Қоғам • 21 Шілде, 2023

Келестің көңілді күндері

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, Біз лагерьге барамыз» деп келетін әнді бала күнімізден жадымызда жаттаған едік. Иә, жаз маусымы жанға жайлы, көңілді демалысымен қызықты. Әсіресе мектеп оқушылары каникулды асыға күтеді.

Келестің көңілді күндері

Осы ретте Түркістан облысы Білім басқармасы «Облыстық жас туристер стансасы» мемлекеттік мекемесіне қарасты Келес аудандық Білім бөлімі балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізуіне барлық жағдай жасаған. Аудандағы жазғы лагерьлерде балалар­дың уақтылы тамақтануы, ойнауы,­ шығармашылықпен айналысуы, экскур­сияға шығуы, демалуы жан-жақты жос­парланған. Мұнда жеткіншектер бір-бірімен танысып, тіл табысып, тез дос­тасады, көпшіл болуға, ашық мінезді болуға үйренеді. Сондай-ақ оқушылардың денесін шынықтыру, ақыл-ойын ұштау да – лагерьдің негізгі мақсатының бірі.

Іскер басшы Ғалымжан Мырза­нов жетекшілік етіп отырған аудан­дық бөлімдегі педагогтер – М.Әбі­лов,­ С.Қалдаров, Д.Мырзанов, А.Ахме­това өз ісін сүйетін, жұмысына жауап­кер­ші­лікпен қарайтын, білімі мен білігі то­ғысқан мамандар. Осындай тәжірибелі мұға­лімдердің тәрбиесін алған оқушылар да осал емес, облыстық жарыстарда бір­­не­ше рет топ жарып, жүлделі орындарға ие болды.

«Төрт тоқсан – төрт өнер» атты ұлттық мәдени-ағартушылық жобасының «Туған өлкем» фестивалі аясында «Облыстық жас туристер стансасы» мекемесінің директоры С.Өмірбаеваның елімізде ұлттық жоба ретінде ұлттық туризмді дамыту, оны жаңаша түрлендіріп енгізу бойынша педагогикалық кеңестегі ұсы­нысына сәйкес, Келес аудандық Білім бөлімінің ұйытқы болуымен «Ұлттық ат спортын үйірмешілер арасында насихаттау» атты облыстық алғашқы көшпелі семинар өтті. Оған ардагер шабандоз Мұстафа Адамбеков, атбегі Ыдырыс Көлбаев, шабандоз Тіллабек Үсенов шақырылып, олар ат спортындағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ іс-шара аясында ат әбзелдері, көкпаршының киімі, қамшы өр­у­ секілді ұлттық өнерді насихаттайтын­ көр­ме­ ұйымдастырылып, «Көкпар тарту» ойы­­ны көрсетілді. Көшпелі семинарға Кен­тау, Отырар, Төле би, Сайрам, Түлкібас, Қазы­ғұрт аудандарынан қонақтар келді.

Оқушылардың жазғы демалысы бас­талғаннан бері 50-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Қосымша білім беру педагогы С.Қалдаров шілде айында «Жас туристер» тобындағы шәкірттерімен «Сарыағаш» шипажайына танымдық экскурсия жасады. Экскурсия барысында оқушылар «Сарыағаш» шипажайының ерекшелігі, суының емдік қасиеті мен құрамындағы минералдары, олардың адам ағзасына пайдасы туралы көптеген тың мәліметке қанықты. Туған өлкенің өзіне тән осындай өзгешелігі үйірмешілердің кеудесіне таңданыс пен мақтанышты ұялатты. Ал тәжірибелі ұстаз Д.Мырзанов «Жас тау туристері» үйірмесінің оқушы­ларымен «Жаз қызығы – мол демалыс» жоспарына сәйкес, «Кедергілер жолағы» атты  тақырыпта жарыс өткізді.

«Туған жерге туың тік» деген сөз бекер емес. Отанға, елге, жерге деген құр­мет өзіміз өскен өлкеден басталады. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Оқу­шылардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, балалар тәр­биесінде дұрыс бағыт-бағдар беру, олар­дың бойына қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау, Отанды сүю, елге адал қызмет ету сынды асыл қасиеттерді сіңіру – біздің қастерлі міндетіміз.

 

Жомарт МЕДЕТОВ,

Келес аудандық

Білім бөлімінің әдіскері

Түркістан облысы