Теннис
БАСЫ ТӘТТІ, АЯҒЫ ҚАТТЫ
Осы күндері Францияда теннистен өтіп жатқан Rolland Garros турнирінде отандасымыз Ярослава Шведова жартылай финалдағы жекелей сында әлемнің төртінші ракеткасы Елена Янковичтен 7:5, 6:4 есебімен ұтылып, жарыстан шығып қалса да, миксте, яғни, аралас жұпта ақтық бәсекеге берілетін жолдама үшін өткен кездесуде австриялық Джулиан Кноул екеуі неміс қызы Кристофер Каса мен америкалық Вания Кингті жеңген еді.
Алайда, финалда Шведова әріптесімен бірге Катерина Среботник пен Ненад Зимонджигке қарсылық көрсете алмады. Үш сетке созылған бәсекеде Ярослава австриялық теннисші екеуі оларға 6:4, 6:7, 9:11 есебімен есе жіберіп алды. Дегенмен, қазақстандық теннисшісінің осы жылғы турнирде лайықты деңгейде өнер көрсете алғанын атап өтуге болады. Ол былтырғы бәсекенің үшінші айналымында ресейлік Марина Шараповадан жеңілсе, биылғы сында бірталай қарсыластарын жарыстан шығарып, финалға дейін жетті.
Ал Чехияда Unіcredіt Chech Open турнирінде Андрей Голубев бельгиялық Оливер Рохусты жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Енді ол жергілікті теннисші Радек Штепанекпен бәсекеге түседі. Тағы бір отандасымыз Михаил Кукушкин Германияда өтіп жатқан Челленджер турнирінде ресейлік Константин Кравчукты 6:2, 6:4 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Бұл сында ол неміс Жулиан Рейстермен кездеседі.
Күрес
ЖҮЛДЕГЕ ҚОМАҚТЫ СЫЙАҚЫ
Бүгін Грузияның Тбилиси қаласында еркін және грек-рим күресінен “Гран-При” халықаралық турнирі басталады. Алдағы дүйсенбіге дейін созылатын бәсекеге 15 елдің өкілдері қатысып, белдесуге ниет білдіріп отыр. Олардың арасында қазақ балуандары да бар.
Грек-рим күресінен ұлттық құрама мына құраммен Тбилисиге аттанды. Ең жеңіл, яғни 55 кило салмақта Асхат Құдайбергеновпен Ербол Қалыбаев белдеседі. 60 килода Ербол Қоңыратов, Марат Кәрішалов пен Нұрбақыт Теңізбаев жарысқа қатысса, Дархан Баяхметов, Айбек Еңсеханов пен Шыңғыс Қайырмағамбетов 66 килода сынға түседі. Сондай-ақ, Досжан Қортықов, Роман Мелешин, Жандарбек Қабдолов, Асхат Дінмұхамедов 74 килода кілемге шықса, Андрей Самохин, Алзахор Өздиев, Жаңаберген Қабдешев 84 килода, Ерұлан Ысқақов 96 килода белдеседі.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мұратбек Қасымхановтың айтуынша, Мәскеуде жеке бағдарлама бойынша жаттығып жүрген команданың мүшесі Әсет Мәмбетовтен басқаларының бәрі Грузия боз кілеміне шығады. Өйткені, осы турнир алдағы кезде өтетін әлем чемпионаты мен жазғы Азия ойындары, Қазақстан Республикасы Президенті кубогы жолындағы белдесулерге дайындық ретіндегі бәсеке болмақ. Ал еркін күрестен еліміздің бас командасы мына құраммен Тбилиси кілемінде күш сынасады. Ең жеңіл, 55 кило салмақта Дәулет Ниязбеков, 60 килода Дәурен Жұмағазиев, Абылай Телтаев белдесетін болса, Ақжүрек Таңатаров (66 кг.), Абдухәкім Шәпиев (74 кг.), Семен Семенов (84 кг.), Марид Муталимов (120 кг.) өз салмақ дәрежелерінде өнер көрсетеді.
Бұл турнир Халықаралық күрес түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен жыл сайын өтетін бәсеке болғандықтан, оның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйлық беріледі. “Гран-При” белдесулерінің екінші кезеңі саналатын биылғы турнирде топ жарған балуандарға тағы да сыйақы беріледі деп күтілуде.
Бокс
ШЫДАМДЫЛЫҚ ШАРШЫ АЛАҢДА ШЫҢДАЛАДЫ
5 маусым күні Қостанайда бокстан 1995-1996 жылдары туған жасөспірімдер арасында ел біріншілігі жалауын көтереді. Бір аптаға созылатын бәсекеге еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан 220 былғары қолғап иелері қатысып, 15 салмақ дәрежесінде бақ сынасады.
Биылғы біріншілікке Оңтүстік Қазақстан облысы ең көп боксшы апарып отыр. Олардың құрамында 26 боксшы бар. Одан басқа жарысқа Астана, Алматы қалалары мен Қостанай, Қарағанды, Жамбыл облыстары 20 боксшыдан, Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстары 15 спортшыдан, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақмола өңірлері 10 адамнан әкелсе, Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстары біріншілікке 7 боксшыдан қосып отыр.
Қазақстан Бокс федерациясының хабарлауынша, биылғы бәсекенің негізгі мақсаты – 2011 жылы Астанада жасөспірімдер арасында өтетін әлем чемпионатына талантты жастарды іріктеу. Осы сында көзге түскен жеткіншектер алдағы кезде оқу-жаттығу жиындарына шақырылады. Сонымен бірге оларды білікті бапкерлердің қарамағына жинап, түрлі халықаралық турнирлерге қатыстыру да көзделуде.
Дастан КЕНЖАЛИН.