Оқиға • 19 Шілде, 2023

Саунадағы «лагерь»: Қылмыстық іс қозғалды

563 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында орналасқан «Арман дала» жазғы лагеріне балаларын жіберген ата-аналардың қуанышы ұзаққа бармады. Жазғы демалысын осы лагерьде өткіземіз деп келген оқушылар күтпеген жайтқа тап болып, өрескел жағдай туралы ата-аналарына хабарлаған. Осының ізін ала әлеуметтік желіде еденде, желдетілмейтін бөлмелерде ұйықтап жатқан балалар туралы бейнежазба тарады.

Саунадағы «лагерь»: Қылмыстық іс қозғалды

Дереу балаларын көруге аттанған ата-аналар бұдан да сорақы жайттардың куәсі болды. Саунада шомылып жүрген жартылай жалаңаш ер адамдарды, бөгде балаларды көрген ата-аналар дереу тиісті орындарға хабарлап, лагерь басшылығына шара қолдануды сұраған.

Алматы қаласы Білім басқар­масының мамандары ата-ана­лардың шағымынан кейін «Арман дала» лагеріндегі жағдайды анықтап қайтқан болатын. Алматы қаласының білім басқармасы балалардың жазғы демалысының қалыпты жағдайға сәйкес келмейтініне түсініктеме бере отырып, жағдай «БелРичи» ЖШС компаниясының жауап­сыз­дығынан орын алып отыр деп мәлімдеді. Аталған компанияны бұдан былай мемлекеттік сатып алуға қатыстырмау туралы талап-арыз жазды. Осы іске жауапты Білім басқармасының қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды. Ал лагерьдегі балалар дереу үйлеріне жеткізіліп, жақын арада  жазғы демалысын басқа лагерьлерде өткізетін  болады.

Биыл 13 шілдеде  «Арман дала» саяжай лагерінде балалар демалысын ұйымдастыру туралы шарт жасалып, 15 шілдеде Білім басқармасының қыз­мет­кер­лерімен бірге демалу­шы­лардың алғашқы легі келіп жеткен. Қазіргі кезде тиісті талаптардың өрескел бұзылу фактілері анықталып отыр. Осы келеңсіз жайтқа қа­тысты ла­герьді қаржыландыру Алматы қаласы білім басқармасының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған бюджетінен жү­зеге асқан. Конкурсқа қатысқан компанияның  құжаттама талаптары толық сақталмаған.

Алматы прокуратурасы­ сау­нада балалар лагерін ұйым­дастырғаны үшін «Лауа­зымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланумен байланысты» Қылмыстық кодекстің 361-бабы және «Кәме­­­летке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» туралы 140-бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталып, істі тергеу Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тап­сырылғанын мәлімдеді. Істі тергеу шеңберінде болған оқи­ға­ның мән-жайын анықтап, жер­гі­лікті атқарушы органның лауазымды адамдары мен лагерь ұйымдастырушыларының іс-әрекеттері бағаланатын болады.

Осы жайтқа байланысты пі­кір білдірген Қазақстандағы  балалар құқығы жөніндегі уәкіл Ди­на­ра Закиева лагерьлерде орын алып­ отырған оқиғалар саладағы жүйе­сіздікпен байланысты екенін алға тартты. Оның айтуынша, балалар ұйымдарының жұмысын рет­теуге байланысты заңнама, бірың­ғай стандарттар мен талаптар жеткіліксіз. Бүгінде балаларды­ да­мы­ту, оңалту орталықтарына қаты­с­­­­­ты өтініш өте көп. Қазіргі кезде осы мәселелерді шешу үшін тек­серуге мораторийді алып тас­тау­, балаларға қатысты барлық ұйым­ды лицензиялау жағы қарас­ты­рылып жатыр. Деректер бойынша қа­зір­гі кезде 120 мемлекеттік, 98 жеке­­меншік, 900 шатыр түріндегі, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь­ бар. Уәкіл атап өткендей, ла­герь ашу үшін санитарлық-эпи­де­миялық және төтенше жағ­дайлар қызметінің рұқсаты жет­­кілікті. Қазіргі жағдайда талап­­қа сай емес жұмыс істеп жат­­қан ұйымдар қалай рұқсат алып­­ отырғанына қарап үлкен мәсе­­ле туындап отыр. Тіпті сани­тар­лық­-эпидемиялық қызметтің рұқса­тынсыз жұмыс істеп жатқан лагерьлер де бар. Бұл сәйкесінше, мемлекеттік сатып алу конкурстарына байланысты болып отыр. Қазіргі кезде осыған орай тиісті орын­дарға сауал жолданған. Жағ­дай­­дың бұдан әрі өрши беруіне жол­ беру мүмкін емес.

Сарапшы мамандар «Arman dala» лагері құжаттарын конкурсқа қатыстыру барысында ереженің бұзылуымен қатар бұл жерде адами факторлардың да орын алып отырғанын жоққа шығармайды. Алдағы уақытта тексеру нәтижесі заңсыз­дықтарды әшкерелеп, балаларды да, ата-аналарды да әбігерге салумен қатар құ­қығына нұқсан келтіргені үшін заң алдында жа­уап беруге тиіс екенін алға тартты.

www.gov.kz сайтынан іздес­тір­ге­ні­мізде Алматы облысы бойынша 19 жаз­ғы демалыс орындарының тізімі көрсетілген. Бұл тізімде «Arman dala» атауымен бір ғана лагерь тіркеліпті. Алғаш хабарласқан нөмір бойынша бізге жауап беріп, ізінше телефонын сөндіріп тастаған Гүлнар есімді азаматшаның «Arman dala» жазғы демалыс лагеріне мүлдем қатысы жоқ екенін директор Серік Молданбаевпен әңгімемізде көз жеткіздік.

Әлеуметтік желіде тараған қо­лай­­­сыз жағдайдан кейін «Arman­ dala» лагерінің директоры­ Се­рік­ Молданбаев Ұзынағаш ауы­­лы­на барып, лаге­рь басшыларымен кездес­пек­ болған. Алайда ғимарат жа­бық болғандықтан, олармен телефон арқылы сөйлесіп, әрекеттерінің заңға қайшы екенін ескерткен. Телефонға жауап бер­ген Гүлнар есімді азаматша облыс аума­ғында «Arman dala» атауымен басқа­ лагерьдің бар екенінен хабардар болмағанын айтып, кешірім сұрайды. Серік Молданбаевтың айтуынша, ғимаратты лагерь деу­ге де келмейді. Ал басшылығы лагерьдің атын өзгертеміз деп уәде етіпті.

«Arman dala» Алматы облы­сы­ның Қаскелең бағытында, Алматы қаласынан 18 шақырымда тау­ етегінде орналасқан балалар­ ла­ге­рі. Мұнда 2014 жылдан бергі ара­лықта еліміздің түкпір-түк­пі­рі­нен келген балалар демалады. Лагерьдің портфолиосында балалардың толыққанды демалысын ұйымдастыру мақсатында суда жүзу, тауға серуендеу, жануарлар әлемін тамашалау, ұшақ алаңында оқу жаттығуларын ұйым­­дастыру сияқты 30-ға жуық көңілді бағдарламалар қам­­­тылған. Лагерь директоры Серік Молданбаевтың айтуынша, Ұзынағаш ауылындағы балалар лагерін ұйымдастырушылар «Arman dala» лагерінің атын жамылып отыр. «Әлеуметтік желіде тараған жағдайға біздің лагерьдің мүлде қатысы жоқ. Олардың жылдар бойы жинаған беделімізді түсіріп, атымызды заңсыз пайдаланып отырғаны қынжылтады. Десек те, жағдайдың мән-жайын тиісті орындар тексере жатар», дейді лагерь басшысы.

Бұл оқиға жаз айы басталғалы бері балалар лагеріне қатысты туындаған келеңсіз жайттардың жалғасы деуге негіз бар. Маусым айында Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Еңбекші ауылында орналасқан балалар лагеріне қатысты дау туып, әлеуметтік желіде бейнежазба тарағаны белгілі.

Осы жайттан кейін Мәжіліс депу­таты Дәулет Мұқаев бала­лар­­дың жазғы бос уақытын ұйым­дас­ты­рудың бірыңғай қағидаларын бе­кіту туралы Премьер-министр Әли­хан Смайыловқа, Оқу-ағарту минис­трі Ғани Бейсембаевқа депу­тат­тық сауал жолдағаны белгілі. «Оқу­шылар асыға күтетін жаз мез­­г­ілінде балалар үшін жазғы сауық­­тыру лагерьлері есігін айқара ашты. Бірақ жаз мезгілінің алғаш­қы айы аяқталмай жатып, әлеу­­мет­ті­к желіде желдей ескен Түр­кіс­тан облысындағы бейнежазба ата-аналарды елең еткізді. Мұндай ла­герь мәселесі тек биыл ғана кө­те­ріліп отырған жоқ. Соңғы жылдар­да­ балалар лагері назардан тыс қал­ған сала болып отыр», деген бола­тын.

Депутаттың айтуынша, балалар лагері бүгінгі таңда пайда табудың көзіне айналған.

– Жаз шықса болды интернет пен әлеуметтік желіні жаулаған түрлі лагерь жарнамасы көз тартады. Бұл лагерьлердің ұйым­дас­ты­рушылары кім, ұстан­ған идея­сы­ қандай, қандай бағ­дар­ламаны қам­титыны ешкімді қы­зықтыра бер­мейді. Себебі қазір лагерь ашу үшін тек Төтенше жағдайлар департаменті мен санитариялық-эпиде­миологиялық бақылау бас­­­қар­­масынан рұқсат алу ғана жет­кі­лікті. Сондықтан лагерьлер жұмы­сын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар енгі­зілмеген. Мемлекеттік меке­ме тарапынан нақты бақылау бол­ма­ғандықтан, кей ата-аналар бала­ла­рына лагерь іздеп шетел асу жағ­дай­лары да кездесіп жатыр, – деді Д.Мұқаев.

Осы орайда Мәжіліс депутаты балалардың сауықтыру жұмыс­тарын ұйымдастыру бойынша бірыңғай талаптар мен ережелерді бекітуді ұсынған еді. «Лагерь ұйымдастырушылар міндетті түрде мемлекеттік мекеме тарапынан лагерь мазмұны мен материалдық-техни­калық базаларына сәйкес тексеруден­ өтіп, лицензиялануы керек. Мүм­кіндік болса, барлық лагерь орталықтандырылған бірың­ғай сайтта болғаны абзал. Екіншіден, лагерьлерде бүгінгі таңда маман тапшылығы қатты сезіліп отыр. Лагерьлердің басым көпшілігінде балаларды қарауға уақытша жұмыс ретінде студенттер тартылып жатады. Лагерьде жұмыс істейтін мамандарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылып, мамандандырылған ұстаздар тартылуы керек. Үшіншіден, лагерьлер арасында нақты белгіленген баға саясаты да жоқтың қасы. Әр ата-ана баласының жақсы сауықтыру орталықтарына барғанын қалайды. Әйтсе де, көп ата-ананың қалтасына ауыр келетінін ескерсек, бағаға сай сапа болуы керек. Мұны тек мемлекеттік емес, жекеменшік лагерьлерден де талап ету керек», деп атап өткен депутат «лагерь» атауын жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны деп алмастыру қажетін де айтқан болатын.

Оқу-ағарту министрлігінің дерек­теріне сүйенсек, биылғы жаз­ғы демалыс және сауықтыру шара­ларымен 1-10-сыныпта оқи­тын балалардың 85,3 пайызы қам­ты­лады делінген. Олардың жалпы­ саны – 2,8 млн. Ал жекелеген санат­тарға кіретін 500 мыңнан астам­ бала бар. Республика бо­йын­ша демалыс кезінде қала сыр­тын­дағы 200-ден астам лагерь өз есі­гін ашты.

Жаз мезгілі басталысымен Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жазғы лагерьлердің ашылуына орай тиісті атқарушы органдармен бірге қарқынды жұмыс жүргізілгенін мәлімдеп, биылдың өзінде 65 лагерьге тексеріс жүріп, 458 заң бұзушылықтың анық­талғанын жеткізген болатын. Оның айтуынша, қауіпсіздікті бір­неше орган қамтамасыз етеді.

«Денсаулық сақтау министрлігі са­ни­тарлық-эпидемиялық ба­­­­қы­­­­­лау қызметі орталықтардың са­ни­­тарлық талаптарға сәй­кес­тігін тексеріп, арнайы қоры­тын­ды береді. Одан кейін Төтен­ше­ жағдайдың алдын алуда­ өрт қауіпсіздік мәселелерін қам­та­ма­сыз етеді. Сондай-ақ көптеген демалыс орталығында бала­лар­дың суға шомылу қауіпсіздігі қарас­тырылған. Ал полиция орган­дары болса, сол жердегі қоғам­дық тәртіпті қамтамасыз етеді. Барлық шара мемлекеттік орган­дармен бірлесіп жүзеге асы­рылған. Жергілікті жерлерде осы министрліктің өкілдерімен бірге әрбір орталыққа тексерулер жүр­гі­зілді. Жалпы, қауіпсіздік шаралары­ бақылауда екенін айтып өткім келеді», деп атап өткен еді вице-министр.

Қазіргі кезде жазғы лагерьлерге қатысты туындап отырған жағдайларға байланысты тиісті министрліктің, басқа да жауапты органдардың атына айтылатын уәж көп. Жаз айының басында ғана «Балалардың жазғы лагерьлердегі қауіпсіздігі бақылауда болады», деп уәде еткен министрлік мамандары ендігі кезекте қандай шараларды қолға алмақ?

Ал «Arman dala» лагеріне қатысты даулы жайтқа байланыс­ты қалалық білім басқармасы қоғамдық кеңеспен бір­лесіп жұмыс тобын құрып, ата-аналар қоғамдастығының, қалалық проку­ра­тураның және барлық мүдделі органның өкілдері қала сыртындағы лагерьлерге тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.