Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»
«Ұрлықшылар» деп аталатын картинада қос жетімнің үлкен қаладағы өмір қиындықтары, шытырман оқиғалары суреттеледі. Tiger Films продюсерлік компаниясының ұжымы Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі Алёна Алмаздың отандық киноға қосар үлесі мол екеніне сенімді.
«Мен қазақ киносына Батыстың түсірілім технологиясын алып келгім келеді. Осылайша көрерменнің отандық киноға деген қызығушылығын арттыруды көздеймін. Қазір Батыс фильмдеріне деген сұраныс жоғары. Тым болмаса таразының екі басын теңестіру де нәтиже. Өйткені қазір жақсы отандық фильмдер түсіріліп жатыр. Фильм Балалар үйінде тәрбиеленген Әмір мен Сана есімді кейіпкерлердің өміріне құрылған. Олар аштықпен күресу үшін ұрлық жасап өседі. Мектеп бітірген соң Әмір мен Сана бағалы заттарды жымқыруға бет бұрады. Байлардан ұрлап алғанын мұқтаждарға таратып береді. Жетімдер өміріндегі шытырман оқиға осылай басталады», дейді режиссёр.
Фильмдегі экстремалды қимылдарды актерлердің өздері орындайды. Жаңа картина Kinopark & Kinoplexx кинотеатрларынан 18 қаңтардан бастап көрсетіледі.