Индекс қоғамның әртүрлі аспектісі мен әлеуметтік әл-ауқатын есептеу үшін 12 санатты өлшейді. Оларға қорғаныс және қауіпсіздік, жеке бостандық, мемлекеттік басқару, әлеуметтік капитал, инвестиция мүмкіндігі, кәсіпті қолдау, инфрақұрылым және нарық мүмкіндігі, экономика сапасы, өмір сүру жағдайы, денсаулық сақтау, білім беру, табиғи ландшафты жатады.
2023 жылғы Өркендеу индексінде Дания тағы да көш басында тұр. Рейтингте одан кейінгі орынды Швейцария, Норвегия, Швеция, Финляндия секілді мемлекеттер жалғастырды. Ал бізге көршілес Орталық Азия елдері көштің ортасынан төменірек орналасқан – Қырғызстан 89-орын, Өзбекстан 97-орын, Түрікменстан 105-орын және Тәжікстан 110-орын.
Индекстегі санаттар бойынша Қазақстанда білім беру (35-орын), экономика әлеуеті (38-орын) және өмір сүру жағдайы (53-орын) жақсы дамыған. Еліміздегі әлсіз санаттар қатарына жеке бостандық, табиғи ландшафт (екеуі де 126-орын) және әлеуметтік капитал (108-орын) жатады. Ал қалған көрсеткіштер бойынша мемлекетіміз ортаға жақын орналасқан, оның ішінде инвестиция мүмкіндігі – 74, денсаулық сақтау – 77, қорғаныс және қауіпсіздік – 81, кәсіпті қолдау – 83, инфрақұрылым және нарық мүмкіндігі – 91, мемлекеттік басқару 99-орында.
Индексті талдай келе, әлем халқының негізгі қажеттіліктері толық қамтамасыз етіліп жатқанын көре аламыз. Кейінгі онжылдықта адамзаттың тамақтану, баспана секілді өмір сүрудің ең қарапайым қажеттіліктерін қамтамасыз ету жақсарды. Сонымен қатар адамның өмір сапасының артуына тікелей әсер етуші білім деңгейі де әлем бойынша жақсарды, әсіресе жоғары білім сапасы мен ересек адамдардың дағдылары күшейген. Пандемиядан кейін денсаулық сақтау санатындағы көрсеткіштер де барлық елде жақсарды. Қазіргі өлім деңгейі 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда төмен.
Өркендеу индексіндегі демократия және азаматтық бостандықтың нашарлауы – әлемдік үрдіс. Бұл туралы түрлі зерттеу орталығы мен сарапшылар жазып жүр. Демократияның әлсіреуін Еуропаның біршама елінен де аңғаруға болады. Адамзаттың еркіндік құндылығы өмір сапасын анықтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі.
Жоғарыда жазылғандай, ахуал азаматтық қоғам бостандығына да қатысты. Өйткені кейінгі онжылдықта 108 елде бірлестік пен сөз бостандығына және ақпаратқа қол жеткізуге деген қысымның күшеюі жағдайында жеке бостандық көрсеткіші төмендей бастаған. Түрлі цензураның қалыптасуы бүкіл әлемде, соның ішінде демократияны ұстанатын елдерде кең таралған.
Индекстегі көш басында тұрған ең дамыған елдердің жағдайы жақсы болғанымен, кейбір кем тұстары да бар. Мысалы негізгі экономикалық өзгерістерге бейімделе алмау салдарынан жұмысшылар табысының тұралауы мен төмендеуі байқалады. Осының нәтижесінде азаматтар арасында «артта қалу» сезімі күшейіп, азаматтардың өз үкіметінің жұмысына қанағаттанбауы мен популизм көрсеткіші артып отыр.
Дамыған елдердегі әртүрлі экономикалық траектория әлеуметтік капиталдың азаюымен үйлеседі. Саяси институттарға сенімнің төмендеуі либерал демократияның негізгі сипаттамаларының – ізгілік, қауымдастық және ұлттық бірегейліктің – құлдырауына әкелді. Дегенмен әлемнің көп бөлігінде әлеуметтік капитал өсіп келеді. Бұл адамдарға инклюзив қоғамда өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қорытындыласақ, индексте көрсетілгендей пандемиядан кейін әлемнің тынысы өзгеріп, дамуы тежеле түскен. Өркендеуде өлшеу санаттарының кейбір көрсеткіштері дамып, бір бөлігі нашарлағанын көруге болады. Қазақстанда, жалпы алғанда, даму үрдісі бар және әлі де өсу әлеуетіне ие, оның ішінде экологиялық мәселе мен жеке бостандық санаты бойынша бірнеше шешуші қадам еліміздің көркеюіне серпін береді.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы