Көрме • 21 Шілде, 2023

Таңдаулы өнім көрмесі

230 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Отандық кәсіпкерлердің жеке өнімімен, жалпы, халық таныс емес. Бұл ретте өңірдегі орта һәм шағын бизнес өкілдері өндірген заттарды нарыққа шығару маңызды. Осындай қадамға барсақ, ішкі сұраныс артары анық. Осы орайда Жетісуда тұңғыш рет «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық көрме-байқауы өтті.

Таңдаулы өнім көрмесі

Алдымен ауыл-аймақтан жиылған кәсіп иелері тауарларын сөреге қойып, тұрғындарға оның мән-мазмұнын түсін­дірді. Байқауға түрлі салада еңбек ететін 30 шақты отандық тауар өндіруші қа­тысты. Ал «Бір ауыл – бір өнім» ұлттық жо­басында тағы 50-ге жуық кәсіпкер өнім­дерін көпшілік назарына ұсынды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастаған топ әуелі байқауға қатысушылардың көр­ме­сін тамашалап, ұсынылған өнім түр­лерінің сапасына мән берді.

Көрме сөрелеріндегі құрылыс бұ­йымдары мен ауыл шаруашылығы және элек­тротехникалық өнімдер, меди­цина­лық құрал-жабдықтар мен тұр­мыс­тық жиһаздар, зергерлік бұйымдар, киім-кешек пен аяқкиімдер, ет, сүт, ұн сияқ­ты азық-түлік өнімдері, ұлттық тағам түрлері, тағы басқалары жиналғандар­дың таңданысын туғызып, таң-тамаша етті. Көрме кезінде қонақтар тауарлар мен қызмет түрімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жүн, тері бұйымдары да жиналғандардың жоғары бағасын алды.

Мәселен, Көксу ауданы Балпық би ауылының тұрғыны жас кәсіпкер Бағдат Сатыбалдының табиғи теріден жасалған күз, қыс, көктем мезгілдерінде киетін аяқ киімдері көпшілікті өзіне қаратты. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс орны осыдан 7 жыл бұрын құрылған. Ол кә­сі­бін аяқ киімдерді жөндеуден бастап, ке­йіннен аяқкиім тігуді үйреніп, өнерін ұш­таған. Бұйым жасауға қажет тері Текелі, Шымкент қалаларынан жеткізіледі, яғни шикізаттың басым бөлігі отандық өнім бо­лып табылады. Қолдан тігілген бұйым­дар, әсіресе маусым кезінде жақсы өтіп, тауарға сұраныс артады. Сатып алушылар аймақтың әр түкпірінен келеді. Әуелі шет елден де тапсырыс түседі. «Бағдат» жеке кәсіпкерлігінің иесі бүгінде 5 адамды жұ­мыспен қамтып отыр.

Жиын барысында облыс әкімі елімізде кәсіпкерлікті дамыту негізгі міндеттердің біріне айналғанын жеткізді.

«Шағын және орта бизнесті өрістету қала мен даланы өркендетуге жол ашады және жергілікті жұртшылықты жұ­мыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгін­де кәсіппен айналысам деушілер үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер аз емес. Жаңа идеяны жүзеге асыруға ұсыныс тастаған адамдарға билік тарапынан әрдайым қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ қазірдің өзінде біраз елге әйгілі болып, брендке айналған Лепсі балы – Жетісу аймағы үшін үлкен мақтаныш», деді Б.Исабаев.

Одан кейін әкім кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарға да қысқаша тоқталып, соңынан кәсіпкерлер ісіне сәттілік тіледі.

Көп ұзамай үздік кәсіпорындар анық­талып, жетекшілеріне барынша сый-құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бей­біт Исабаев жеңімпаздарды бағалы сый­лықтар және арнайы дипломдармен ма­ра­паттап, жүрекжарды жылы лебізін ар­нады. Байқау қорытындысына сәйкес, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар­лар» аталымында Кербұлақ ауданындағы цемент шығаратын «Алацем» ЖШС 1-орынға ие болса, құрылысқа қажет бояу түрлерін өндіретін «Алматы бояулары» ЖШС – 2-орын , 3-орын «Уыз май Industry»» ЖШС-ға бұйырды.

Ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша сүт өнімдерін өндіріп, өткізетін Талдықорған қаласындағы «JLC Сүт» ЖШС үздіктердің қатарынан табылып, Алакөл ауданындағы бал түрлерін шығаратын «Лепсі өнімдері» ЖШС 2-орынға ие болды. Аспаздық және кондитерлік өнімдерді өндіруге маманданған Талдықорған қаласындағы «Хакимова» ЖК 3-орынға шығып, жинал­ғандардың қошеметіне бөленді.

«Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Панфилов ауданынан балалар төсемдері мен гигиеналық құрал­дарды өндірумен айналысатын «Elite Baby Production» ЖШС 1-орын алса, 2-орын Көксу ауданында құрылыс материалдарын өндіретін «Строитель» ЖШС бұйырды. Ал жүннен тұрмыстық бұйым­дар жасайтын «Келгембаева Ж.К.» ЖК 3-орынға қол жеткізді.

Іс-шараның келесі кезеңінде «Бір ауыл – бір өнім» ұлттық жобасының қо­­ры­тындысы шығарылды. Облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Римма Салықова: «Жоба ауылдағы бизнесті дамытуға бағытталған. Ауылды жерлерде де кәсіп­ті өркендетіп, сапалы өнім өндіріп, келешекте экспортқа шы­ғаратындай табыс табуға болады. Бұл шарада үздік 10 өн­діруші таң­далды. Олардың 3-еуі осы жо­баның рес­пу­бликалық кезеңіне қаты­сады. Ке­йін­нен олармен өнімдерін ішкі және сырт­қы нарықтарда ілгерілету үшін жұ­мыс жүргізіледі. Маркетингтік және әдіс­намалық сүйемелдеу, сондай-ақ мен­торлық және оқыту жүзеге асырылады. Жапо­ниядан келген жоба серіктестер қол­дау көрсетеді», деді Р.Садықова.

Ендігі кезекте жеңімпаздар облыс атынан Астана төрінде өтетін республикалық «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады.