Қоғам • 24 Шілде, 2023

Елімен етене полиция

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір полицейлер алдындағы үлкен міндеттің бірі – халық сеніміне ие болып, елмен етене жұмыс істеу. Жұртпен алғаусыз араласқанда ғана азаматтардың сала қызметіне жүгінуі барынша жеңілдейді. Бұл қауіпсіз қоғам қалыптастыра отырып, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алудың басты шарты. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбіләзімовтің ел алдындағы есебінде осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы айтылды.

Елімен етене полиция

Департамент басшысы, алдымен, өңір­де криминогендік ахуалдың тұрақты екен­дігін айтып өтті. Азаматтардың өмі­рін, денсаулығын, мүлкін қорғау сапасын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру, полицияны қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз ететін ұйымға айналдыру бағытындағы бастамаларға ел назары ауып отыр. Осы күні Мемлекет басшысының тапсыр­масымен «Қоғаммен серіктестікте қо­ғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұ­жы­рымдамасы» әзірленуде. Бұл ма­ңызды стратегиялық құжат биыл қабыл­данады.

– Тұжырымдамадағы өзара іс-қи­мыл­дың алгоритмінде үкіметтік емес ұйымдар қызметіне баса мән беріліп отыр. Дағдарыс орталықтарының желісі кеңейтіледі. Отбасындағы, тұрмыстық жағдайдағы қылмыстардың көбісі мас күйінде жасалатындықтан алкоголь өнім­дерін сату орындарын шектеу, оған қарсы жарнаманы енгізу бойынша қылмыстың алдын алу жүйесі құрылады, – деді департамент бастығы.

Облыс көлемінде тіркелген қылмыс­тар саны 16 пайызға төмендеген. Әсі­ре­се аса ауыр қылмыстар, пәтер ұр­­лығы, мал ұрлығы, бұзақылық, қарақ­шылық, алаяқтық, интернет-алаяқ­тық­тың азайғаны байқалады. Кәмелетке тол­мағандар қатысатын және қару қол­­­дану арқылы жасалатын қылмыс та төмендепті. Ауыр және аса ауыр қыл­мыс­тардың ашылу көрсеткіші жақ­сарған.

Департамент басшысы жол қауіп­сіз­дігін жақсарту бағытындағы шараларға тоқталып өтті.

– Бұл қазір ең өзекті мәселеге айналып отыр. Мысалы, облыста жолда жүру ережесін бұзудың 137 мыңнан аса дерегі анықталса, оның 63 мыңнан астамы жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Жүргізушілерді тәртіпке келтіру үшін қазіргі уақытта «Қорғау» жүйесі, мобильдік жылдамдық өлшегіштері бар автокөліктер жиі жолға шығады. «Ekin Patrol G2» және «Vuewo» мобильді кешенінің қолданысқа енгізілуі облыста жол-кө­лік оқиғаларынан қайтыс болғандар санын төмендетті. Тұжырымдамада жол инфрақұрылымының сапасын да жақ­сарту көзделген, – деді Мақсұтхан Нұғманұлы.                

Құрық бермей, ырыққа көнбей отыр­ған қылмыс түрі – интернет алаяқ­тық. Бұл қылмыстың 108 дерегі тіркеліп, 14-і ашылыпты. Бұл, әрине, төмен көрсеткіш, бірақ ғаламтордың мүмкіндігі кеңіген сайын айла-шарғысы жетіле беретін алаяқ­тықтың алдын алу оңай болмай тұр. Әбден әккіленгендер абоненттік нөмір­лерді жиі ауыстырып, ізін жасырады. Ұрланған ақшаның халықаралық аударым қызметтері арқылы алынатыны да қылмыстың тез ашылуына кедергі.

Соңғы жылдары едәуір төмен­дегенімен де ауылдағы мал ұрлығымен күрес мәсе­лесі әлі де өзекті. Биылғы «Мал ұры­сы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 4 топ ұсталып, 22 эпизодты ұрлық дерегі ашылды. Вете­ринария қызметімен бірлесіп, тиісті құжатсыз мал тасымалдаған 54 жүр­гі­зушіге шара көтерілді. Қабыл­дан­ған шаралар нәти­жесінде мал ұрлығы 55 пайызға төмен­депті.

Құқық қорғау саласы, оның ішінде полиция қызметі елден алшақ болса, қоғам тығырыққа тіреледі. Содан да оларды жақындатудың барлық амалдары қолға алынды «Электрондық қылмыстық іс жүйесі» аясында қылмыстық істер элек­трондық форматта тергеліп, бұл аза­маттарға тергеп-тексеру барысын қада­ғалауға мүмкіндік береді. Қоғамдық орын­дарда, мектептерде, сауда-ойын-сауық орталықтарында шұғыл шақыру жүйе­лері орнатылып жатыр.

Халықтың сенімін арттыру, бюрократиядан арылу, адамның сұранысына бағытталған жұмыс моделіне көшу бағы­тын­дағы бастамалар жайлы айтылған есепте облыс тұрғындарынан түрлі са­уал, пікірлер мен ұсыныстар келіп түсті. Оларды мұқият тыңдаған генерал-майор арнайы құрылған топқа тапсырма беріп, оның орындалуын бақылауына алатынын жеткізді.