Қоғам • 21 Шілде, 2023

Велосаяхатшы Жұмабай ақсақал

412 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұрынғы ақтөбелік теміржолшы, жетпістегі ­зейнеткер Жұмабай Отар­ғалиев биыл велоси­педпен ел аумағын түгелдей аралап шығуға бел буған екен. Ол ұлт ұясы – Ұлытауға да жетті.

Велосаяхатшы Жұмабай ақсақал

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бақыт­жан Жайлаубаев, облыстық Ардагерлер кеңесінің төраға­сы Сағындық Қожамсейітов бастаған азаматтар ақса­қал­ды құрметпен күтіп алды. Ол жастармен кездесті, сапарының мәнін түсіндірді.

– Мен жасымнан спортты серік еттім. Саяхатқа шығу, ел тану, жер көру бала күнгі арманым еді. Сол арманыма енді ғана қол жеткізе бастадым, – деген ақсақал велосипедпен алғаш рет 2017 жылы сапарға шыққанын айтты. Сол жылы ол 49 мың теңгеге велосипед сатып алып, арақашықтығы 350 шақырымдай болатын Шалқардан Ақтөбеге 4-5 күнде барған көрінеді. Содан бері 100-ден аса елді мекенді аралап шығыпты.

– Бұл жолғы сапарымды Байбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына, Шу – Мойынты теміржолының пайдалануға берілгеніне 70 жыл толуына арнаймын, –деген Ж.Отарғалиев ақсақал жастарды спортты сүюге, үнемі сергек жүруге шақырды. Ол кездесу бары­сын­да жүрі-тұрысқа да, денсаулықты шыңдауға да вело­сипедтің пайдасы зор екеніне тоқталды.

Елімізді екі ай мерзімде аралап шығуға ниеттенген велошабандоз қасиетті Ұлытау сапарынан соң шежірелі Сыр еліне бет түзеді.