Технология • 20 Шілде, 2023

Өңірлік логистиканың даму барысы

269 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Азиядан Еуропаға логистикалық бағыттар қайта құрылғаннан кейін еліміз Еуразия хабына айналу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа логистикалық тізбектер құру бізден Беларуське, Польшаға, Германияға, Өзбекстанға жүк ағынының ұлғаюына ықпал етті.

Өңірлік логистиканың даму барысы

RTL Alliance, ASER секілді халық­ара­лық логистикалық, инвестициялық-консалтингтік компаниялар еліміз үшін көлік саласында зор мүмкіндіктер ашылды деген пікірде. Атап өткенде, еліміз Қытай ‒ Еуропа бойынша (Каспий теңізінің порттары арқылы Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға және одан әрі Еуропаға) балама бағыт ұсынып, Каспий теңізіне апаратын жолды, порттарды және тиісті инфрақұрылымды дамытуды қолға алды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 2022 жылы 2,5 есеге ұлғайып, 1,5 млн тоннаға жетті. Сыртқы сауда айналымы 132%-ға артып, 134,4 млрд долларды құрады. Батыстың Ресей мен Беларуське қарсы санкциялары еліміздің логистикалық нарығының күрт өсіп, ондағы бәсекелестіктің күшеюіне әкелді. 2022 жылы жүк жөнелтушілер жаңа өткізу нарықтарын іздеп, тасы­мал­даушылар тың бағыттарды игерді. Жұ­мыс­тарын үйреншікті бағыт­та­ жал­ғас­тыру үшін ресейлік және бела­русь­тік та­сымалдаушылар біздің елімізде тір­келе бастады.

Халықаралық ATI.SU жүк тасымалы­ бир­жасының мәліметі бойынша, был­тыр­ екінші тоқсанда елімізден ба­с­қа мемлекеттерге жүк жеткізіліміне беріл­ген өтінімдер алдыңғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 136%-ға көбейген. Ресейге тасымалдауға сұраныс екі есе артты. Бұл ретте тасымалдау мөлшерлемесі орташа есеппен 41%-ға өсті. Осы жылдың бірінші тоқсанында өзге елдерге жүктерді автокөлікпен жеткізуге берілген өтінімдер саны былтырғы мерзімге қарағанда үш есе өсіп, тасымалдау құны 66%-ға қымбаттады. Сондай-ақ биыл елімізге тасымалдау үшін өтінімдер саны орташа өсімді көрсетіп, өткен жылғы ұқсас мерзімнен 49%-ға артты. Ресей мен Қытайдан басқа, Еуропа елдерінен де жүк жеткізіліміне сұраныс артқан. Сыртқы сауда айналымында ЕО үлесі шамамен 30%-ды құрайды. Еуропаға негізінен мұнай, газ, металл, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Ал ол жақтан бізге көбіне дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар, компьютерлік техника, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін құрамдас бөлшектер жеткізіледі.

Сарапшылар өз шолуында әлем­дік­ трендтер мен сыртқы саяси­ фак­тор­­лардың жалпы республика эконо­ми­ка­сының дамуына, атап айтқанда, логис­тикалық үдерістерге қалай әсер ететінін бағалаумен қатар, еліміз алдында қандай көкжиектер ашылатынына және нарықтың тұрақты өсуі үшін бірінші кезекте қандай проблемаларды шешу қажетіне тоқталған. Логистика талдаушылары назар аударғандай, еліміз үшін жол инфрақұрылымының маңызды сегменттерінде шектеуші учаскелердің болуы тән, олардағы қозғалыс қарқындылығы жобалық параметрлерден 1,5-2 есе артық. Автожолдар желісін жаңғыртудың жеткіліксіздігі және олардың нашар жай-күйі еліміздің жолдарындағы автомобильдердің орташа қозғалыс жылдамдығының шетел­дік­терге қарағанда екі есе төмен болуы­на­ әкелді. Автокөліктің қызмет ету мер­зімі Еуропаға қарағанда үштен біріне төмен және пайдалану шығындарының жо­ғары деңгейімен бірге жүреді. Сол секілді кедендік және шекаралық про­це­дуралардың баяу жүргізілуі, өткізу бекеттерінің заманауи бақылау құрал­дарымен жеткілікті деңгейде жабдық­тал­мауы, жеңіл және жүк автокөліктері үшін бөлек дәліздердің болмауы жайсыздық ту­дырады. Алдағы уақытта кедендік опе­рацияларды 100 пайыз автоматтандыру және барлық кедендік ведомство­да­ кедендік декларацияның қағазсыз тәр­ті­бін­ енгізу маңызды.

Тағы бір өзекті мәселе – автокөлік құрал­дары жүк паркінің тозуы мен мораль­дық ескіруі. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша, халықаралық жүк тасы­малы саласындағы көлік жүйесінің тозу деңгейі 2021 жылы 22%-дан 78%-ға жеткен. Бұл – халықаралық жүк тасымалы нарығындағы біздің авто­та­сы­малдаушылардың үлесін 52%-дан 31%-ға дейін төмендетуге әсер еткен негізгі факторлардың бірі. Сондай-ақ оларға елімізде тасымалданатын жүк­тердің 80%-дан астамы және жүк айна­лымының үштен бірінен астамы тиесілі. Сондықтан автотранспорт паркін жаңар­ту жобаларын қаржыландырудың мемле­кеттік бағдарламасын әзірлеп, қабыл­дау­ ел кәсіпорындарының ішкі және халық­аралық автомобиль тасымалы нары­ғындағы бәсекеге қабілеті мен үлесін арттыру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елімізде цифрландыру және осы салада ақпараттық жүйе­лер­ді қолдану деңгейі төмен. Бұл көлік инфра­­құрылымының техникалық жай-күйі және көлік құралы қозғалысының қар­қын­­ы туралы ақпаратты жинау, тал­дау және сақтау, сондай-ақ рұқсат құ­жаттарын берудің тиімсіз жүргізілуіне себеп.

Сарапшылар атап өткендей, «Инфра­құ­рылым» көрсеткіші бойынша әлемдік бәсекеге қабілет рейтингінде еліміз былтыр 46-орынға ие болды. Көліктік-логистикалық әлеуетті, қол­же­тімді, тиімді және қауіпсіз қызметтерді дамыту республикаға 2030 жылға қарай өңірлік көшбасшылар қатарына кіруге көмектесе алады. Сонымен қатар шекара пункттерінің өткізу қабілетін жақсарту, ыңғайлы кедендік рәсімдер еліміздің транзиттік тасымалдардағы позициясын нығайтуға септігін тигізеді.

Қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беретін салада бәсекелестікті қолдау да маңызды. Логистиканы ұйым­дас­тыру үшін онлайн-сайттар мен цифр­лық сервистерді пайдалануға болады. Олар серіктестерді табуға, мердігерді таңдау және жүктерді жеткізуді қада­ға­лау сияқты күнделікті операцияларды­ авто­маттандыруға көмектеседі. Жүк жөнел­тушілер де, тасымалдаушылар да үдерістерді цифрландыруды қажет етеді. Нарық қатысушылары бақылауды күшей­туге және компаниялар ішіндегі үдеріс­тердің ашықтығын арттыруға дайында­луы керек. Автоматтандырудың арқа­сы­нда тасымалдаудың барлық кезең­і­н­де ашықтыққа қол жеткізуге болады.

Сондай-ақ сарапшылар жаңа логис­ти­­ка­лық өнімдердің пайда болуын және Еуразияның транзиттік жүк ағын­­­дарының трансқазақстандық мар­шрут­­тарға қайта бағдарлануын болжап отыр. Қазір бұл бойынша ҚТЖ жанынан құрылған құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Ақтау және Құрық порт­тарының өткізу қабілетін арттыру, Каспий теңізінде контейнерлік хаб құру жөніндегі шаралар жарияланды.­ Әзер­бай­жанмен, Түркиямен және Грузиямен жол­ карталары шеңберінде ТХКБ-дағы тар­ жерлер біртіндеп жойы­лады.­

Отандық тасымалдаушылар үшін Батыс бағытта Латвия шекарасындағы өткелдер ашық күйінде қалып отыр. Финляндия арқылы және одан әрі теңізбен тасымалдау мүмкіндігі сақталады. Ресейлік тасымалдаушылар Түркия арқылы өтетін маршруттарды игерді, отандық жүктер де сол жолмен жүре алады. Ресей бағытындағы жүк тасымалы санының өсу қарқыны әлі төмендеген жоқ, бірақ болашақта олар баяулауы мүмкін және жаңа перспективалық бағыттарға, мысалы, Қытаймен ынтымақтастық аясында қайта бағдарлануға болады.

Қазақстанның өсу аумағы ‒ басқа Орта­лық Азия республикаларымен ынты­мақтастық, өңір ішінде өзара тиімді қарым-қатынастар құруға қатысу. Бұған халықаралық серіктестіктің басқа да бағыттарын дамыту қажет. Еліміздің Орталық Азия мен Каспий өңірінде толыққанды көлік хабына айналуға ниетті екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Бұл қадамымызға «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, Каспийде танкер және сауда флотын құратын және ірі мұнай-газ жобаларымен жұмыс істейтін Abu Dhabi Ports Company көмектеседі.