Қоғам • 20 Шілде, 2023

Баспана деген – бір бақыт

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарапайым халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы міндеттеген нақты тапсырманың бірі. Осы орайда жетісулықтар мереке сайын қоныстойын тойлайды. Жақында Талдықорған қаласында жаңадан бой көтерген 5, 7, 9 қабатты үйдің кілті тұрғындарға салтанатты түрде табысталды.

Баспана деген – бір бақыт

Пәтер кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл табы­стады. Жаңа қонысқа ие болғандардың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқор­лығынсыз қалғандар, ардагерлер мен І-ІІ топтағы мүгедектер.

«Жыл басында «биыл 51 үй береміз» деп уәде еткенбіз. Осыған дейінгі бергендерімізді есепке алсақ, енді 43 үй қалды. Енді Талдықорғанда ай сайын үйдің кілтін табыстау салтанатына жиналап тұрамыз. Жыл соңына дейін 51 үйді толық береміз. Жыл басынан бері 280 адам үйлі болса, жыл соңына дейін тағы 1 700 тұрған жаңа пәтерге көшеді. Негізгі мақсат – үй кезегіндегілердің санын азайту. Дәл қазіргі сәтте Талдықорғанда 15 мың адам үй кезегінде тұр. Алдағы 4-6 жыл ішінде кезектегілер санын екі есе азайтуды көздеп отырмыз. Осыған дейін кезекке байланысты түсінбеушілік, заңсыздықтар болды. Біз тұрғындар кезегін цифрлық жүйеге көшірдік. Енді кез келген адам өз кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады», деді Б.Исабаев.

Артынша облыс басшысы салтанатты түрде берілгелі тұрған үйдің салынуына атсалысып, қолдаған «Шымыр» ЖШС директоры Руслан Валишановқа алғысын білдірді.

Ел алдында 50 адамның есімі аталып, әкім­дер­дің қолынан кілт алды. Үйдің құрылысы 2020 жылы басталды. Ал үйде 98 пәтер бар: 1 бөлмелі – 42, 2 бөлмелі – 28, 3 бөлмелі – 28. Көпбалалы­ отбасы санатынан Камшат Сайлаубайқызы – қуа­нышқа кенелгендердің бірі. Ол осындай шат­тыққа бөлеген жандарға алғысын айтып, өзі­ сияқты пәтер кілтін алғандарға құттықтауын жет­кізді. Салтанатты түрде кілт табыстап бол­ған­ облыс басшысы үйді аралап, көпбалалы отба­сының атынан кілт алған Арай Омарованың пәте­рінде болып, ақ тілегін арнады.

Бұған қоса Жаркент қаласында 60 пәтерлі көпқабатты екі үй салынып жатыр. Сондай-ақ баспана кезегіндегілер үшін тағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды.

Алғашқы аталған екі тұрғын үй құрылысын «Құры­лыс индустрия компаниясы» ЖШС салып,­ қазір құрылыстың 65 пайызы аяқталды. Мұн­да 58 жұмысшы еңбек етеді, 3 техника – қолданыста.

«Жұмыс сапасы құрылысшылардың білік­ті­лі­гіне байланысты. Бізде жалпы 12 тас қалаушы бар, солардың арасында Тәңірберген Әлімбаев, Сәкен Сейітжанов, Мақсат Қастеев сынды еңбеккерлер шеберлігімен ерекше қырынан танылып жатыр», дейді прораб Ерлан Қарсақбаев.

Бұл үйлердің айналасын көріктендіру мен инженерлік-коммуникациялық жүйесін «Гарант строй групп – 2016» ЖШС атқарады. Құрылыс заттары бағасының күрт көтерілуіне және Алматы облысының бөлінуіне байланысты жыл басында жұмыс біраз уақыт тоқтап, құрылыс жобасына қосымша қаржы қарастырылды.

Екінші нысандағы 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға келісімшарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмысы басталмақ. Аудандағы барлық құрылыстың сапалы әрі уақытылы атқарылуы – құзырлы орындардың тұрақты бақылауында. Нысан пайдалануға берілгенге дейін кемшіліктер түзетіледі. Кейінгі жылдары құрылысқа бөлінетін қаржы 300 млн-нан 30 млрд теңгеге дейін көбейді. Нәтижесінде, Жаркент көркейіп, жайнап келеді.