Тұсаукесерге елордадағы діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметшілері келді. Салтанатты шарада Астана қаласы әкімдігінің тапсырысымен шығарылған 5 діни әдебиеттің тұсауы кесілді. Негізі елде жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен әртүрлі діни кітаптар жарық көреді. Бұл қадам қоғамда рухани, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, дін, мәдениет арасында өзара түсіністік пен келісімге қол жеткізуде маңызды рөл атқарады деп білеміз.
Іс-шарада қалалық мәслихаттың төрағасы Ерлан Каналимов та дін мен дәстүр сабақтастығы жайында тағылымды ой қозғады.
– Дін халқымыздың әлеуметтік және рухани өмірінің бір бөлігі іспетті. Қазақ халқы ежелден салт-дәстүр, әдет-ғұрпын дінмен ұштастырғанын білесіздер. Иә, дін мен дәстүр егіз ұғым секілді. Ұрпақ тәрбиесінде де дін мен дәстүрдегі құндылықтар қатар жүреді. Елордадағы діни нысандарды және оның шығу тарихын түгендеп, энциклопедия шығару – үлкен еңбекті қажет ететін іс. Енді келешекте осы кітаптар елордалықтарға, қонақтарға, дін саласының зерттеушілеріне салмақты нұсқаулық болады деп ойлаймын. Осындай ізгілікке үндейтін еңбектер көп болсын. Авторларға алғыс айтамыз, – деді қайраткер.
Білсеңіздер, «Елорданың діни нысандары» деген атаумен жарық көрген энциклопедия Астана қаласындағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы мағлұмат қамтылған ең алғашқы бірігей еңбек саналады. Сондықтан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен де осы жинақтың мазмұнына аз-кем тоқталды.
– Жыл басында Дін істері басқармасымен кеңесіп, елорданың ширек ғасырында астаналықтарға қандай дүние ұсынамыз деп ойладық. Ақылдаса келе осы энциклопедияны жарыққа шығаруды қолға алдық. Елордада 14 діни конфессия мен 57 діни бірлестік ел егемендігін алған тұстан беріге дейін өзінің дара жолын қалыптастырды. Осы жетістіктерді бүгін тұсауын кесіп отырған жинақта көрсетуге тырыстық. «Елорданың діни нысандары» энциклопедиясы және діни сауат ашатын кітаптар елордалықтарға олжа болсын, – деді Е.Байкен.
Жинақ 16 тараудан тұрады. Әрбірінде елорданың діни конфессиялары туралы мағлұмат түгенделген. Тұсауы кесілген кітаптардың мән-маңызы туралы «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы былай деді:
– Бүгін тағылымды кітаптар баршаға ой салып отыр. Бірінші – тарихқа барлау, екінші – бүгінімізді айқындап алу, үшінші – осы кітаптың шеңберінде қоғаммен байланысты қалай нығайтамыз деген мәселе төңірегенідегі пайым. Қаланың тарихына зер салсақ, әуелі біздің мың жылдық жолымыз, Бозоқ қалашығы, Есілдің бойындағы қала, қоныстардан бастау алады. Бұл – даланың тарихы. Ал бүгін тұсауы кесіліп жатқан жинақта Ақмола астана болған тұстан бергі ізденістер, ғимараттар қамтылғанын мазмұнынан аңғардық. Энциклопедиямен қатар дінтанушылардың төрт еңбегі де маңызды. Біз дін туралы ұғымымызды нақтылайтын, жүйелейтін кезеңде тұрмыз. Лайым, бүгінгі кітаптардың оқырманы көп болсын.
Салтанатты жиынға келген қонақтар тарихи кезеңде тұсауы кесіліп жатқан кітаптар елге кең тарап, зерделі оқырманын тапсын деген жылы лебізін білдіріп, құтты болсын десті.