Пәтер кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл табыстады. Жаңа қонысқа ие болғандардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар, ардагерлер мен І-ІІ топтағы мүгедектер.
«Жыл басында «биыл 51 үй береміз» деп уәде еткенбіз. Осыған дейінгі бергендерімізді есепке алсақ, енді 43 үй қалды. Енді Талдықорғанда ай сайын үйдің кілтін табыстау салтанатына жиналап тұрамыз. Жыл соңына дейін 51 үйді толық береміз. Жыл басынан бері 280 адам үйлі болса, жыл соңына дейін тағы 1 700 тұрған жаңа пәтерге көшеді. Негізгі мақсат – үй кезегіндегілердің санын азайту. Дәл қазіргі сәтте Талдықорғанда 15 мың адам үй кезегінде тұр. Алдағы 4-6 жыл ішінде кезектегілер санын екі есе азайтуды көздеп отырмыз. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеушілік, заңсыздықтар болды. Біз тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады», деді Б.Исабаев.
Артынша облыс басшысы салтанатты түрде берілгелі тұрған үйдің салынуына атсалысып, қолдаған «Шымыр» ЖШС директоры Руслан Валишановқа алғысын білдірді.
Ел алдында 50 адамның есімі аталып, әкімдердің қолынан кілт алды. Үйдің құрылысы 2020 жылы басталды. Ал үйде 98 пәтер бар: 1 бөлмелі – 42, 2 бөлмелі – 28, 3 бөлмелі – 28. Көпбалалы отбасы санатынан Камшат Сайлаубайқызы – қуанышқа кенелгендердің бірі. Ол осындай шаттыққа бөлеген жандарға алғысын айтып, өзі сияқты пәтер кілтін алғандарға құттықтауын жеткізді. Салтанатты түрде кілт табыстап болған облыс басшысы үйді аралап, көпбалалы отбасының атынан кілт алған Арай Омарованың пәтерінде болып, ақ тілегін арнады.
Бұған қоса Жаркент қаласында 60 пәтерлі көпқабатты екі үй салынып жатыр. Сондай-ақ баспана кезегіндегілер үшін тағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды.
Алғашқы аталған екі тұрғын үй құрылысын «Құрылыс индустрия компаниясы» ЖШС салып, қазір құрылыстың 65 пайызы аяқталды. Мұнда 58 жұмысшы еңбек етеді, 3 техника – қолданыста.
«Жұмыс сапасы құрылысшылардың біліктілігіне байланысты. Бізде жалпы 12 тас қалаушы бар, солардың арасында Тәңірберген Әлімбаев, Сәкен Сейітжанов, Мақсат Қастеев сынды еңбеккерлер шеберлігімен ерекше қырынан танылып жатыр», дейді прораб Ерлан Қарсақбаев.
Бұл үйлердің айналасын көріктендіру мен инженерлік-коммуникациялық жүйесін «Гарант строй групп – 2016» ЖШС атқарады. Құрылыс заттары бағасының күрт көтерілуіне және Алматы облысының бөлінуіне байланысты жыл басында жұмыс біраз уақыт тоқтап, құрылыс жобасына қосымша қаржы қарастырылды.
Екінші нысандағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмысы басталмақ. Аудандағы барлық құрылыстың сапалы әрі уақытылы атқарылуы – құзырлы орындардың тұрақты бақылауында. Нысан пайдалануға берілгенге дейін кемшіліктер түзетіледі. Кейінгі жылдары құрылысқа бөлінетін қаржы 300 млн-нан 30 млрд теңгеге дейін көбейді. Нәтижесінде, Жаркент көркейіп, жайнап келеді.