Ильхам Әлиев екінші Қарабақ соғысынан кейін қолдау білдірген елдерді атады.
«Қазақстан Физули ауданында Жастар шығармашылық орталығын, Өзбекстан мектеп салып жатыр. Мектеп тамызда, ал орталық жыл соңына дейін дайын болады. Бұл - қолдаудың символы. Соғыстан кейін шет елдер қаншама қолдау білдірді. Атап айтайын, бұл өте маңызды қимыл әрі ынтымақтастықтың үлгісі болды», деді Әзербайжан президенті.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан Президентінің шешімімен Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығының іргесі қаланған еді.
Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық қос ел арасындағы достықтың, бауырластықтың және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өткен.
Өнер орталығының жалпы ауданы – 3100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Орталық осы жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі.