Құрылыс • 28 Шілде, 2023

«ҚазМұнайГаз» Оралда спорт кешенін салады

146 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қала­сында салынатын көп­функ­ционалды спорт ке­шенінің құ­рылысын салтанатты түрде бас­тап, сәттілік тіледі.

«ҚазМұнайГаз» Оралда спорт кешенін салады

Іс-шарада сөз алған ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев жоба Мемлекет басшысының биыл 9 наурызда Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында берген тікелей тапсырмасымен іске асқалы отырғанын атап өтті. «Президент халық арасында саламатты өмір салтын насихаттау мен жастар арасында спортты дәріптеудің айрықша маңызын үнемі алға тартып келеді», деп атап өтті М.Мырзағалиев.

– Компаниямыз үшін бұл – тұрақ­ты даму бойынша алған міндет­тері­міз­дің бірін орындау ғана емес, «Қаз­Мұ­найГаздың» бас­ты құнды­лық­тар­ға – жауапкершілік пен қоғамға деген қамқорлығының көрінісі. Былтырдың өзінде ұлттық компания қайырымдылыққа – шамамен 13 млрд теңге, өңірлердің әлеуметтік дамуына 12 млрд теңге бөлгенін атап өту керек. Бұл қаражатқа тұрғын аудандар мен қаланың көрікті жерлерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, мектептер мен ауруханалар, спорт алаңдары мен өзге де нысандар салынып жатыр», – деп толықтырды ұлттық компания басшысы.

Спорт кешені Орал қаласының 10-шағын ауданында салынады. Жоспар бойынша оның құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталады.

Спорт кешенінде түрлі жарыс өткізу­мен қатар, спортшылардың жат­тығуына да барлық мүмкіндік жаса­лады. Ғимарат ішінде жүгіруге арналған 150 метрлік жолағы бар, ядро лақтыру, биіктікке, ұзындыққа, сырық­пен секі­ру­ге, садақ атуға арнайы жабдық­тал­ған жеңіл атлетика аренасы да салынады.

Аталған аренада 1 200 орынға арналған трибуна болады. Сонымен қатар спорт кешенінде 25 метрлік бірнеше жолағы бар бассейн салу, пневматикалық тир, жартасқа өрмелеу алаңын, үстел теннисін, батут, күрес және бокс залдарын ашу жоспарда бар.

ҚМГ Басқарма төрағасы мердігер­лерге қарата айтқан сөзінде, құрылыс сапасы ұдайы бақылауда болатынын, себебі жергілікті спортшылардың алдағы дайындығы осы жұмыстың сапасына байланысты екенін атап өтті.

«Осы жерде бой көтеретін кешен нағыз спорт саңлақтарын, миллиондаған жанға үлгі болатын болашақ чемпиондарды тәрбиелеп шығаратынына кәміл сенеміз. Заманауи архитектуралық шешімдердің арқасында кешен қалаға ерекше көрік беріп, Оралдың көз тартар көркем жерлерінің біріне айналатыны сөзсіз», деді ҚМГ Басқарма төрағасы М.Мырзағалиев.