Өңір тұрғынының денсаулығы нашарлай түскенін байқаған дәрігерлер жедел іске кіріскен. Нәтижесінде St сегментін көтермейтіні нақтыланып, жедел коронарлық синдром диагнозы анықталды. Коронарлық ангиография нәтижесінде науқастан коронарлық арнаның екі тамырының зақымдануы белгілі болған. Жүректі ультрадыбыстық зерттеу кезінде стеноз басым болатын қолқа ақауы айқындалған.
Жасанды қан айналымы жағдайында оған қолқа протезін имплантациялау бойынша хирургиялық араласу шұғыл түрде жүргізіліп, коронарлық артерияны аутовенозды қолқа, коронарлық шунттаумен қолқа протезі орнатылды. Осылайша, бір операция барысында екі күрделі жағдай бірден реттеліп, екі рет ота жасалмайтын болып шешілді.
Бұрын-соңды жасалмаған бірегей хирургиялық араласуды кардиохирургтер Бауыржан Байтөре, Мұхамедияр Жайпанов, Марат Ақниязов және Нұрбол Жалел, сондай-ақ реаниматологтер Азамат Оразымбетов пен Ақжан Мырзағұлов жасап шықты.
Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мұхамедияр Жайпановтың айтуынша, операциядан кейінгі кезеңде науқаста церебралды жеткіліксіздік белгілері анықталмаған, аяқ-қолдардың қызметі мен танымдық қабілеті сақталған.
Отадан кейінгі алғашқы тәулікте пациенттің жағдайы біршама жақсарған. Дәрігерлердің шешімімен ол жалпы палатаға ауыстырылған. Күрделі де сәтті жасалған хирургиялық араласу арқасында науқасқа дер кезінде жоғары білікті медициналық көмек көрсетілгендіктен, оның жағдайы қалыпқа келді. Операцияның бұл түрі өңірде бұрын жасалмаған. Сондықтан бұл санаттағы науқастар амалдың жоқтығынан өзге өңірлерге аттанатын.