Құрылыс • 23 Шілде, 2023

«Жайлы мектептің» жайбарақат мердігерлері

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» келешек ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына айтарлықтай мүмкіндік бермек. Қарағанды облысында әртүрлі сыйымдылықта 300-ден 2000 орынға дейінгі 18 мектеп салынады.

«Жайлы мектептің» жайбарақат мердігерлері

10 білім беру нысанының құрылысы биылдан басталды. Яғни Қарағандыда – төрт, Бал­қашта – бір, Бұқар жырау ауда­нында – үш, Шет ауданында екі нысанның құрылысы салынады. Оларды 2024 жылы белгіленген мерзімде тапсыру қажет. Қалған сегіз мек­теп 2024-2025 жылдар­ға жоспар­ланған. Олар Қараған­ды, Абай, Қарқаралы, Приозерск қаласында және Нұра кентінде салынатын болады. Сапасы да аса маңызды. Сол себепті, «Жайлы мектептердің» құрылысы қатаң бақылауда бол­мақ.

Аймақтағы «Жайлы мектеп» жо­басы бойынша мектеп салуды ұтып алған мердігерлер шаруа­ларын ширатпаса болмайды. Құрылысты кешіктіретін бол­са, кешірім жоқ. Жауаптылар құры­лыс жүргізудегі кестеден 7 күн кешіксе, «Samruk-Kazyna Construc­tion» басқармасы мердігермен келісімшартты бірден бұзады. Осындай мәселеге екінші мәрте тап болса, онда тіпті, «қош» айтысады. Енді компаниядан апта сайын техникалық есептер талап етіледі. Қарағанды облысындағы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынып жатқан 10 мектеп­тің құрылысын көзбен көруге арнайы келген «Samruk-Kazyna Construction» басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мердігерлерге осындай қатаң талап қойып кетті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жо­ба­сы аясында жаңа мектептер­ді тұр­ғызатын мердігер компания­лар­дың өкілдерімен төраға Мәулен Айманбетов кабинетке емес, құ­рылыс алаңында кездесу өткізді. Жоғарыдағы талаптарды сонда қойды. Онымен қоса, мерзімдерді кешіктірген компанияларға қандай жауапкершілік қарастырылғанын қадап айтты.

«Апта сайын атқарушылық техникалық есептерді уақтылы тапсырыңыздар. Кем дегенде, екі рет мерзімді бұзып, жұмыстарды кешіктірген жағдайда шартты бұзамыз. Ал жобаны конкурста екінші орын алған компанияға береміз. Өздеріңізге ескертемін. Бақылау қатаң болады! Біз сапаға басымдық береміз» , деді Мәулен Айманбетов.

Егер мердігер құрылыс жұ­мыс­тарын орындау мерзімін бе­кі­тілген кестеден кем дегенде екі рет 7 күннен артық уақытқа ке­шіктірсе, келісімшарт біржақты тәр­тіппен бұзылады. Әрі қарай мек­теп құрылысы конкурста екін­ші орын алған компанияға се­ніп тапсырылады. Ол талаптарға сай келмесе, онда жаңа мерді­гер бір көз­ден сатып алу арқылы анық­­талады. «Samruk-Kazyna Construction» басшылығы барлық жай­­лы мектепті уақтылы салып, бел­гі­ленген межеде тапсыру үшін талап күшті екенін атап өтті.

Сапар барысында басқарма төр­ағасы Қарағандыдағы «Кең дала» шағын ауданында 2000 оқу­шыға арналған жайлы мектеп салу жоспарын талқылауға қатысты. Онда мектепке тиесілі аумақты оңтайландыруға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Іргелес алаң­да трибуналары бар көп функцио­налды стадион орнатылады. Мұнда оқушылар­дың жылы кезде футбол, қыста хоккей ойнауына мүмкіндік бар. «Жалпы, басқарма ұстанған қа­ғи­дат – мектептің әр шаршы метрін тиімді пайдалану», дейді жауапты өкілдер.

 «Мектеп аумағының әр шаршы метрін барынша тиімді пайдалану керек. Еуропалық мектеп­терде бос орын жоқ. Мәселен, неге аумақта айналмалы жүгіру жо­лағын жасамасқа? Ол үшін арна­йы орын қарастыруды ұсына­мын. Қыста шаңғы тебуге, жазда жү­гі­руге болады. Өзім де мектепте оқы­ғанда жүгіруге қатысып, нор­мативтің бірінші разрядын алған­мын. Сол уақытта мектеп ала­ңында жүгіретінбіз», дейді төраға.

 Бұл шағын аудандағы мектепті салуға дайындық кестеге сәйкес жүріп жатқанымен, учаске арқылы кәріз желілері мен су құбыры өтеді. Бұл айтарлықтай қолайсыздық тудырып отыр. Басқарма төрағасы мердігер компанияға, «BI Global» ЖШС-ға, желілерді өз күшімен шы­ғаруды ұйымдастыруды тапсырды.

Мәулен Айманбетов Қараған­дыдағы «Гүлдер» шағын ауданында салынатын 300 орындық мектептің құрылыс алаңында да болды. Болашақ жайлы мектеп­тің учаскесін тексеру кезінде «SK Construction» басшысы нысанның жоспарын қайта қарастыруды жүктеді.

Жаңа мектеп қазір жұмыс істеп тұрған білім ошағының жанына салынады. Сол себепті, «Стинк ТФК» ЖШС құрылыс компания­сы қаланың сәулет бөлімімен бірлесіп, қолданыстағы мектептің учаскесін кесіп, сыртқы спорт ғимараттарын стандарттарға сай етіп жасауы үшін қажет емес нысандарды алып тастауы қажет. Осы бойынша жұмыстарды да жеделдетуді жүктеді төраға.

«Жобалау кезінде міндетті түр­де кіреберіс жолдардың бо­луын қамтамасыз етіңіздер. Жол­дар мен көлік тұрағы жергілікті тұр­ғындарға кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен пысықтау қажет», деді Мәулен Айманбетов.

Сонымен қатар «SK Construc­tion» басшысы 300 оқушыға шақ­­талған Үштөбе ауылын­да­ғы жайлы мектептің құрылысына ­да­йындықты жеделдетуді тап­сыр­ды. Төраға жұмыс кешігіп жатқанын, әлсіздігін атады. Мер­дігер компания «Астана Кок­тем С» ЖШС мектеп са­лына­тын учаскені қоршаған. Бей­не­ба­­қы­лау камераларын орнат­қан. Алай­да нысанды орна­ла­с­тыру жұ­мыстарын әлі баста­ма­ған. Өйт­кені жауапты зертхана гео­ло­гиялық іздестіру қорытынды­сын әлі күнге дейін бермеген. «SK Constuction» басшысы мәселені шұғыл түрде шешуді міндеттеді.

«Тиісті келісім жасап, жұ­мыс­ты жеделдетуге рұқсат алыңыздар. Сіздер қазірдің өзінде кешігіп жатырсыздар», деп ескертті төраға.

 Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін барлық жайлы мектеп жергілікті атқарушы органдардың балансына өтеді.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»