өткен сайын көлемі ұлғайтылып, 1970-1975 жылдары әр гектар күріштен 39-40 центнерден өнім өндіру тұрақты көрсеткішке айналды.
1971 жылы ауданның жүзден астам еңбек озаты түрлі мемлекеттік жоғары наградаға ие болды. Деректерге жүгінсек, 1 адам Ленин, 49 адам Еңбек Қызыл Ту, 33 адам «Құрмет белгісі» орденімен марапатталыпты. Бірқатар еңбеккер төсіне жарқыратып медаль тақты.
Ол кезде бүгінгі Нартай ауылы «Үлгілі», «Еңбекші» және «Жиделіарық» (Жиделі) деген үш елді мекеннен құралған «Коммунизм» колхозы деп аталатын. Үш бөлімше үш өндірістік бригадаға біріктірілді. Егіс көлемі 1 мың гектардан 3 мың гектарға дейін артты. Оның 2,5 мың гектарына тек қана күріш егілді. Бидай, жүгері сияқты дақылдар да өсірілді. Еңбек еселенсе, өнімділік артатынына, өнім көбейсе, әл-ауқат жақсаратынына еңбеккерлердің сенімі бекіді. Ауыл азаматтары шаруашылықтың егістік алқабын айдау, тұқым себу, егін ору мен жинау жұмыстарын ұйымшылдықпен атқара білді. Колхозда диқан-механизаторлардың бірнеше буыны қалыптасты. Егіс көлемі, өнім мөлшері ұлғая түсті. Осы игілікті істің басы-қасында бірде трактор рулінде отырып жер жыртып, бірде комбайн штурвалына отырып астық орып немесе дән бастырып М.Үрпеков те жүрді. 1971 жылы жоғарыда аталған озаттар қатарында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. 25 жастағы жігіт үшін бұл үлкен жетістік еді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов аталған награданы озат еңбеккердің төсіне өз қолымен қадап тұрып: «Еңсең биік, кеудең кең, қолың салалы, қауқарлы екен. «Жас келсе, іске!» деген ғой, алдыңда әлі талай марапат күтіп тұр, әрекетің берекелі болсын», деді. Бұл ыстық ықылас оның еселі еңбекке деген құштарлығын күшейте түсті.
1974 жылы ауданның бір топ ауылшаруашылық қызметкері мемлекеттік арнайы жолдамамен Мысырдың Каир, Александрия қалаларына сапар шекті. Таңдаулы еңбеккерлер қатарында Мұхамеджан да бар еді. Сол жылы Бүкілодақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмесінің күміс медалін иеленді. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында табан аудармай еңбек етіп, ел дәулетінің артуына есепсіз үлес қосқан өз ісінің хас шебері 1984 жылы кеңес өкіметінің жоғары наградаларының бірі – Еңбек Қызыл Ту орденіне қол жеткізді. Бұл жолғы награданың көңіл толқытатындай, жүрек тебірентетіндей ерекше жөн-жосығы бар еді. Өйткені кезінде әкесі алған орденге араға қырық жылға жуық уақыт салып, баласы да ие болды.
Жалпы, даңқты жерлестерін ауылдастары да ешқашан естен шығарған емес, әрдайым құрмет көрсетіп отырады. 2001 жылы Нартай ауылы ақсақалдар кеңесі және ауыл әкімінің ұсынысы Шиелі аудандық мәслихаты тарапынан қолдау тауып, тыл және еңбек ардагері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Жансариев Үрпекке Нартай ауылынан көше берілді.
2022 жыл ауыл әкімі Ғалымжан Шайықұлы Ыхановтың бастамасымен Ү.Жансариев атындағы көшеге абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кең жолақты асфальт жол төселді, жағалай жарық шамдары орнатылды.
«Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» деген. Сандаған жылдар торабында алтынмен көмкерілген алқапта үздіксіз еңбек көрігін қыздырып, қамбаға тонналап астық құйған, әке дәстүрін сәтімен жалғастырған, жетпіс атты желді биікке көтерілгенше темір тұлпар тізгінін берік ұстаған жасампаз жан, атпал азамат, алғадай аға Мұхамеджан Үрпеков болса, бүгінде құрметті еңбек демалысында. Көп жылғы қызметінің жемісін терген мәуелі бәйтеректей, ауыл-аймақ, бала-шағасының ортасында бақуатты тіршілік кешіп жатыр. Жүрген жерінде сыйлы, құрметті, беделді. Төккен тер, шеккен бейнетінің нәтижесін көргеніне шүкіршілік етіп, іштей тәубе айтып отырады.