Үкімет • 28 Шілде, 2023

Мемлекеттік қолдау шаралары

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен жедел кеңесте Қазақстанның жекелеген өңірлеріндегі қалыптан тыс ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды.

Мемлекеттік қолдау шаралары

«Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырады. Сондай-ақ биылдан бас­­тап алғаш рет мал азығын жинау­ға жеңіл­детілген бағамен дизель отыны­ның қосымша көлемі бөлінетін болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының 70%-ға жуығы жақсы, ал 14,4%-ы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 млн гектары жақсы жағдайда, бұл барлық ауылшаруашылық дақылдарының 50,2%-ы, ал 7,2 млн гектары, яғни 43,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Майлы дақылдар сәл көбірек зардап шекті, жақсы жағдайдағылары 43,6% немесе 1,4 млн га, қанағаттанарлығы – 47,7% немесе 1,5 млн га.

«Бүгінгі таңда егін жинау науқаны­на уақтылы дайындық жасап және мал азығын дер кезінде әзірлеу – басты міндет. Әкімдіктердің жедел деректері бойынша, қазірдің өзінде 8 млн тоннаға жуық шөп дайындалды, бұл жоспардың 32%-ын құрайды. Өңірлер 2023 жылы жемшөп құнын субсидиялауға 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәй­кес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жемшөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағ­дайда бұл астық мал және құс шаруа­шылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жемшөп жинау жұмыс­тарына жеңілдетілген бағамен дизель­дік отынының қосымша көлемі бөлінетін болды», деді ауыл шаруашы­лығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі 2022-2025 жылдарға арналған жемшөп өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасының орындалу деңгейі  төмен екендігін атап өтті.

«Әкімдіктер ауыспалы егістегі жем­шөп дақылдарының үлесін кеңейту бойынша, бірінші кезекте суармалы жерлерде, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отыр»,   деді ол.

Ауыл шаруашылығындағы тәуе­келдерді, соның ішінде құрғақ­шылықтың салдарын жою құралдарының бірі – егін мен ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру. Ол мақсатта сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі субсидияланатын өсімдік және мал шаруашылығында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Өткен жылы Сақтан­дыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізілді, соған сәйкес сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50%-дан 80%-ға дейін өсті.

Дегенмен, Қазақстанның басым бөлігінде климаттың болжамсыздығына қарамастан, фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланады. Биыл барлығы 258,2 мың га дәнді және майлы дақылдар, 152 мың бау-бақша ағаштары, 5,4 мың мал (ірі қара, ұсақ мал, жылқы), 428,2 мың құс сақтандырылды. Сақтан­дыру сыйлықақысы 1,6 млрд теңгені құрады, оның 1,3 млрд теңгесі субсидияланды. Сақтандыру сыйлықақы­ларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 млрд теңге қаражаттың тек 2,4 млрд теңгесі ғана игерілді.

Кеңесте қалыптан тыс аптап ыстық­тың жағымсыз салдары басым болып отырған Павлодар, Ақмола, Қара­ғанды және басқа да облыстардың әкімдері тыңдалды. Өңір басшылары өз салаларындағы ахуалды айтып, оны тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар жасады.

«Жемшөп дайындау деңгейі өте төмен, жылдық жоспар 25 млн тонна болса, бар болғаны 8 млн тонна жиналды. Пішендеме дайындау – жоспардың 12%, сабан – 4,3%. Қыркүйек айында сабан, сүрлем және концентрлі жемді негізгі жинау жұмыстары басталатыны анық, ал қалғандары үшін – бұл өте төмен көрсеткіш. Өңірлерде мал азы­ғын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жемшөп бағасын тұрақты бақылауды тапсырамын. Сонымен қатар кейбір аймақтардағы құрғақшылықтың ықти­мал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Қазагроқаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек»,  деді Серік Жұманғарин.