Оқиға • 21 Шілде, 2023

Айтуардың «Ақылды сөмкесі»

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Ордабасы ауданы Төрткүл ­ауы­лында тұратын бір жас жеткіншек «ақылды сөмке» ой­лап тапқан. Сонда оның жаңалығы неде дерсіз ғой. Ол анау-­мынау емес, өздігінен жүретін «ақылды сөмке» болып тұр. Оның өзінің тағы пульті бар. Сонымен басқарып жылжытуға болады. Кереметін қараңыз! Қисық жол мен шоқалақ оған кедергі емес. Оңай өтіп кете береді.

Айтуардың «Ақылды сөмкесі»

Жаңалықтың иесі – «Төрт­күл» жалпы орта мектебінде оқи­тын жеткіншек Айтуар Совет­бек. Ешкімге айтпай сөмкені жасап болып, сыныпқа бірге кіріп келгенде мұғалімдердің де, оқу­шылардың да ауыздары ашылып қалыпты. Адам бір нәрсеге мұқтаж болса, соған жетсем деп армандайды. Еңбектенеді, ақыл-ойын іске қосады. Айтуардың ойлап тапқан дүниесі де сол мұқтаждықтың нәтижесінде пайда болған. Ол осыдан бір жыл бұрын жол апатына түсіп қалған екен. Содан күрделі операция жасалады. Дәрігерлер ұзақ уақыт ауыр зат көтеруге тыйым салыпты. Тіпті кітап-дәптердің өзін көтеруге болмайтынын ес­кертіпті. Ал Айтуар білім ал­ғанды жақсы көреді. Са­бақтан қал­ғанды ұнатпайды. Не істеу керек?! «Қалауын тапса, қар жа­нады» демекші бо­йын­да таланты бар оқушы білімі мен ой жүйріктігін де іске қо­сып «ақылды сөмке» жасап шы­ғарған. Сөйтіп, мінеки ты­ғырықтан шығар жол тауып кетіпті.

«Үйде жата бергеннен пайда жоқ. Ешнәрсе оқи алмай­сың. Жалғыз қалғанда білім алуың да қиын ғой негізі. Оның үсті­не сыныптастарым мектептің на­ғыз қызықты шақтарын бастан өткеріп жатқанда қалай үйде тыныш жатасың. Қатарым­нан қалғым келмейді. Бірақ сол кез­де мектепке барайын десем, денсаулығым жарамады. Оқу-құралымды таситын жеке бір адам керек болды. Үйдегілерге жауапкершілік арта алмадым. Әрқайсысының жұмысы бар. Үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын бір күні ойланып жатып, шіркін кітаптарым­ды таситын, әрі пультпен жүре­тін сөмкем болса ғой деп қиял жетегіне беріліп кеттім. Несі бар, істеп көрсек, көрейік дедім де алдымен нобайын қағазға түсіріп, картоннан алғашқы үлгісін жасадым. Пластмасса жәшігін, одан басқа бірнеше материалды пайдаландым. Ол тиімділігін байқау үшін керек еді. Осылайша, дүниеге пластмасса материалынан жасалған сөмке келді. Пультпен жүретін, әрі басқарылатын болған соң оған «ақылды сөмке» деп ат қойып алдым. Керемет болды. Сөмкем менімен бірге кітап-дәптерімді көтеріп мектепке дейін серік болып барады. Тек­пешекке келгенде сыныптас­тарым көмектесіп жібереді», деді ағынан жарылған жас өнер­тапқыш Айтуар.

«Баласы атқа шапса, анасы үйінде отырып тақымын қы­сады» демекші, ұлының бұл идеясына әлбетте анасы қолдау білдіріп, тіпті дизайнына дейін ақыл-ойын қосып жәрдемін көрсеткен. Сондықтан «ақылды сөмкенің» сырт пішінінің идея авторы анасы десек жарасады. Қазір түркістандық оқушы жылжымалы сөмкені одан әрі жетілдіріп жатыр. Енді текпешектен де өзі көтеріліп шыға беретін механизм жасамақшы. Алған ойы сәтті жүзеге асса, өнімін сатылымға шығарсам ба деген ниеті бар көрінеді.