Еліміз – Еуразияның жүрегінде орналасқан, Шығыс пен Батыс дәстүрін байланыстырған бірегей мемлекет. Жаһандағы тоғызыншы территориядан шөлді аймақты, орманды, сулы-нулы өлкені кезіктіруге болады. Талай тарланның ән-жырына, өлең-шығармаларына арқау болған Алтайдан Атырауға дейінгі атырап кез келген жанды сүйсіндірмей қоймайды. Алайда пафосқа беріліп, жаңа индустрияның мықты мүмкіндігінен қағылып отырғанымыз жасырын емес. Аңғарсаңыз, тәуелсіздікті қатар алған Өзбекстанмен, Қырғызстанмен салыстырғанда туризм бойынша айтарлықтай кенжелеп қалғанымыз жасырын емес. Google ұсынған деректерге үңілсек, былтыр әлемнің түкпір-түкпірінен Өзбекстанға 5,2 млн, Қырғызстанға 7,5 млн шетелдік келген. Ал Қазақстанда небәрі 3,4 млн-нан аса шетелдік турист демалған. Сонда географиялық ландшафты, мәдени мұрасы мен жауһар жәдігері бір бауырлас елдерді даралап тұрған не нәрсе?
– Туризм индустриясының дамуы бірнеше факторға тікелей байланысты екен. Оған көзтартарлық табиғат, шипалы, емдік су көздері, таулы аймақ, аңызға айналған орындар, тарихи-танымдық мекендердің көптігі және осы дайын туризм нысандарына адам шақырып, демалушылардың санын көбейту маңызды жұмыс. Мұның ар жағында сервис мәселесі бар. Жол қатынасы, қонақүй, тамақпен қамту, қыл аяғы әжетханаға дейін туристер сұранысына сай сапалы болуы үшін әлі көп нәрсе жасауымыз керек. Салыстырмалы түрде қарағанда, Қырғызстандағы туризм индустриясының жақсы жұмыс істеп тұрғанын мойындауымыз керек-ақ. Көршілер этнотуризмді дамытумен қатар, демалушыларға төл өнімін ұсынудың жолын тапқан. Мәселен, «Супара» жобасы арқылы саяхаттаушылар қырғыз халқының көшпелі өмірімен толық танысып шығады. Атауының өзі көне заманға шақырып тұр. Қырғыздар теріден жасалған жұқа төсенішті супара деп атайды екен. Келушілерге тек ұлттық асхана мәзірі ұсынылады. Мейрамханалары боз үйлерде орналасқан, іші-сырты ұлттық нақышта безендірілген. Бұл қырғыз этномәдениетін туристер назарына ұсынатын орта ғана емес, адам аяғы үзілмейтін табысты бизнес екеніне тәнті болдық. Қырғыздар бұл саланы тұтас кластерге айналдырыпты. Жаңа технологияны да өндіріске енгізіп үлгерген. Бұған қоса «Бір айыл – бір өнім» жобасы қазір қырғыз ауылдарын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама ретінде қабылданыпты. Жоба аясында өндіруші белгілі бір кәсіппен айналысып, бір ғана өнім түрін шығарады. Мемлекет соған лайық қолдау жасайды. Мысалы, Ыстықкөл облысында бал арасын өсіру қолайлы болса, оны өндіріс ретінде жолға қойып, балдың түр-түрін дайындайды. Ыңғайлы ыдысқа салынған ара балының дәмін бір татқан адам, оны міндетті түрде сатып алады. Екінші бір аймақ сүт өнімдерін дамытқан. Кәдімгі құрттың бірнеше түрін жасап, әдемілеп қаптап келушілерге ұсыну үлкен үдерісті қамтитын жұмыс. Бұлардан жеңіл өнеркәсіп пен қолөнер бұйымдарын жасаушылар да қалыспайды. Менеджмент жүйеленген, сервис бар, туризм мәдениеті қалыптасқан, – дейді «Adal As» өндірістік компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ермек Мезібаев.
Кәсіпкердің туризм мәдениетін қалыптастыру туралы ойы көп нәрсеге қозғау салады. Яғни ел ішінде қарапайым демалыс мәдениеті тұралап тұрғаны жасырын емес. Оған бірер жыл бұрын жария болған, Астананың іргесіндегі қызғылт түсті Көбейтұздағы тұзды әлеуметтік желіде халықтың шелектеп, машинаға салып алып бара жатқан бейнежазбалары дәлел. Бұған қоса кез келген елдің табиғатымен бәсекеге түсе алатын Бурабай көлінің қазір ластанып, курортты аймақтың қоқысқа тұншығып жатқанын айтсақ жеткілікті шығар.
– Ел туризмін дамытуды ең алдымен жол жөндеуден бастау керек. Біздің елдегі ең бірінші кемшілік – осы. Өйткені саяхатқа шыққан кез келген адам діттеген жеріне жете алмай шаршайды. Ал адам саяхаттан ләззат аламын деп жолға шықпай ма? Тағы бір айта кетерлігі, біздегі көрнекі орындар бірі-бірінен өте алшақ орналасқан. Ол да туризмнің дамуына кедергі. Және байқағаным, керемет тарихи орындарымыздың насихаты аз. Этнотуризмнің дамымай тұрған тағы бір себебі – тарихи құнды дүниелерімізді дұрыс сақтай алмай отырғанымыз. Қажетті ақпараттарды гидтердің өзі қызықты етіп жеткізе алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, этнотуризм – киіз үйіміз ғана емес. Ол – ұлттың барлық әдет-ғұрпы, салты, жөн-жоралғысы. Дәл қазір шетелдіктер тек осы дүниелерге қатты қызығады. Мәселен, өзге елдері осы тұсты ұтымды пайдаланып, ешқандай аңызға құрылмаған жерлерін әспеттеп, ойдан шығарса да тартымды етіп, жұртты өзіне шақырудың бар амалын қарастырып жатады. Біз бар тарихымызды көрсетіп, шынайы дерегімізді жеткізе алмаймыз, – деді ел аралап, жиһангез атанып жүрген блогер Дана Ескендір.
Бұл ойдың да салмағы бар. Өйткені қазір әлем туризмінде этностиль трендке айналды. Яғни саяхаттаушылар қаржысын ішіп-жеуден гөрі, халықтың көне салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық тағам өндірісін, қолөнерін тануға жұмсай бастады. Туризмнің бұл жаңа бағыты әлі де әлемге есігін айқара ашып үлгермеген біз секілді елдерге үлкен мүмкіндік. Біздің мемлекет мінберіндегі жауаптылар осыны ескерген болуы керек біраз іс-шаралардың жобасын бекітіп, қабылдаған-ды. Бұл туралы газеттің алдыңғы нөмірлерінде жазған едік. Оны қысқаша «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебековтің пікірімен келтірсек:
– Бізде курорт, жағажай туризмі енді-енді дамып келеді. Оның өзіндік себебі жоқ емес. Мысалы, Түркия мен елдегі климаттың айырмашылығы бар. Бізде жылдың тек екі айында ғана жағажай туризмі ашылады. Әрине, туристерді жыл бойы қабылдауға қолайлы орындар бар. Бірақ жағажай емес. Экотуризм, этнотуризм тиімдірек. Сол үшін де мемлекет туризмді дамытуды көздеген кәсіпкерлерді әркез қолдайды. Жаңадан салынатын туристік орындардың жалпы шығынының 10 пайызын өтеуге мемлекет жәрдемдеседі. Туризм экономикамен тығыз байланыста. Қазір әлемде әрбір туристі елге тарту мақсатында үлкен бәсеке жүріп жатыр. Салаға қыруар қаражат жұмсайтын елдер көп. Жуырда ғана Берлинде ауқымды туристік көрме өткен еді. Сол көрмеге Грузия серіктес болып, 35 млн доллардан аса қаражат жұмсаған. Расымен де бұл – бір көрме үшін қомақты қаражат. Бәсекенің қызып тұрғанын салыстырмалы түрде осыған қарап бағамдай берсек болады, – дейді ол.
Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері елімізге 2,5 мыңға жуық Түркия азаматы, 1,4 мыңға жуық Германия азаматы, 1,4 мыңға жуық АҚШ азаматы, ал Ұлыбританиядан 1,2 мыңға жуық азамат келген. Туристерге ең тартымды қалалар қатарында Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары, Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы бар. Өкінішке қарай, соңғы жылдары туризмнің орталығы болады деп, осы бағытта миллиардтаған қаржы жұмсаған Түркістан қаласы алғашқы ондыққа да іліге алмады. 2018 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 288,1 млрд теңгені құраса, 2019 жылы ол 441,2 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 38,5%-ға артты. Ал 2020 жылы облысқа 703,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2018 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өсті. Яғни әр жылдарда бөлінетін бюджеттің ұлғайғанын көруге болады. Бірақ «Керуен сарай», басқа да нысандар, орталықтар, қонақүйлер, мейрамханалар, форумдар мен жиындар Түркістанның туристік тартымдылығына әсер етпеген сыңайлы.
Негізі, Қазақстан – туризм индустриясын дамытуға ыңғайлы мемлекет. Оның ішінде этнотуризмге сұранып тұрғандай. Тарихқа тұнып тұрған кең дала, біздің дәуірімізге дейінгі көне қалалар әлемге паш етуге тұрарлық мұра. Бүгінде елімізде 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші, 29 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, оның ішінде 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар. Оның үстіне аdventure туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда. Сондықтан бізге өлкені өрістететін танымдық, сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін көптеп ұйымдастыруымыз керек. Өйткені Дүниежүзілік Туристік Ұйымның есебінше, туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10%-ын иемденіп отыр. Демек туристер мемлекет қазынасының толуына ықпал ететін бірден-бір тиімді инвестиция.