Платформаның негізгі міндеті – жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді бір ортада біріктіру. Бастаманы жоғары оқу орындарының өкілдері көтерген. Бүгінде қосымшаға еліміздің 20 өңірінен 500 жұмыс беруші тіркеліпті. Олар 1 500 бос жұмыс орнын жариялап үлгерген.
– NEET жастардың жұмыспен қамтылуы және олардың үлесін азайту – қалалық жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда басқармада жұмыссыздықпен күресу үшін 4 өзекті мамандық – қызмет көрсету, IТ, қолөнер және soft skils бойынша жастарға арналған қысқамерзімді курстар іске қосылды. Жаңа дағдыларды игеру жастарға перспективалы және қызықты мамандықты таңдауға, жұмыс табуға, қоғамдағы тәуелсіз өмірге бейімделуге және өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 3 850 жас 14 курс бойынша білім алды. Біздер «Jobfair 365» платформасы арқылы да жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол аштық. Қазір онда ең сұранысқа ие көлік және логистика саласындағы 257 бос жұмыс орны және өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы 222 бос жұмыс орны, – деді Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Әзиз Қажденбек.
Ал жәрмеңкенің өзіне 850 ірі компания қатысып, 10 мыңнан астам бос орын ұсынылған. Нәтижесінде, кәсіби тағылымдамаға 3 800 адам және одан әрі жұмысқа орналасу үшін 4 900 азамат шақырылыпты.
Жалпы, еліміздің түкпір-түкпірінде бос орындар жәрмеңкесі жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында «Tulga Bol» акциясын ұйымдастырды. Мұнда түлектер мен жастарға жұмысқа орналасу мәселелері, мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру, тұрғын үй сатып алу, 2,5% несие, өз ісін ашу және басқа да бағыттар жөнінде кеңес берілді. Іс-шара 7 маусым күні Қызылорда облысынан басталды.
– Бұл жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінде облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығындағы 250 мыңға жуық жас бар. Оларды қоғамның белсенді азаматтарының қатарына қосу – мемлекеттік маңызы бар саяси бағыттардың бірі. Сыр жастары осы жәрмеңкеде бос жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық және тағы басқа өздерін толғандырған сауалдар төңірегінде жауап таба алады. Әр адам өз мүмкіндігін жүйелі пайдалану арқылы жетістікке жетеді. Осы мақсатта аймақтан 611, басқа өңірлерден 600 бос жұмыс орындары ұсынылды, – деді Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Ибраев.
Бүгінде елімізде жұмыссыздардың саны 453,5 мың. Оның ішіндегі 15 пен 34 жастағылар 4,8%-ды құрайды. Осы орайда жастарды әлеуметтендіруге бағытталған мүмкіндіктер керуенінің тағы бірін республика көлемінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты «Жастарға жұмыс» атты жобасын ұйымдастырып жатыр.
– Жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындары үшін талас-тартысқа түседі. Сондықтан бос жұмыс орындары туралы мәліметті басқалардан бұрын білу маңызды. Бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгімелесу өте ыңғайлы. Сонымен қатар интернеттегі немесе еңбек биржасындағы хабарландырулардан айырмашылығы – мұнда жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, толғандырған сұрақты қоюға болады. Ал жүзбе-жүз әңгімелескен кезде міндетті түрде көп ақпарат аласыз, – деді студент Шыңғыс Тұрысбеков.