«Сен құласаң, қазақтың даңқы құлайды!..»
Бір айлық еңбек демалысымның жылдам аяқталғанына таңғала, таңдана жүріп Алматыға оралдым. Қызметіме кірістім.
Бұл кезде екінші турға шыққан... Қызылорда облысы бойынша №44 сайлау округінен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Тоқтар Әубәкіров бір апталық заңды үзіліс-демалысын пайдаланып, Астанаға, үйіне аттанып кеткен-ді.
Еңбек демалысымның нағыз «саяси тартыстың» ортасында өткенінен хабардар болған басшылық менің көңілімді демеп, өз аузымнан естіген «әділетсіздіктерге құр бас шайқап» қана қоймапты...
Түс ауған мезгіл еді. Екі бетінің ұшы әрдайым алаулап жүретін «Телестансаларға Жер серіктері арқылы бағдарлама тарату жобасының» бас менеджер-жетекшісі әрі офистегі қызметтік ұйымдастыру шараларын шешуде алдына жан салмайтын Ольга Грозная мен отырған үстелдің басына төтеннен төне келді. Дауысы әдеттегідей саңқылдап тұр. Күлкісі жарқын.
Тегі – неміс, шырайлы Шымкенттің қызы емес пе (қазір отбасымен Мюнхенде тұрады), Оляның біршама эмоциялық нышандағы тәп-тәуір қазақшасы да баршылық еді.
– Таке, койши ендии... басын котер! Есть хорошие новости!
Әзіліміз де, кәсіби тұрғыдағы әңгімеміз де тез жарасатын әріптесім қандай тосынсыймен жетіп келгенін мен қайдан білейін, әдеттегідей мұрнына су жетпей жүретін өзіміздің «ой-хой, шіркін, Оля» емес пе:
– Айта бер, құлағым сенде... – дедім құлықсыздау.
Олядан «ә дегенде» естіп-білгенім, АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінен табан ақы, маңдай теріміз үшін ай сайын жалақы алып отырғандықтан да біздің «Интерньюс» журналистерінің депутаттық бұл сайлау науқанының барысында заң талаптарына сәйкес «Халықаралық байқаушы» мәртебесін атқаруға құқы бар көрінеді. «Ой, ой, ой... осы сары қыздың таппайтыны жоқ!» «Қысқасы, ертең Қызылордаға ұшасың! №1500 «Халықаралық байқаушы» куәлігіне Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева қол қойды. Ол куәлік бүгін Астанадан Қызылордаға жеткізіледі, сондағы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы оны саған салтанатты түрде табыстайды. Сұрақ бар ма? Жоқ болса, ғарышкерді депутат етпей, «Интерньюске» оралушы болма!»
«Ал керек болса!..» Қуанғаннан орнымнан атып тұрып, қазақшалап «Аузыңа май, астыңа тай, үстіңе шапан, Ол-ль...» деп судырата жөнелдім. Қазақ тіліне құштар Ольгаға өз тарапымнан лингвистикалық қолдау-көмегім бұл. Осындай қазақша «терме-тіркестерді» ол жадында тез сақтайды...
Жарқылдаған жақсы хабаршым «Солай, Таке... бай, ба-ай...» деп, есіктен асығыс шығып бара жатты. Білемін. Басынан асқан басқа да жұмысы бар. «Рахмет. Ой, Ол-ля!»
Міне, мен сөйтіп... «саяси майдан шебіне» қайта оралдым. Қызылордаға! Бұл жолы кәдімгі ОСК-нің өзі атап тұрып, құжаттап берген бес батпан «салмағым» бар!
Тоқтар ағамыз әскери адам, кез келген тосын жаңалықты стратегиялық тұрғыдан саралап қабылдайды. Мойныма іліп алған түйенің табанындай 2004 жылдың 1 қарашасына дейін жарамды деген жазуы бар, мөр басылған «Халықаралық байқаушы» сертификатын көріп, оның майда жазуларына дейін көзілдіріксіз сүзіп оқып, арқа-жарқа көңілмен арқамнан қақты. «Өте дұрыс болды. Қызметтегі басшыларыңа түсіністік танытқаны үшін рахмет! Анау «Мерседес» көлігің де, жүргізушің де дайын, соған отыр да, іске кіріс...» деді. «Жоқ, Тоқтар аға, «Мерседеске» өзге көмекшілеріңіз міне берсін! Өзіңіз білесіз, менің «жетілік» «Жигулиім» бар ғой», дедім күліп. Менің «Егемен Қазақстан» газетінің байырғы тілшісі екенімді Тоқтар ағам білмегенде кім біледі? Газеттің Қызылорда облысы бойынша қазіргі меншікті тілшісі Серік Пірназармен жастық шақтан, ҚазМУ-дың журфагінің 1-курсынан доспыз. Құрдаспыз, сыйласпыз. Бірінші турда-ақ «Мерседесті» неғыласың, зуылдап өзіміздің «жетілік» тұрғанда. Қолды-аяққа тұрмайтын өте қағілез жүргізушіміз бар. Күні-түні кәбинеден түспей мінсең де, сенікі!» деп қолқа салған Серік досымның мәрттігінен Тоқтар ағам хабардар. «Жақсы» деп қасын керіп қойды да, кенет, әдеттегідей, күректей қолын сілки көтеріп, «отыр» деп қарсы тұрған орындықты нұсқады. Отырдым. Сосын: «Алматыға қалай барып қайттың, іссапарың ұзарып кетті, ондағы үй-ішің, бала-шағаң қысылып қалмай ма? Не керек, маған ескерт...» деген секілді тұрмыстық тақырыпты қаузап қоюды бұл жолы да ұмытпады. Шіркін, Тоқтар аға!.. «Тоқтар аға, менің «тылым» тура сіздің «тылыңыздай» берік, уайымдамаңыз... Айтыңызшы... екінші турды біз қайткенде де... аламыз ғой?» «Алла қаласа, аламыз, бірақ... жағдай қиын! Күресеміз, күресесің... Алға!» деп күлімдеген ағамның жүзінен әлдеқандай айтылмай тұрған бір ойдың ұшқынын байқап қалғандай болдым. Сездім...
Қай сайлау учаскесіне барайық, жергілікті жерде мәртебесі де, беделі де зор «Егеменнің» меншікті тілшісі емес пе, Серік Пірназарды жұрт құрақ ұшып, құшақ жайып қарсы алады. Менің мойнымдағы жүкті де кәдімгідей жеңілдетіп қойды. Әттең, тек... Секеңнің серігін таныстырғанда әңгімені: «Бұл кісі Астанадағы ОСК куәлік берген Халықаралық байқаушы, америкалық мекемеде қызмет істейді, журналист... Учаскенің қазіргі ахуалын тексеруге келді, жағдай қалай болып жатыр?» деп әріден бастайтынынан ыңғайсызданамын... Қыбыжықтап қаламын. Өйткені «америкалық болғым келмейді...» Секеңнің де көзі ашық азамат қой, ара-тұра «мойныңдағы салбырап тұрған куәліктен несіне ұяласың» деп қоятыны бар.
Қызылорданың «Титов» және «Гагарин» деген екі мекенжай аумағы бар-тұғын. Байқоңыр айлағы таяу, ғарышкерлерге қатысты қойылған көше атаулары шығар! Жапа-тармағай дауыс санау жүріп жатқан кез... Сол екі ғарышкер атындағы аумақтың қайсысы екені есімде жоқ, ретіне қарай бір мектепте орналасқан сайлау учаскесіне кіре қалдық. Жұрт іс үстінде. Қауырт. Секеңнің төбесі көрінгеннен бөлме толы кісі өзімсініп, бізді бұрышта жаюлы тұрған дастарқанға, шайға шақырды. Секеңнің де көзі қырағы, үлкен үстелге ентелей жайғасып алып, бюллетеньдерді асығыс сұрыптап жатқан етжеңді келіншекке жақындағаны сол, дауысы өзгеше шықты. «Оу-у... жеңеше, мынауыңыз не енді, тапа тал түсте көзбояушылық жасап, менімен бірге Халықаралық байқаушы жүр, Америка Құрама Штаттарынан... Ұят емес пе? Әй... бері келші!»
«Жеңешеміз» мектеп директоры болып шықты, бюллетеньдерді алдын ала өз қалауынша сұрыптап отырған ғой. «Ал керек болса?» Іс-қимылын тоқтатып, Серікке емес, маған назар аударған «жеңеше-директор» кенет ләм деп ауыз ашпастан, отырған жерінде орындықтан еденге «гүрс» етіп, аударылды да түсті...
– Су, су шашыңдар бетіне... Мүсәтір спирті бар ма?
– Оу, «Жедел жәрдемге» тезірек телефон соқсаңдаршы!..
– Но-шпа бар ма, но-шпа...
Ел абыр-сабыр болып кетті.
«Директор-жеңеше» есін жиғанда, «ештеңе көргеніміз жоқ, ештеңе білгеніміз жоқ» деген «мәлімдемемізді» жан-жағымызға дауыстап естірткен күйі, Секең досымыз екеуміз «апатты аймақтан» ақырындап қана басып, «Жедел жәрдем» дәрігерлерінің ізімен тез сытылып сыртқа шықтық. «Директордың жүрегінің талмасы ұстап қалатынын мен қайдан білейін?» деп Серік ақталып жатыр. Содан, біз де «есімізді жиып» бұдан былай қай учаскеге кірсек те «байқаушы» екенімізді айтқанмен, «күйіп кетсе де АҚШ-ын» айтпайтын болып келістік Секең екеуміз. Алайда батыл байқаушылық бағытымыздан қайтпадық, үміткер штабы мен сайлау учаскелері арасын даңғыл жол еттік. Қырағы жүрдік.
Сыр елі, жыр елі емес пе! Тереңөзектегі кездесу барысында жергілікті ақындар төгілдіріп-төгілдіріп жыр оқыды. Батырдың рухын көтеретін ұранға бергісіз уытты сөздер айтты-ай. Халық екі бастан батыр жағында еді, тұңғыш ғарышкеріне деген құрметі ерекше еді: «Ай – ортақ, күн – ортақ, елінен шыққан – ер ортақ!» «Сен құласаң, қазақтың даңқы құлайды!» Соған да қарамастан ғарышкер-үміткердің әуелдегі «...жағдай қиын. Күресеміз, күресесің... Алға!» дегені айдай келді. Өйткені халық қалағанымен, Астана... Тұңғыштың болғанын қаламайтынын ашықтан-ашық байқатып алды! Нағыз саяси шиеленіс басталды!.. Астана да, Астана арқаландырған қаланың бұрынғы әкімі де бұл сайлауда ешкімге «жол бермесіне» сенімді еді! Бірақ...
...Қызылорданың өр халқы сертінен таймады. Сөзінде тұрды.
Сол сайлауда «Қазақтың даңқын құлатпай, сақтап қалды!» Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Мәжіліс депутаты атанды.
Кешкі жаңалық және Кеннеди
Атой салған кешкі ақпарат-жаңалықтың аптығы көпке дейін бір басылмады. Жан-жақтан үздіксіз соғылған қоңыраулар, тіпті, ұялы телефонымның кеудесін қыздырып жіберді...
«Тұңғыш ғарышкер оппозициялық партияның қатарынан шығыпты...» «Тоқтар Әубәкіров бұдан былай Президентпен біргемін депті...» Желсөз дауылының саябырсып, басылғанын тағатсыздана күттім.
Ал енді... Иә, ал енді әуе толқынында тараған ресми ақпаратқа сүйенейік: «Мемлекетіміздің болашақ дамуы мен гүлденуі үшін мен Президентіміз жүргізіп отырған саясатты қолдаймын». Тоқтар Әубәкіровтің өз аузынан, теледидардан нықтап айтқан бар сөзі осы!..
Жеңіл күрсіндім...
Бұл Тоқаң, Ер Тоқтар әманда әділеттің ақ туын жалаулатып көтерген жалынды азамат емес пе? Жалған сөйлей алмайды. Жалтаруды білмейді. Ақиқатын айтады. Қолтығынан демеушілер өздері жеткізе алмаған халықтың көкейінде жүрген ащы зар мен бес батпан мұңды батырдың аузына салып беріп тұрды... Бұл кезде Тоқтар Әубәкіровтің өзі де саясаттың от-шарпуының ішінде күйіп-жанып жүрген. Пікірлер плюрализмінде Мемлекет басшысының «жанына тиетіндей» ақиқат пен әділет сөздерін жариялы түрде тайсалмай ашық айтып, пікірсайыс белдеулерінің бірқатар «биіктерінен» асып үлгерген...
Иә, мен ғана емес, күллі ел, күллі қазақ осы кеште жеңіл күрсінгендей еді.
Тоқтар Әубәкіров – былайша айтқанда, халықтың санасында авиация саласындағы теңдессіз ерлігімен, қайтпас қайсарлығымен сақталған азамат. Бірегей тұлға. Мақтанышы. Сүйіктісі. Тұңғыш ғарышкері... Халық оның саясатқа араласуын, ашығын айтайықшы, ел басқарып отырған Президентпен текетіреске баруын қаламады. Саясаттан сақтандырды. Қауіптенді... Ендеше, осы кеште олар «үһ» демегенде, кім «үһ» дейді? Жанашырлардың Тоқтар Әубәкіровке деген кереметтей құрметін менің өз басым да осы кеште, шын мәнінде, өте қатты сезінгендей едім. Батырдың кешкі ақпарат айдынындағы тосын қадамына қатысты халықтың мына қолдауын, пәк көңілін алып-ұшып Астанаға, өзіне жеткізгім-ақ келіп барады... Сабыр етемін, айтқыштардың аптығы басылсын деймін...
Үй телефонына қоңыраулатқан сексеннің сеңгірінен асқан Пансатбек есімді қайынатам екен. Қаражаяу кісі емес. Қырық жылдан астам мектеп директоры қызметін атқарған, әкесінен Сталинград түбіндегі шайқаста айырылған, ерте есейген, өмірдің ащысын да, тұщысын да бір кісідей көрген бүгінгі салиқалы дана қария. Жаңадан қосылған қажылық атағы және бар. Аузын ашса, алдымен «айналайын» сөзі шығатын атам «Е, айналайын Тоқтардың бұл ісін жүдә қолдаймын. Е, айналайынды... халықтың ұлын осыншама қорлауға бола ма, айтшы өзің, әрі тартып, бері тартып... жанына тиыштық бермеді ғой түге. Жалғыздың жалғызын алақанына салып, қақ-соққа жолатпай, кейінгі ұрпаққа үлгі қып үкілеп қойса болмай ма? Өзі көзі тірі бір-ақ батыр ғой! Президенттің жанына қайта барғанын құп көріп отырмын», деп барып тоқтады.
Атаммен кездейсоқ хабарласқан кейбір сәтімізде «Тоқтар батырдың аузынан оқыс шыққан сөзі өзіне оқ боп тиіп жүрмесе екен» дейтін жанашырлық қаупін талай естігенмін, түсінетінмін. Атам ғана ма екен, батырға көңілі жығылған айналадағы барша қауым осылай «шыр-шыр» етіп қалатын-ды. Ескінің көзі емес пе, бұл жолы да атам ойын түгел айтып біткенше сөзін бөлмей тыңдадым. Байқаймын, ішіндегісін ақтарып болған соң, атамның да тынысы кеңіп қалғандай. «Өте дұрыс айтасыз, ата...»
«Ел аяғы басылған кезде» Астанаға ақыры телефон шалдым...
«Иә, теледидардан не көрдің, бары сол», деді батыр ағам. Дауысы әдеттегідей қатқыл, бірақ бір қалыпты. Демек жүрек қағысы орнында. «Сен қалай ойлайсың? Халық не дейді?» Атамның «Е, айналайын...» деп бастаған сөзін түп-түгел, кешкі жаңалықтан кейінгі өзіме ұялы телефонынан соғылған барлық қоңыраушының сөзінің сөлін сығып, мейлінше қысқа жеткіздім. «Алдыңғы ұрпақ атамның қатары, кейінгі ұрпақ менің әріптестерім, замандастарым сіздің бұл шешіміңізді қолдайды. Әрине, мен де солардың сапындамын, қысқасы... бәріміз – бір, халық – бір» дегенді әзіл араластырып қосып қойдым.
Арада екі аптадай уақыт өтті. Астанада, ағамның мекенжайындамын.
– Осы оқиғадан соң Президентпен кездестіңіз бе?
– Иә... Бір жиында, көпшіліктің арасында едім, ол кісі маған сонадайдан әдейі мойнын бұрып: «...Жұмыс таптың ба?» деді. «Жоқ...» дедім. «Менде де жұмыс жоқ...» деп жалт бұрылып кетті. «Саған бере қоятын дәл қазір менде де қызмет жоқ» дегені шығар деп ұқтым.
Бірақ сол күннің ертесіне-ақ «Қазақстан темір жолы» компаниясына Тоқтар Әубәкіровті төрағаның орынбасары қызметіне тағайындау туралы Президенттің нұсқауы түсіпті. «Орынбасарлық өте үлкен лауазым, салалық жауапкершілігі де басым, мен мүмкін болса төрағаға авиатасымалдау ісі жөнінен кеңесші болайын» деген батырдың сөзін мекеме басшылары қуана құптаған екен...
Аулада жүріп, үйде отырып, ұзақ әңгімелестік. «Сол күні мен де жан-жақтан, алыс-жақыннан өте көп хабар алдым. Негізінен бәрі менің қадамымды қолдағандар. Түннің бір уағында нөмірі өшірілген бір мобильді телефоннан «АҚШ-тың 35-Президенті Кеннеди: «Мен оны кешірдім, бірақ мен оның есімін ұмытқан жоқпын» деген sms келді», деді батыр ағам. Ортамызда аз-кем үнсіздік орнады. «Аға, кешіріңіз... Ол sms-ті мен жолдап едім!..»
Кеудесін түзеп, мойнын кілт бұрып, қасын керіп тұрып отты жанарымен жалт қарайтын шалт қимылы болушы еді батырдың. Сол таныс қимыл қайталанды. Бірақ жүзі өте жайдары екен. Үндемеді...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері
АЛМАТЫ