Ферма 10 га жерді алып жатыр. Оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жемшөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан. Өз шаруасын дөңгелетіп отырған маңғыстаулық кәсіпкерлер – Кобзевтер отбасы қыркүйек айының 10-12 аралығында Еуропаның Тур қаласында тұңғыш рет өтетін халықаралық ірімшік байқауына қатысып, Қазақстанның намысын қорғайды. Француздық Le Mondial du fromage байқауы – халықаралық сүт өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің өз өнімдерін ұсына алатын жоғары деңгейдегі алаңы. Кобзевтердің жетістігі – конкурс ұйымдастырушылар тарапынан Қазақстанда алғаш рет аккредиттеу алуы.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың Түпқараған ауданына жұмыс сапары барысында шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер өз кәсібімен таныстырып, мүмкіндіктері туралы баяндады.
– Биыл біз өндірісті дамытуға бағытталған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының қатысушыларымыз. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Биыл біз үшін маңызды оқиға – Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысу. Онда біз өз өнімдерімізді таныстырамыз. Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алғаш рет әлемдік ірімшік жасаушылар байқауына өз өнімдерін ұсынатын болады, – деді ірімшік дайындаушы Александра Григолова.
Өңір басшысы Н.Ноғаев кәсіпорынның жетістігі мен Маңғыстау ірімшік өндірушілерінің әлеуеті зор екенін атап өтті.
– Маңғыстауда өндірілетін отандық ірімшіктер жақын арада отандық экспортты дамытудың негізгі драйвері бола алады. Сіздер халықаралық деңгейдегі байқауда елімізді таныстыру мүмкіндігіне ие болғаныңыз қуантады. Сіздерге сәттілік тілей отыра, кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға әрқашан дайын екенімізді айтқым келеді, – деді Н.Ноғаев.
Қазақстанның сүт өнімдері Еуропада топ жарып ел мерейін асыратын күн жақын деп ойлаймыз.