Кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасын 2016 жылы өткізсе де, 2018 жылдан бастап аталған спорт түріне ден қойған отандасымыз өткен жылы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы (72,6 кг) әлем чемпионы атағын жекпе-жексіз жеңіп алған болатын. 2021 жылға дейін WBO белбеуін иеленіп келген америкалық Деметриус Андраде 2021 жылдың соңында чемпиондық атаққа міндетті үміткер болған Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жекке шығудан және белбеуін қорғаудан бірнеше рет бас тартты. Ақыр соңында Андраде супер орта салмаққа ауысатынын айтып, Дүниежүзілік бокс ұйымының чемпиондығынан бас тартатынын жариялады. Сөйтіп, бұл белбеу ешқандай айқассыз отандасымыздың иығынан табылды.
Осыдан кейін Жәнібек 2022 жылдың күзінде британдық боксшы Дензель Бентлимен бетпе-бет келіп, алғаш рет міндетті әлем чемпионы атағын сәтті қорғады. 12 раундқа жоспарланған жекпе-жекті екі боксшы толық жұдырықтасып шығып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жәнібек Әлімханұлы жеңімпаз деп танылды. Кейіннен отандасымыз осы жылдың мамыр айында WBO белбеуін екінші мәрте қорғады. Бұл жолы ол 2017 жылы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жектің алдында «Канелоның» спарринг-серіктесі болған канадалық Стивен Батлермен қолғап түйістірді.
АҚШ-тың Стоктон қаласында өткен бокс кеші де 12 раундқа белгіленгенімен, жекпе-жек ұзаққа созылмады. Барлық мәселе екінші раундта шешілді. Әлімханұлы әуелі қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, кейіннен қарсыласын апперкот соққысымен тағы бір есеңгіретіп алды да, сол қолымен құлақшекеден ұрды. Нокаут! Осылайша, Әлімханұлы өзінің спорттық мансабындағы 14-жеңісін тойлап, чемпиондық атағын екінші мәрте сәтті қорғады.
30 жастағы британиялық жеңілмеген боксшы Феликс Кэш осы жылдың алғашқы тоқсанында америкалық Остин Уильямспен орта салмақтағы WBA белбеуіне міндетті үміткер атануы үшін жекпе-жек өткізуге тиіс еді. Алайда сол кезде WBA чемпионы болып тұрған Геннадий Головкин белбеуден бас тартатынын мәлімдеген соң, екі боксшының промоутерлері бұл айқасты ұйымдастыруға аса ниетті бола қоймады. Өйткені есімдері бокс жанкүйерлеріне енді танылып келе жатқан үміткерлер арасында жеңіске жеткен екі боксшының бірі GGG-мен шаршы алаңда кездесуге тиіс еді. Ал бұл өз кезегінде жеңімпаз атанған боксшы үшін әжептәуір танымалдыққа ие болатын орайлы сәт болатын. Сөйтіп, екі промоутердің де, боксшылардың да жоспарлары іске аспай қалды.
«Кэш Уильямс ұтымды ұсыныстан бас тартпайды деп ойлаймын. Өйткені ол маған үнемі үздіктермен жұдырықтасуға дайын екенін айтып келеді. Сондай-ақ оған үлкен жекпе-жектер өткізетін уақыт келді деп есептеймін. Қазіргі таңда біздің қолымызда әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасу туралы ұсыныс хат бар. Нақты шешімді жақын арада қабылдаймыз», деді Эдди Хирн.
Британиялық боксшы да Жәні-
бектің ұсынысына кет әрі емес секілді. Егер екі тарап ортақ мәмілеге келсе, жер-жаһанның жанкүйерлерін алда тағы бір қызықты айқас күтіп тұр деуге болады. Кэш Уильямс өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы жекпе-жекке қатысты арнайы пост жазды. «Егер Жәнібек Әлімханұлы менімен жұдырықтасқысы келсе, мен қарсы емеспін. Эдди Хирн, бұл жекпе-жекті ұйымдастырайық», дейді ол.
1993 жылы Англияның Чертси қаласында дүниеге келген Кэш Уильямс кәсіпқой бокс шаршы алаңында 2016 жылдан бері жұдырықтасып келеді. Ол өзінің кәсіби мансабындағы дебюттік айқасын 2016 жылдың 25 маусымында Энтони Джошуа мен Доминик Бризил арасындағы бокс кешінің андеркардында өткізіп, Яилтон Невесті ұпай санымен қапы қалдырды.
Сондай-ақ британиялық боксшы алғашқы 9 жекпе-жегінің алтауында мерзімінен бұрын жеңіске жетіп, ә дегеннен бокс мамандарының назарын өзіне аударды. 2018 жылы ол кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуіне де қол жеткізіп, чемпиондық атақтың тәтті дәмін татты. Лондондағы Copper Box Arena спорт кешенінде өткен бокс кешінде ол нидерландтық Стивен Даньоны да ұпай санымен ұтып, WBC International Silver орта салмақтағы әлем чемпионы атағын иеленді. Кәсіпқой бокста жүрген отандастарымыздың жекпе-жектерін үнемі бақылап, назардан тыс қалдырмай жүретін жанкүйерлердің есінде болса, 2021 жылдың басында орта салмақта жұдырықтасатын тағы бір жерлесіміз Садриддин Ахмедов дәл осы Стивен Даньомен Мексика шаршы алаңында жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен болатын.
Сондай-ақ Кэш Уильямс 2021 жылдың сәуір айында Жәнібектің бұған дейінгі қарсыласы Дензель Бентлимен де кездесіп, оны үшінші раундта-ақ сұлатып салған еді. Кэш ең кейінгі айқасын өткен жылдың желтоқсан айында португалиялық Селсо Невеспен (9-4-2, 2 КО) өткізіп, ұпай санымен жеңіске жеткен. Міне, британиялық боксшының әзірге кәсіпқой бокстағы бар табысы осы ғана.