Бизнес • 21 Шілде, 2023

«Alibaba»-дағы «алтын жеткізушілер»

220 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біраз уақыттан бері отандық кәсіпорындардың халықаралық Alibaba.com сауда алаңына шыға бастағаны белгілі. Биыл маркетплейсте 70 отандық компанияны орналастыру жоспарланып отыр. Бірінші кезең аясында 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 44 ұйым іріктелді. Олардың барлығы Alibaba платформасында бір жылдық «Алтын жеткізуші» мәртебесін алған.

«Alibaba»-дағы «алтын жеткізушілер»

«Премиум мәртебесі отандық ком­панияларға жаһандық аудито­рияға қолжетімділікті ашады, олар­дың халықаралық сауда алаңында танымалдылығын арттыруға мүм­кіндік береді. Бір жыл ішінде кәсіп­керлер танымал маркетплейс арқылы өнімдерді шетелдік нарықтарға қалай жылжыту керектігін тегін үй­ретеді. Бұдан басқа, олар экспорт үдерісінде толық сервистік қызмет пен сүйемелдеуге ие болады», деді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орта­лығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева.

Іріктеудің бірінші кезеңінің қоры­тындысы бойынша өңдеуші сектор өкілдерінен 100-ден астам элек­трондық өтінім келіп түскен. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, дайын азық-түлік тауарларын, машиналар мен жабдықтарды, көлік құралдарын, аспаптар мен аппараттарды, сондай-ақ химиялық өнімді өндірушілер бар. Бағдарламаға қатысуға тауар өндірушілер де, сауда компаниялары да өтініш бере алады. Премиум-шоттарды төлеуден басқа кәсіпкерлерге тексеру рәсімінен өтуге және сауда алаңында шағын сайттар құруға көмектеседі, консультациялық қолдау көрсетеді.

Бүгінде халықаралық B2B сауда алаңында бизнестің барлық сег­менттері ұсынылған. Сұранысқа ие тауарлар арасында «Тамақ, сусындар» және «Ауыл шаруашылығы» санаттарындағы өнімдер жетекші орын алады.

Әсел Егембердиева атап өткен­дей, отандық азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен жоғары сапалы органикалық өнім ретінде өзін көрсете алды. Мысалы, 2020 жыл­дан бастап отандық бал өнімі Alibaba маркетплейсінің халықаралық серік­тестері сұраныстарының басында тұр.

«Жыл сайын біздің тауарларымыз Шанхайда өтетін әлемдегі ең ірі импорттық Ciie көрмесінің алаңында көрсетіледі. Қытай нарығында қазақ­стандық кондитерлік өнімдер, кәм­питтер, шоколад, макарон, күнбағыс майы және басқалары да танымал», деді QazTrade өкілі.

Қазір Alibaba сауда платформа­сында 5 мың отандық тауар орналас­тырылған. Отандық компаниялардың В2В маркетплейс арқылы жалпы сатылымы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 300 млн доллардан асыпты.

Енді алда Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен халық­аралық Alibaba.com сауда алаңына шығару жөніндегі бағдарламаға қа­тысу үшін Қазақстан кәсіп­орындары арасында іріктеудің екінші кезеңі өткізілмек. Жаңа іріктеу 10 шілдеде басталып, 2023 жылдың 23 шілдесіне дейін жалғаспақ.

Естеріңізге сала кетейік, QazTrade экспорттаушыларды қолдау шара­ла­рының Бірыңғай операторы тағы бір қытайлық маркетплейспен ын­тымақтасады – JD.com. мұнда 25 қазақстандық брендтің өнім­дері ұсынылды, мамыр айында тауар­лардың қанатқақты партиясы рекорд­тық мерзімде сатылды.

Мұндай электронды платфор­малардың тиімділігін бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын:

«Қытай әлемдік лидер болып отырған электронды коммерция сала­сында да өзара сауда өсімі үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Alibaba Group және JD COM сияқты қы­тайлық интернет-алпауыттарда потенциал да, орасан тәжірибе де бар. Орталық Азия елдерінің бәсекелі позициясын ескере отырып, өнімдерді алға қарай ілгерілетуде Қазақстан ірі Қытай маркетплейстерін пайдалану ауқымын кеңейтуді ұсынады. Жалпы, өзара сауда айналымының ұлғаю перспективасын ескере отырып Қазақстан жаңа кеден қоймаларын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты логистикалық тұрғыда қолайлы болу үшін барлық серіктестерімізге өз тауарларын біз­дің қоймаларда орналастыруды ұсынамыз. Бұл Қытайдан Орталық Азия және керісінше бағытта тұтыну­шыларына тауар жеткізу мерзімін әлдеқайда қысқартады. Аталған жұмысты «С5+Сһіпа» бірыңғай электрондық сауда платформасын енгізумен синхрондауға болады», деген еді Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммитінде.

Алдағы уақытта Президент ұсы­­нысы тиісті күшіне енеді және соның арқасында елдер арасындағы элек­тронды коммерция айналымы қазіргіден де әлеуетті бола түседі деген сенім бар.

Айтпақшы, Президент осы сөзін айтқан саммит қарсаңында Сиань қаласында «Қазпошта» мен қытайлық UBI Smart Parcel (Shenzhen) Limited өкілдері кездесіп, eBay, Alibaba және Amazon электронды сауда алаңдарына отандастарымыздың қолжетімділігін жеңілдете түсетін тиісті меморандумға қол қойды.