Таным • 23 Шілде, 2023

Тамырлас топонимдер: Қостанай – Дөң (Дон) – Дунай

1498 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Аңдату

Қостанай қаласының төл то­понимі туралы өзегі мен өрісі бір-біріне ұқсас болып келетін көпте­ген пікір бар. Өйткені қалыптас­қан пікірлердің басым көпшілігі топонимикалық әпсаналарға сү­йенеді, сол себепті халықтық қа­ра­байыр этимологиялық таным тұрғысынан өрбіп, өрнек тауып отырады. Жалпы, этимологиялық таным кең білімпаздықты қажет етеді және тіл білімі ғылымы­ның бір саласы ретінде лингвист зерт­теушінің зейіндік өресі мен ғылыми зердесінің деңгей-дәр­гейіне тікелей байланысты.

Тамырлас топонимдер: Қостанай – Дөң (Дон) – Дунай

 

 Із кесу

1868 жылғы патшалық би­лік жүргізген әкімшілік-тер­ри­ториялық реформаның нәти­же­сінде Торғай облысы Орта және Шығыс Орда деп аталған өлке­лердің территориясынан жасақ­талып, оны Елек (кейін Ақтөбе), Ырғыз, Торғай, Николаевск (кейін Қостанай) деп аталған төрт уезге бөледі. Солардың ішінде үшеуінің – Елек, Ырғыз, Торғай уездерінің жалпы атауы және оны басқара­тын орталықтары да сол өңірдегі өзен-суға қатысты аталып, тек қа­на Николаевск (бұрынғы Шығыс Орда) уезі Айат өзенінің Тобылға құяр сағасынан жоғарғы ағысына қарай 65 верст қашықтықта ор­наласқан орыс-казактардың Ни­колаевск станициясының атымен аталып, орталығы сонда орналасады. Бірақ ол пошта жолынан 100 верст шамасында қашықтықта және өңір территориясының бір қиырында орналасқандықтан, әкімшілік жұмыстарды жүргізу қиынға соғып, уезд орталығы жыл толмай Троицк қаласына көшіріледі. Дегенмен де, әс­кери генерал-губернатор Н.Кры­жановский басқарған облыс әкім­шілігі Николаевск уезінің орта­лығын қазақ даласына орналас­тыру мақсатында 1869 жылы Тобыл өзенінің орта ағысындағы «Ордабай» деген жерді болашақ қала орны етіп белгілейді.

1879 жылы, яғни болған оқи­ға­дан 10 жыл өткен соң Торғай облы­сының әскери генерал-губер­наторы А.П.Константинович Ни­колаевск уезінің орталығы болады деп белгіленген «Ордабай­ды» жаратпай, жаңа жер іздеп, То­былдың төменгі жағындағы 8 верст жерден қазіргі Қостанай қаласы­ның орнын белгілейді. Осы кезеңнен бастап Қостанай топонимі туралы алғашқы жазба деректер пайда бола бастайды.

1879 жылдың 17 қарашасында облыс басшысы болашақтағы қа­ла­ның орнын былайша айқындай­ды: «Площадь, ограниченная с севе­ра оврагом против брода Куст­анай-Уткуль, с юга лощиною Абиль-­сай, с востока р.Тоболом ... бу­дет совершенно достачноя для соб­ст­­венного городского поселения». Аталған жазба деректе зерт­теу­шілердің зейінінен мүлдем тыс қалып келген маңызды мағ­лұмат бар. Ол мағлұмат – «Кус­та­най-Уткуль» атты топоним. Орыс­ша дыбысталған атаудың қа­зақ­шасы – «Қостанай өткелі». Жал­пақ ұғыммен айтқанда, То­был өзенінен Қостанайға өтетін өткел. 1898 жылы ішкі істер ми­нистр­лігінің арнайы тапсырмасымен Қостанай уезіне экспедиция жасаған Ф.Щербина қаланың өткел жанында пайда болғанын тілге тиек етеді: «В неизвестном до того месте, просто у брода р.Тобол, возник и, чисто с американскою быстротою, вырос город Кустанай 12-ти тысячным населением».

Өкінішке қарай, жазба деректерде (әрине, орыс тіліндегі) аталған атаудағы «өткел» сыңары ұмытылып, «Қостанай» атауы же­ке-дара қалады. Осылайша, Қос­танай атауын лингвистикалық тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік беретін жіңішке жіптің ұшы үзіліп, із жоғалып, әртүрлі әпсаналық мазмұндар орын ала бастайды. Сөйтіп, 1904 жылғы жазба деректе, яғни қала іргесінің қаланғанына 25 жыл уақыт өткенде «өткел» деген ұғым мүлдем халық жадынан ұмы­тылып, ол «Қостанай есімді қа­зақ кемпірінің жалғыз моласына» айналады. Кеңес дәуірінің 60-80-жылдары «жалғыз моланы» Тана (Танай) есімді қос қыздың бейіті туралы әпсана ығыстырады. Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­­дары Қостанай топонимі ал­­ды­мен батыр есімі, одан соң ру-тай­па атауларынан пайда бол­ды де­­ген мазмұн-пайымдар қосы­лады.

 Қос өзен

«Қостанай» атауын зерт­теу­дегі басты олқылық – оны лин­г­вистикалық тұрғыдан зерттеудің жоқтығы. Біздің пайымдауымызша, Қостанай – үш түбір сөзден біріккен атау. Олар: Қос+­тан+ай. Біріккен сөздердегі екі түбір – «қос» пен «ай»-дың мағы­насы әбден айқын. «Қос» әу бас­тан түсінікті ұғым: екі деген ма­ғына береді. Ал «ай», кейбір зерт­теушілер айтып жүргендей, жұр­нақ емес, көне түркі тілінде «өзен» деген мағына беретін түбір сөз.

«Ай» түбірімен келетін өзен ­атаулары Қазақ елі мен Украина­ның далалық өлкелеріндегі өзен-көлдер атауларында тұрақты ­кез­­деседі, тіпті Шығыс Еуропаға ­де­­йін барады. Алдымен алысқа ұза­май, әңгіме арқауы болып отыр­­­ған Қостанай маңына көз са­ла­­­­йық: көршілес Башқұртстан­да Үбә ­­(Үбе) (Қараңыз: «Арқада бір өзенді ­­дер Обаған». «Egemen Qazaqstan» газеті, 07.06.­2023 ж.) өзе­ніне құя­тын, ұзындығы ­­550 ша­қы­рым­дық «Ай» деген өзен ­бар. Ре­сей­дің Қазақстанмен шекте­се­­тін Орынбор аймағында «Айдар­­лы» өзені кездеседі. Ал Тобыл өзені­нің бір саласы болып санала­тын «Айат» (қазақтың «суат» деген сөзімен салыстырыңыз) атты өзен көп­шілікке белгілі. Қостанай мен Ақтөбе облыстарының шекара­сында «Айке» көлі орын тепкен. Қос­танай – Аманқарағай тас­жо­­лында «Айсары» атты көл кездеседі.

Қазақ даласының өзге өңірле­рінен де «ай» түбірімен кездесетін өзендер қатары өте көп. Айталық, шығыстан «Айагөз», «Айғыз», «Айлы», «Айранды», оңтүстіктен «Айпара», «Айқыш», «Айкөл», «Айнакөл» өзендерін атап өтуге болады. Ал қазақ даласынан Еуропалық батысқа ауыссақ, ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер ақын Ж. Сайынның жырына арқау болған Украинадағы «Айдар» өзенін мысалға келтіруге болады.

«Ай» түбірінің су ұғымына қа­тысы басқа да лексикалық бір­ліктерде сақталған. Айталық, қа­зіргі қазақ тіліндегі «айдын» сөзі су конгнитивіне қатысты. Сондай-ақ қазақ пен қырғыз жұрты су және сұйық заттарды құятын ыдысты ай+ақ деп атайды. Сүттен жасалған ақ түсті сусынның атауы – ай+ран. Аталған мысалдар «ай» түбірінің сөз басындағы позициясына қатысты. Ал сөз соңындағы позицияға келетін болсақ, оған мысалдар өте көп және ол бізді кәрі құрлық Еуропаға дейін апарады. Демек үш түбірден құралған Қостанай атауының екі түбірінің (қос+ай) мағынасында «қос өзен» ден ұғым бар.

 Қостанай: Дөң (Дон) – Донгуз – Дунай

Қостанай топонимінде үшін­ші түбірдің, яғни «тан»-ның ма­ғынасы түсініксіз. Бұл түбір, біз­діңше, «дөң» сөзінің сыртқы дыбыстық қауызының өзгерген түрі. Оны өзгертіп тұрған – қос бүйірінен қатаң «қ, с» дыбыстарымен қоршалған «қос» деген түбір сөз құраған жуан дауысты буын. Сол буынның түркі тілдерін­дегі сингормонизм (дыбыстық, буындық үндестік) заңына ба­ғын­ған тегеурінді «тепкісінен» екінші түбірдегі жіңішке буын «дөң» түбірі өзгеріп, жуан «тан»-ға айналған. Жіңішке түбір жуанға айналғада, үндестік заңына сәйкес дыбыстық әуезін өзгертіп, жасырынып, бүркемеленіп қалған.

Егер үндестік заңына сүйене отырып, сол біріккен үш түбір сөзді өз мағынасымен бастапқы қалпына келтіретін болсақ, қазіргі «Қостанай» атауы жіңішке буында «Куш+дөң+әй» болып шығады. Жіңішке буынды «куш» түбірі – жуан буынмен кездесетін «қос» пен «құш»-тың сыңары. Аталған түбірді сақтап қалған атақты гид­ронимнің бірі – Куш+мурун (жуан буында Құш+мұрұн). Бұл «Қос­түбек» деген мағына береді (Қа­раңыз: «Қазыналы Құсмұрын құ­пия­сы». «Egemen Qazaqstan» газеті,
08.10.2020 ж.).

Айтпақшы, Қостанай алғаш құрылған кезеңде қалаға переселендер ісімен сапарлап келген В.Дедлов деген жазушы қаланы «Кустонай» деп атаған. Мұны жіңішке буындағы «Кушдөңәй»-дың дыбысталуына жақын үлгі екенін байқауға болады. Қостанай атауының орыс тілінде о бастан «кус» деп басталып дыбысталуына да жіңішке түбір әсер еткен деп болжаймыз.

Сөздер біріккенде жуан буын «тан»-ға өзгеріп кеткен «дөң» түбірі – тіліміздегі «қыр, биік, бел» деген сөздердің синонимі. Қырдан ойға қарай аққан кейбір өзендер түркі тілдерінде «дөң» деп аталады. Бұған мысалды Қазақстанның оңтүстік-шығысынан бастап сонау Еуропаға дейін санамалап, сатылап көрсетуге болады. Айталық, Жетісу облысында «Дөңбұлақ», Ақтөбе облысындағы Хромтау жанында «Дөң», Қобда ауданында «Дөңгірлік» (Дунгурлук) атты шағын өзендер бар. Ақтөбеден батысқа қарай сәл аттасақ, қазір­гі Орынбор өлкесінде «Дөңгүз» (Донгуз) өзеніне жолығамыз. Одан әрі жөнелсек, Азов теңізіне құятын «Дөңге» (Донға) кезігеміз. «Дөңнен» Шығыс Еуропаға жол тартсақ, «Дөң+әй» (Дунай) өзеніне ат басын тірейміз. Міне, осы арада «қырдағы өзен» деген мағынаны біріккен түбірде сақтап қалған сөз шығады. Ол осы – Дөңәй, яғни қазіргі Дунай.

Жоғарыда біз өзен мағына­сын­дағы «ай» түбірінің сөздің соңғы буынындағы позициясына кездесетін көріністеріне мысалдар келтіреміз деп уәде берген едік. Ой желісі Хунгариядағы Дунай өзеніне келген тұста қазақ даласындағы өзен-көл атауларынан «ай» түбірінің сөздің соңғы буынында кездесетініне бірне­ше мысал келтірейік. Айталық, Торғ+ай, Тоқан+ай (Торғай өңірі), Мағын+ай, Қоқа+ай, Қожа+ай, Сун+ай, Сырт+ай (бұрынғы Қостанай уезі), Шоқ+ай (Қарағанды обл.), Толағай, Топай (Шығыс Қазақстан обл.), Ақ+ай (Ақтөбе, Қызылорда обл.) т.б.

Әлқисса, Ұлы даланың «Дө­ңәй»­ гидронимі кәрі құр­лық­қа ғұн­­дар арқылы барған деп ба­ғамдай­мыз. Әрине, Дунай өзені­нің атауы бү­гінгі мажарларға мүл­­дем бас­қа мағына беретініне күмән жоқ. Себебі Еуропаға тас­тай батып, судай сіңген ғұндар­дың даңқы бір мемлекеттің атауы­на орнығып, уақыт өте келе оның құр қаңтарылған қаңқасы қа­лып, зәу-заты мүлдем өзгеріп кетті. Ғұн­дарды Ұлы даламен байланыстырып тұрған жалғыз белгі – венгр тіліндігі аз-маз түркі сөздері. Енді солардың қатарына енді «Дунай» гидронимін жатқызуға болады деп санаймыз. Басқаша айтсақ, Еуропадағы атақты өзен атауы­ның сырын тануға Қазақстандағы «Қостанай» топонимі жол бастап тұр. Бұл – қай нәрсенің болсын түп бастауы біржолата жоғалып кетпейтініне нақты мысал.

Талдаған мысалдар мен одан туындаған зейін-зердеге сүйене келе, біз, кем дегенде, ғұндар дә­уірінен сақталып жеткен «Қос­танай» топонимі «қырдағы қос өзен» деген ұғымды білдіреді деп есептейміз. Қос өзеніміз – Айат пен Ой (Үй). Бұлар қырдан – Орал тауының сілемдерінен бастау алып, еңістегі Тобыл өзеніне бірі батыстан, екіншісі солтүстіктен құяды. Сол аралықтағы көшпелі мал шаруашылығына қолайлы өңір, біздіңше, Қос+дөң+ай (Қос­танай) деп аталған.

 Өңірге өтер өткел

«Қырдағы қос өзен» өңіріне Тобыл өзенінен өтер табиғи көпір – «Қостанай өткелі». Мұндағы басты тірек сөз – Қостанай, өткел – оның меншігі, тілдік терминмен айтқанда, матаса байланысқан сөз тіркесі. Қаланың іргетасы қа­ланған уақытта «Қостанай» атты кең өлкеге өтетін өткелдің атауын орыс тілді облыс әкімшілігі дыбысталуы қиын қосалқы «өткел» сыңарын қолданыстан тысқары қалдырады. Осылайша, облыс территориясы жасақталғанда «Николаевск» деп аталып келген уездің атауын әкімшілік 1895 жылдан бастап қазаққа ертеден танымал әрі жергілікті тұрғындары­ның қолданысындағы «Қостанай» топониміне өзгертеді. Бұл Тор­ғай өңірінің орталығы – Торғай, Ыр­ғыздың орталығы – Ырғыз, Елек­тің орталығы Елек қаласы болып бекітілген мысалдарға тән көрініс.

 Солтүстіктегі Мауренахр

Қазақ даласындағы Дөң, Ай­ғыз, Айат, Орынбор өлкесіндегі Дон­гуз, Ай, Айдарлы, Украина­да­ғы Дон, Айдар, Еуропадағы Ду­­най атауларымен түбірлес, та­мыр­лас болып келетін Қос­та­най то­понимі – түркілік кеңіс­тік­тегі тарихи атау. Әлемдегі өрке­ниет­тердің өрлеуіне Тигр мен Еф­рат (Месопотамия), Әмудария мен Сыр­дария (Мауренахр) сын­ды қос өзендер өркениеті елеу­лі әсе­­рін тигізгенін ескерсек, қыр жақ­тан Орал тауларының сілем­дері, ой жақтан Тобыл өзе­ні­нің ар­насымен қоршалған Айат пен Үй өзен­дерінің аралығы – көш­пелі мал шаруашылығымен айна­лысқан түркі тайпалары үшін аса ма­ңызды өлке болғаны сөзсіз. Қа­­зақ дала­сының оңтүстігіндегі Сыр­­­­дария мен Әмудария арасын ор­та ғасырлық түріктер парсының «Мау­ренахр» деген сөзін «Қос өзен ара­сы» деген мағына сыйдыра­­ды. Бұл мағына солтүстіктегі «Қоста­­най» топонимінде орын алған.

Түйіндей келгенде, біздің тарапымыздан зерде-зейін безбені­не салған аталған мысалдар адамзат баласының санасында ертеден қалыптасқан кейбір ұғымның ұзақ сақталатынын, бірақ олар тіл­дік құбылыс әсерінен ізін жасырып, көмескіленетінін байқатады. Ғылымның мәні соны аша білуде деп санаймыз.

 

Алмасбек ӘБСАДЫҚ,

филология ғылымдарының докторы, «Күлтегін» сыйлығының лауреаты