Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «ҚазҰАЗУ агрокәсіпкерлігіндегі MBA бағдарламасы: сын-қатерлер мен келешегіне» арналған дөңгелек үстелде еліміздің агрокәсіпкерлік саласын дамытумен қатар жастарды кәсіпкерліктің негіздеріне баулу, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, агробілім саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
ҰҒА Вице-президенті, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы –ректор Ақылбек Күрішбаев аталған оқу орнында жоғары азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық проблемаларын зерделеу және климаттық өзгерістер, ғаламдық сын-қатерлерді шешу үшін инновациялар мен инновациялық агротехнологияларды пайдалануда жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ректордың айтуынша, университетте ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі инфрақұрылымдар жолға қойылған. Мысалы, агротехнологиялық хаб ауыл шаруашылығы өнеркәсіптік кешенінде үздік инновациялық технологиялар мен жаңа білімді игеруде жүйелі жұмыс істеліп жатыр.
– Қазақстан мен Орталық Азиядағы аграрлық жетекші жоғары оқу орындары үшін агроөнеркәсіптік кешенге білікті кадрлар даярлау маңызды. Осы орайда қазақстандық студенттер және де әлемнің көптеген елінен келіп білім алып жүрген жастар да бүгінгі күннің сын-қатерлеріне бейім әрі оның нақты шешімін таба алатын мамандар үдесінен шыға білуі керек. Қазіргі кезде адамзатқа төнген қатерлердің алдын алуда ғылымдағы инновациялық зерттеулерге мән беру уақыт талабынан туындап отыр. Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда әлемдік жаңа агротехнологиялар мен білім беру бағдарламаларын дамыту басты орында тұр. Бүгінде университет – білім беру бағдарламаларын іске асыру саласында әлемнің 100-ден астам жетекші университеттерінен, ғылыми орталықтарымен байланыс орнатып, 15 халықаралық қауымдастық пен ұйымның, оның ішінде БҰҰ Академиялық ықпал ету Бағдарламасының (UNAI) мүшесі, – деп атап өтті Ақылбек Күрішбаев.
Дөңгелек үстел жұмысына қатысқан Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық кеңсесінің директоры Властимил Самек, БҰҰ Қызметтерді қорғау және қауіпсіздік департаментінің директоры Джастин Рашид, Еуропалық Қайта құру және даму банкінің директоры, доктор Хусейн Ожан, Түркияның Алматы қаласындағы Консулдығының білім жөніндегі атташесі Кираз Мехмет, Қазақстандағы АҚШ, Франция, Германия Консулдығының өкілдері, Coca-Cola, Efes Kazakhstan компаниялары мен бизнес құрылымдарының, жоғары оқу орындарының басшылары жаһандық мәселелерде цифрлық технологиялардың маңызы мен студенттік өндірістік тәжірибе алаңдарын дамыту ықпалдастығы төңірегінде ой өрбітті.
Бүгінде халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істеп отырған ҚазҰАЗУ зертханалары мен ғылыми зерттеу орталықтары Қытай аграрлық университетімен, Хэнань ауылшаруашылық университетімен тығыз байланыс орнатқан. Нәтижесінде, ҚазҰАЗУ базасында Қазақ – Қытай су шаруашылығы үшін кадрлар даярлау жөніндегі орталығын және Агроөнеркәсіпті цифрландыру орталығын құру жөніндегі келісім жасалса, экожүйе мен биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі Қазақстан – Германия институты құрылып, «KaGEB» ынтымақтастығына қол жетті. Сонымен қатар «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің су шаруашылығы мамандарын даярлау жөніндегі филиалын ашу жоспарда бар. Осыған орай «Су шаруашылығы және мелиорация» бакалавриат, «Су ресурстарын кешенді пайдалану және басқару» магистратура және «Мелиорация және суармалы егіншілік» докторантура деңгейінде бірлескен жаңа инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленіп жатыр.
Университеттің «Бизнес және құқық» Жоғары мектебінің базасында Польша, Нидерланды, АҚШ, Түркияның білікті оқытушыларының қатысумен МВА/ЕМВА бағдарламасы іске асып келеді. Ал халықаралық экономика, бизнес, мемелекеттік басқару саласында ЕМВА, МВА бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жоғары сұранысқа ие. Master of Business Administration – Іскерлік Әкімшілік басқару магистрі (МВА) – академиялық дәрежесі кәсіби басқару саласында жоғары білім алған, дипломы бар білікті мамандарға беріледі.
Халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуді мақсат еткен жиын қатысушылары, сонымен бірге жаңа форматтағы мамандарды даярлау, ғылым және өндірістің интеграциясына қатысты туындап отырған мәселелерді шешу, АӨК саласына жаңа бағдарлы мамандар даярлауды ұсынды.