Алдымен, Астана, Алматы, Павлодар Теміртау қалаларынан шығып, Семейде табысқан ақын ұрпақтары қала орталығындағы Шәкәрім ескерткішіне барып, гүл шоқтарын қойды. Атап айтсақ, ақынның мерейтойына Алматы қаласында тұратын Шәкәрімнің Айғаншадан туған ұлы Зияттың немересі Нұрлан Мерекеұлы отбасымен, Ғазиза Мұсылманқұлқызы, Нұрбек Қабыкенұлы, Зайраш, Күләш Супияновалар тағы да басқа мәртебелі қонақтар Шәкәрім бабасының ізі қалған шаһарда зор құрметке бөленді.
Бұдан кейін Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейіне келген Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақтары ақынның немересі, Сара Ахатқызының өз қолымен тоқыған кілемді салтанатты түрде музей ұжымына тапсырды. Кілемді Абай музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева қабылдап алды.
– Біздің бәріміз де осы сапарға қатысудың сәті түскеніне қуаныштымыз. Әртүрлі себеппен келе алмай қалғандар да бар. Дегенмен біз үшін басты парыз бабамыздың басына барып, саяхаттап қайтумен қатар Сара Ахатқызының өзі арман еткен кілемді табыстау еді. Ол кісі дүниеден өткелі бес жылдан асты. Марқұм көзі тірісінде осы кілемді «Қажы атам жүрген қалаға барып, музейлердің біріне тапсырсам» деп отыратын. Міне, сол аманатын орындағанымызды иықтан жүк түскендей сезініп отырмыз. Өйткені аманатқа қиянат қылмай орындау тіріге парыз ғой. Шәкәрім атамыздың 165 жылдығында жол түсті бүгін. Бұдан 15 жыл бұрын атамыздың туғанына 150 жылдық мерейтойы өткенде де келген болатынмын. Ол кезде әкем Мереке өмірде бар еді. Әкем де, мен де сол кезде ерекше әсерде қайтқан болатынбыз, – дейді Нұрлан Мерекеұлы.
Шәкәрім Құдайбердіұлының шөбересі Нұрланның айтуынша, ақынның бес ұлы болған. Әбусуфиян, Ғафур, Қабыш, Ахат және Зият. Әбусуфияннан Берік Суфиянов деген ұрпағы бар. Алматы қаласында тұрады екен. Ахат Шәкәрімұлынан Дәулет Құдайбердиев деген немересі де Алматыда тұрады. Бірақ та екеуі де бұл жолғы сапарға түрлі себептермен қосыла алмапты.
Сонымен ақынның ұрпақтарын атақонысымен, Шәкәрім қажының өмірі өткен тарихи орындармен таныстыру, ақынның шығармашылы-
ғын, өмір жолын насихаттау мақсатындағы шараның келесі бөлігі Шыңғыстау топырағында жалғасты.
Қаламым, қарындашым –
жан жолдасым!
Жау болды жан аяспас
сан жолдасым.
Қайрылып, мейірімденіп
қарамайды,
Кеше – аласа, бүгін – зор,
паң жолдасым, –
деп өмірінің соңында ел басына түскен зұлмат жылдарда шерін төгіп, жазықсыз оққа ұшқан Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлт тарихының шындығын танытатын қазыналы мұрасы бізге тағылым болары анық.
Абай ауданына келген қонақтарды жергілікті басшылық, ел азаматтары ерекше пейілмен қарсы алды. Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» кесенесінде Шәкәрім қажының рухына құран бағышталды. Дәл осы күні (14 шілде) «Шәкәрім баба өсиеті» тақырыбында облыстық жазба ақындар мүшәйрасы да мәресіне жетіп, Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуаныш Еркінұлы бас жүлдені еншілесе, І орынға аягөздік ақын, ұстаз Динара Рахатқызы лайық деп танылды. Ал ІІ орын Бауыржан Игілікке, ІІІ орын М.Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының түлегі, Turkistan халықаралық саяси апталығының журналисі Ділда Уәлибековаға бұйырды.
Бұдан кейін ұлы тұлғаның ұрпақтары қасиетті Қарауылдағы М.Әуезов атындағы орталықтандырылған кітапханаға аялдап, «Шежірелі Шәкәрім» атты кітап көрмесімен танысып, зиялы қауым өкілдерімен бірге өздерінің ой-ұсыныстарын ортаға салып, әсерімен бөлісті.
Айтпақшы, баба ұрпақтарының тағдыры туралы бүгінге жеткен мәліметтер жайына да тоқталған артық болмас.Шәкәрім Құдайбердіұлының екі ұлы Зият пен Суфиян өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы зұлматта Қытайға бой тасаласа, Ғафур абақтыда өзін өлтіруге мәжбүр болғаны ауыр қасірет. Ал Қабыш алапат ашаршылықтан ғұмыры үзілді, Ахат Шәкәрімұлы да кер заманның қудалауынан сырт қалған жоқ. Елге мәлім жайт, Ахат Шәкәрімұлы тек 1968 жылы ғана атажұртына оралып, ғұмырының соңына дейін Абайдың Жидебайдағы музей үйіне басшылық еткен.
«Шәкәрім жүрген ізбенен» атты тарихи сапар аясында жан-жақтан келген ақын ұрпақтары оның мәйіті 30 жыл жатқан Құрқұдықта, кіндік қаны тамған Кеңбұлақ, алғашқы мекен еткен жері Кеңқоныста, Керегетас, Шақпақ таулары, ақын ғұмырының соңғы жылдары өткен Саятқора сияқты тарихи мәні айрықша жерлерде болды.
Айта кетейік, мерейтойды өткізу жөнінде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл басынан бері 100-ге жуық түрлі шара ұйымдастырылды.
Биыл «Абай жолы» кітаптар сериясымен ақынның орыс тіліндегі өлеңдер жинағы жарық көрмек. Сонымен қатар Семейде Шәкәрім атындағы университеттің бастамасымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.