Жалпы, 6 айдың қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану 2022 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда 4%-ға төмендеді. Ведомство мәліметіне сүйенсек, биыл 6 айда өндірістік жарақаттану коэффициенті (1 000 жұмыскерге шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілігі) 0,09% құрады. «Өндірістік аймақтарда жарақат алудың ең жоғары деңгейі сақталған. Мәселен, Қарағанды облысында – 79 адам, ШҚО-да – 53 адам, Абай облысында – 50 адам, Павлодар облысында – 46 адам, Қостанай облысында – 44 адам, Ақтөбе облысында 40 адам зардап шеккен. Сондай-ақ Алматы қаласында 50 адам зардап шекті», делінген хабарламада.
Экономиканың салалары бойынша ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешенінің өнеркәсіптерінде – 21,8% және құрылыс саласында – 10,6%. Жазатайым оқиғалардың орын алуының негізгі себептері: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы – 33,3%; өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы – 27,1%; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу – 9,3%; жол қозғалысы ережелерін бұзу 8,4%. Соңғы бес жылдың ішінде мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілердің еңбекті қорғау саласы бойынша қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өндірістік жарақаттану деңгейі 6,5%-ға түсті. Профилактика мен бұзушылықты алдын алу мақсатында еліміздің 3 211 кәсіпорны қауіпсіздік пен еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.
Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды «халықтық бақылаушы» ретінде тартуды көздейтін «Халықтық бақылау» әлеуметтік маңызды жобасы енгізіледі. Бүгінде жобаны іске асыруға республиканың 252 кәсіпорны бірікті. Онда 600-ден астам жұмыскер ішкі бақылауды қадағалауда.
Жалпы, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мен өндірістік жарақаттануды азайту ел Үкіметі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі. Осы ретте 2019 жылдан бастап ведомство тарапынан «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын жетілдіру бойынша белсенді жұмыс атқарылды. Оған бүгінде 440 кәсіпорын қосылды.
Айта кетейік, «Онлайн еңбек консультанты» электронды сервисі іске қосылды. Ол жұмыскер мен жұмыс берушінің арасында қашықтықтан өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін еңбек заңнамасының сақталуының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сервис жұмыс берушінің еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзіндік тексеруден өтуін қарастырады. Қосымша іске қосылғалы бері 23 420 жұмыс беруші пайдаланыпты.