Аймақтар • 28 Шілде, 2023

Өңірдің үздік тауары анықталды

128 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңі аяқталды. Орталық алаңда көрме-жәрмеңке түрінде өткен іс-шараға 200-ден астам кәсіпорын, сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жеке кәсібін ашқан 80 кәсіпкер қатысты.

Өңірдің үздік тауары анықталды

Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды көрмеден құстың сүтінен басқаның бәрін табуға болады десек артық кетпеспіз. Асықпай аралап шыққан адамға Қостанайда жасалған арнайы ауыр техникалар мен жүрдек жеңіл көліктерден бастап, сан алуан ауыл шаруашылығы өнімдері, тұрмысқа қажет химиялық заттар, құрылыс материалдары, үй жиһаздары мен хас шебердің қолынан шыққан ғажайып қолөнер туындыларының түр-түрі кездеседі.

Көрме алаңының қақ төріне «Агро­машХолдинг kz» АҚ зауытынан шыққан ауылшаруашылық техникалары орналасыпты. АҚ филиалының директоры Самат Баймановтың айтуынша, кәсіпорын жылына 850 трактор құрастырады. Зауыт «Lovol» тракторының алты үлгісін шы­ғарады. Ауыл шаруашылығына қолайлы бұл тракторлардың қуаты 35 ат күшінен 120 ат күшіне дейін жетеді.

– Біздің тракторларды сатып алған шаруашылықтарға 2 жыл мерзімге кепілдік береміз. Өйткені өзіміз шығарып жатқан техниканың сапалы екенін білеміз. Мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көріп отырмыз. Бізден техника сатып алған шаруаға 30 пайыздық мемлекеттік субсидия қарастырылған. Мысалы, мынау қуаты 135 ат күшіне тең трактордың бағасы 23 млн теңге тұрады. Мұны сатып алған шаруаның 6 млн 900 теңгесін мемлекет қайтарып береді. Бұл субсидия тек Қазақстанда жасалған ұлттық брендке ғана беріледі. Сұраныс өте жоғары, дейді филиал басшысы.

Бүгінде ел көлемінде «Агро­маш­Холдинг kz» акционерлік қоғамының 8 филиалы жұмыс істеп тұр. Былтыр осы сегіз кәсіпорыннан шыққан 800-ден астам трактор сатылған. Оған биыл сатылған 350 тракторды қосыңыз. Қостанай тракторларын, көбіне, жергілікті фермерлер мен Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының шаруалары сатып алады екен. Кәсіпорын 2008 жылдан бас­тап «Есіл» комбайндарын құрастыра бастаған. Бүгінде бұл комбайндар «Қазагроқаржы» АҚ арқылы 6 пайыздық лизингпен саудаланып жатыр. Бұған қоса, сатып алушыға 30 пайыздық мемлекеттік субсидия қарастырылған.

Былтыр «Алтын сапа» сыйлығын иеленген «Астық» элеватор құрылғылары зауыты биылғы байқауға өздері жасап шығарған екідеңгейлі астық елеуішін қосып отыр. Аталған зауыт элеваторға қажет түймедей тетіктен бастап, дайын мини элеваторға дейін жасап шығарады. Сондай-ақ өңірде жұмыс істеп тұрған элеваторларға монтаждау, реконструкциялау, тозған құрылғылардың орнына жаңасын орнату секілді қызмет түрлерін көрсетеді.

– Бізге элеваторларды модернизациялау, кеңейту тәрізді тапсырыстар көп түседі. Өзіміз атқарған жұмыстың немесе орнатқан құрылғының сапасына 3 жылдан 5 жылға дейін кепілдік береміз. Қазір біздің зауыттан шығатын диірмен құрылғыларының 80 пайызы Қазақстанда жасалған өнім болып саналады. Мәселен, бүгінгі көрмеге шығарған астық елеуіш құрылғыны біз негізінен металдан жасаймыз. Ал ол металды өзіміздің Теміртаудан сатып аламыз, – дейді зауыттың инженер-конструкторы Дәулет Өтенов.

Амангелді ауданының тұрғыны Расылжан Байкенова көрмеге иленген теріден жасалған кеудеше, аяқкиім, төсеніш көрпелерін алып келіпті. Кәсіпкер таяуда ғана «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалы жанынан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ашылған арнайы курсты тәмамдап шыққан. Бұған дейін Көкшетау мен Балқашта тері тігін цехтарында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтаған кәсіпкер туған ауылына оралған соң, өз цехын ашып, қой терісінен түрлі бұйымдар тіге бастаған. Ісмердің қолынан арзан дүние шықпайды. Мәселен, балаларға арналған байпақтары 3 мың теңге, биязы жүнді иленген таза теріден жасалған жұп-жұмсақ ақ көрпесі 80 мың теңге тұрады. Өйткені өзі де теріні қымбатқа сатып алады.

– Қазақстанда қой терісін өңдейтін кәсіпорындар өте аз. Алдағы уақытта жуатын, сығатын, созатын, кептіретін, тарайтын құрылғылар сатып алып, өзіміз тері илеп, өңдегіміз келеді. Ол үшін ауылдың шетінен ғимарат керек. Өйткені иісі шығады. Мен теріден бұйым тігетін шағын цех ашу үшін мемлекеттен 5 млн теңге қайтарымсыз грант алдым. Оған тігін мәшеңкесін, үтігін сатып алдық. Өнім қымбат болса да, өтіп жатыр. Мысалы, осы бір сағаттың ішінде ересектер киетін байпақтарымның бәрі өтіп кетті, – дейді Расылжан Байкенова.

Лисаков қаласының тұрғыны, бес баланың анасы, көптен бері бала күтімімен үйде отырған Назерке Тоққожа да осы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қолдауымен ұлттық тағам түрлерін әзірлеп, интернет арқылы саудаға шығара бастаған.

– Бізде ұлттық тағамдардың бәрі бар. Үйде қолдың сүтін төрт сағаттай қайнатып, оған айран қосып қызыл ірімшік дайындаймыз. Құрт, ірімшіктен гүл букетін жасаймыз. Оған жастар жағы көп тапсырыс беріп жатады. Бағасы букеттің көлеміне қарай екі мың теңгеден басталып, бес мың теңгеге дейін барады. Құртты ыстап, кептіріп арнайы құрылғымен вакумдап та сатамыз. Әр­түр­лі пішінге келтіріп жент ассортиін жасаймын. Тары-талқан да жоғары сұранысқа ие, – дейді Назерке.

Байқаудың «Өндіріске арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша «Большевичка» тігін фабрикасы, Қостанай агромеханикалық зауыты мен «Аграл Фарм» серіктестігі жеңімпаз атанды. «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымын «Сарыарқаавтопром» зауыты мен «Азурит» ЖШС-ы, ал «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымын «Деп» және «Sudjuk» серіктестіктері жеңіп алды.

Арнайы жұмыс тобы «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың ішінен 10 кәсіпкердің өнімін таңдап алды. Жеңімпаздардың бәрі алдағы уақытта Астанада өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсына қатысатын болады.