Қоғам • 24 Шілде, 2023

Сергелдеңге салған сергіткіш сусын

524 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Адам баласы әлмисақтан ағзаны еліртетін тұнбалар мен шөптердің сырын білді десек те, осы күнде талай адамның қолынан түспейтін сергіткіш сусындардың салдарына терең мән бере бермейтініміз рас. Ақиқатында энергетикалық сусындарды жиі ішкеннің кесірінен жүрек тоқтап қалуы мүмкін бе? Адамның уақытша күш-қуатын еселейтін стимулятордың өтеуі қандай болмақ?

Сергелдеңге салған сергіткіш сусын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Айналаңызда жүргендер­дің арасынан-ақ энергетика­лық сусын­дарға тым әуес болып, ақыры дерт жамағанын әйтеуір бір естігеніңіз анық. Осы мақа­ланы жазуға түрткі болған жаң­бырлы күні жолай көлігімізге мінген келіншектің әңгімесі еді.

«Жұбайым жеке көлігімен бізді асырап жүруші еді. Ылғи жолда, шаршап жүреді. Кейде демаламын деп отырған жерінде тұрақты клиенттері шақырса, амал жоқ, жолға қайта шығып кететін. Ұйқымды ашамын, шаршағанымды басамын деп жүріп «дизи-мизи» дегенге қалай үйреніп алғанын білмей қалдық. Кейде қатты ұйқысы келіп тұрса да, дегбірі қашып, мазасызданып, жүрегім жиі соғып тұр деп отырушы еді. Күйеуімнің ерте жүрегі тоқтап қалғанын осыдан көремін», деген келіншек көзіне келіп қалған жасты білдірмеуге тырысып, бетін терезеге бұрды.

Қысқасы, «күйеуі ішімдікпен бірге энергетикалық сусын ішіп отырып, аяқ астынан инфаркт алыпты», «баласының қолынан «энергетик» түспеуші еді...» деген сынды әңгімелер төмендегі дерек­тер­ді жинауға жетелегені рас. Өйткені энергетикалық сусындар да электронды сигарет сияқты қауіпті өнімдерге жатады. Олардың түрі де, маркасы да көп, құрамы мен дәмі неше түрлі және дүкендерде шектеусіз сатыла береді. Егер жақсы болса, неге Норвегия, Дания, Франция сияқты дамыған елдер энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде тыйым салған деріміз анық.

Сонымен «Энергетикалық сусын елірт­кіш жаңа есірткі ме, әлде жай сусын ба?» деген сауал төңірегінде депутаттарымыз да дүркін-дүркін мәселе көтергені есімізде. Ал ДСҰ олардың қауіпсіздігін анықтапты дедік. Бірақ сергіткіш сусындардың зияны туралы алыпқашпа әңгіме неге тыйылмайды? Шындығында зиянсыз болса, онда Аустралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де неге қатаң тыйым салды? Жоғарыда аталған Дания мен Норвегияда неге дәріханаларда ғана сатылады?

Энергетикалық сусындарды шығарған қай ел деген сауалға дөп жауап беру қиын, себебі адам баласы әлмисақтан адамды еліртетін, есіртетін сусын түрлерін жасау­ды білгенін жоққа шығаруға болмайды. «Ғажайып сусынды» америкалықтарға да, жапондарға да телитін деректер жет­кілікті.

Шындығында, сергіткіш сусындардың зияны туралы әңгімені алғаш рет 2010 жылы ақпанда сол кездегі Парламент Мә­жілісінің депутаты Владимир Не­хо­рошев көтеріп: «Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды ХХ ғасырдың 60-жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта ішетіндердің қарасы көбейе бастаған», дегені жадымызда.

Қысқасы, энергетикалық сусындар осылай адам ағзасын алдап соғады десек, ішкеннен кейін 10 минутта оның құрамындағы ингредиенттер ішекке барып, қантты көтеріп жібереді. 20 минуттан соң қант деңгейі шарықтап, адамның бірден көзі шайдай ашылып, тау қопаратындай күш-қуат пайда болады. Кофеиннің әсерінен ми 40 минуттан соң дофамин бөле бастайды да, 1 сағат өткеннен соң кофеин өтке у сияқты әсер ете бастағандықтан, ағза одан құтылуға асығады. Кіші дәретпен шығып кеткенімен, 2 сағаттың ішінде ағзаны гипогликемия басады, яғни қалжырап, тез ашуланатын, ештеңе жақпайтын адам болып шыға келесіз. Бұл күйден құтылу үшін тағы ішуі мүмкін, солай бұл сусынға да байланады. Әсіресе күн мен түні ауысқандар. Тегін күш, тегін қуатқа мәз болғандар оның салдарын білмейді. Бұл – алдамшы сезім. Ағзаны «оятудың» мұндай жасанды жолы оны іше берген сайын денсаулықты күйретіп кетеді. Бұл сусындар адамға сырттан ешқандай энергия бермейді, тек адамның резервтегі энергиясын қоз­дыру арқылы өзіне алып береді. Қа­рапайым тілмен айтқанда, болашаққа қажет энергияны ағзаңыздан уақытынан бұрын қарызға алып береді. Ұйықтайтын уақытта ояу, шаршап тұрғаныңызды сезбей, сергек күй кешетініңіз сондықтан. Қысқасы, емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спорт­шы­ларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырымпаздарына нағыз құт­қарушыдай көрінетін сусынды пайда­ланудың шегі, жөні болмаса, салдары қайғылы.

Мамандар энергетикалық сусын­дардың көбінің құрамында көп мөл­шер­де В дәрумені болатынын, бұл жүрек со­ғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың діріл­деуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан да дәрігерлер спорт ешқашан сергіткіш сусындармен дос бола алмайтынын ескертеді. Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен аралас­тырып ішуге болмайды. Кофеин қан қы­сымын көтерсе, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нә­тижесінде, гипертониялық кризге ұшы­ратуы әбден мүмкін. Сол сияқты фит­неске баратындар да кофеиннің несеп ай­дағыш қасиетін жақсы білуге тиіс. Яғни жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады. Сусынның әсері тарқаған соң да ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет. Сондай-ақ энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіні түпкілікті зерттелмеген. Сон­дық­тан таурин мен глюкуронолактонды жоғары мөлшерде пайдалану қауіп­сіздігіне кепілдік берілмеген.

Осы арада мына мәселеге тоқтала кеткен жөн. Жас алматылықтар энерге­тикалық сусындардан кейін инфаркпен ауруханаға түсіп жатыр деген деректерге қатысты жуырда Алматы қалалық кардио­логия орталығының директоры Алмат Қодасбаев өзін маман ретінде мазалайтын ойларымен бөліскен еді.

«Отандық кардиологтер хирургиялық көмек көрсету саласының соңғы тех­но­логияларын меңгерген. Қазір Rotab­lator құрылғысы пайдаланылады, бұл жүрек тамырларындағы кальциленген түйіндерді жоюға арналған ал­маз­далған бор машина. Алайда, өкі­ніш­ке қарай, науқастардың өздері біле тұра, зиянды әдеттерден бас тартуға асықпайтындықтан, денсаулығы сөзсіз сыр береді. Қазір жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары жасарды. Бұрын біздің негізгі контингент 60-70 жас­тан асқандар болса, бірақ кейінгі уа­қытта жүрек ауруының әртүрлі формасы бар науқастар жиі кездесе бастады. Негізгісі артериялық гипертензия болса, оның көрсеткіші жоғары. Тағы бірі инфаркт – күйзелістен, жүйкеге түсетін салмақтан, зиянды сусындарды шамадан тыс тұтынудан ағзаның шамадан тыс жүктелуінің салдары. Бізге энергетикалық сусындарды тұтынудан пайда болған әртүрлі жүрек ауытқуымен де келеді. Өкініштісі, энергетикалық сусындардың жүрекке әсері туралы ғы­лы­ми зерттеулерге жеткілікті көңіл бө­лін­бейді», деп қынжылды дәрігер.

Сонымен қатар кардиохирург нау­қастардың анамнез кезінде энерге­ти­калық сусындарды шамадан тыс тұ­тынғанын айтқанын алға тартты. Олар­дың жүрек көрсеткіштері өзгерген, жал­пы патология бар. Энергетикалық сусын­дарға тыйым салынбайды, дегенмен денсаулығын күтетін әрбір адам жақ­сы жарнамаға қарамастан бұл сусын­дар­дың ағзаға зиянды екенін түсінуі шарт. Дәрігерлер әсіресе энер­ге­тикалық сусындарды жүкті әйел­дер­ге, балаларға, жас­өспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары жүйесінде дерті бар, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға ішуге болмайтынын айтудан шаршаған емес.

«Денсаулықты жастайыңыздан сақ­та­ңыздар. Дұрыс тамақтану, ұйқыңыз бен демалысыңызды реттеп отырған кезде ғана жүрегіңіз ғарышкердікіндей болмақ. Тұрақты қан қысымы, тұрақты импульс – қалыпты диапазондағы био­химиялық көрсеткіштер. Міне, ғарыш­керлердің денсаулығы деген осы», дейді А.Қодасбаев.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақ­талса, энергетикалық сусынның күші 3-4 сағат­қа дейін созылады. Сер­гіт­кіш сусындар ағзаны энергиямен қам­тамасыз етеді деген тұжырым да дә­лел­сіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол – тек энергия қоз­дырушы. Қорыта айтқанда, біз ағзадағы өз қорымызды пайдаланамыз, яғни өз энергиямызды өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл қарызды түрлі кеселдер түрінде есе­леп қайтаруға тура келеді.