Қоғам • 30 Шілде, 2023

Ауылдағы Алексей

1389 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мақаланың маңдайына жазғандай әңгіме Алексей жайлы. Дәл қазір біз үшін бұл Алексейдің басқа «алексейлерден» бағасы биік болып тұр. Иә, мәселе – оның сөзінде… Ол неге таза қазақша сөйлейді? Не себепті қазақ мектебіне барады? Мемлекеттік тілді білмегендерді мәңгүрт санайды. Оқушыға бұл сындарлы ой қайдан келді, мақсаты не? Біз бүгін соны айтамыз.

Ауылдағы Алексей

Әсілі, өзге этнос өкілі ана тілімізде екі ауыз сөз құраса бөркімізді шешіп берердей бір желпініп қаламыз. Бұл әнтек эйфория мемлекет жүйесінің бір желкеніне айналған. Ұлты басқа біреу қазақша сөйлесе сүйкімді көрінеді. Тіпті, мінберге шығарып, аяулы ана тіліміздің насихатшысы секілді бағалаймыз. Біздіңше, бұл әдеттен арылмай «Жаңа Қазақстан» ұғымы толық функциясын атқармайды. Себебі, ақылы сау адам кімнің арбасында отыр, соның әнін шырқауы қажет. Тілге құрмет тәуелділіктен туады. Бұл – аксиома империялық имунитет түзген кез келген елге тән қағида. Саясаты да солай ыңғайласқан. Ал, бізде ше?

Мысалы, 11 жасар Алексей неге қазақ мектебіне барады? Осыны ойлаған адам бар ма? Орыс баласының қазақ сыныбында оқуы көзге оғаш көрінетіндей. Біртүрлі қабылдамай тұрасыз. Ал оның ата-анасы бұл қарекетке жайдан жай бармаған, қоғам қалыптастырып келе жатқан үдеріске ілесуде. Баласының болашағы үшін осындай қадам жасап отыр. Түсінесіз бе? Яки, түбі Қазақстанда қазақ тіліне мұқтаждық туатынына сенеді.

«Мен отыз жыл мектепте мұғалім болып қызмет еттім. Сонда бір байқағаным тіл төңірігінде кеңес идеологиясы сіңірген қасаң қағидалар бірте-бірте тұйықталып келеді. Екімыңыншы жылдардың басында орыс сыныбында оқитын қазақ балалары өте көп еді. Тіпті, бір сыныпта 23 қазақ баласы оқығанды да көрдім. Соңғы жылдары бүл үдеріс азайды. Қазір, көбі саналы түрде бас тартып жатыр. Орыс тіліне деген қызығушылық азайып, қайта ағылшын тілінде сөйлейтін қазақ балалары көбеюде», дейді анасы Анастасия Лех.

Ана жүрек әулие емес пе, қазақ тілінің даму бағытын аңғарып 5 жасар баласын қазақ мектебіне табыстайды. Әрине, басында әуре-сарсаңға түскенімен, уақыт өте Алексей қазақ тілін шебер меңгеріп алған. Ертең біздің Ұлы Отанымызда мемлекеттік тілді білмеген ұлының келешектегі өмірі қалай өрбейтінін бағалау мүмкін емес. Қазақ тілінде сөйлемесе қызметте өспеуі кәдік. Жалақысы жоғары жұмыстардың дені ана тілін білуді міндеттейді. Оның үстіне, бүгінде бүтін қоғам қазақ тілін сыйламағандардан теріс айналуда. Демек, Анастасия ханымның шешімі орынды һәм құлаққа жағымды естіледі. Бізді қызықтырғаны да осы.

Қараңыз, сенатор Геннадий Шиповских пен Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің қоғам алдында жүзі жарық. Олардың саясаттағы ұстаған рөлі де мығым, халық қолдайды, басқасы да сондай болсын дейді. Өзге біреу Үкімет отырысында орысша тіл қатса, түйреп алады. Мәселен, жақында Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев осындай жағдайға тап болды. Ол халықтан ана тілін толық үйренуге алты ай уақыт беруін сұрады. Уәде – Құдайдың бір аты, егер министр уәдесінде тұрмаса ары қарай жұмыс істеуіне халық мүмкіндік бермейді. Демек, «мемлекеттік тілді білу міндетті» деген заң қабылданбаса да, халық санасында бұл тағлымды тәртіп қоныстанып үлгерді. Ал енді одан ажыратып көріңіз.

«Абай атамыздың, Мұқағали атамыздың өлеңін жатқа білемін. Достарымның бәрі қазақ, біз бөлінбейміз, бірге ойнаймыз. Біздің отбасында бәрі қазақша сөйлейді, сондықтан маған кез келген отандасыммен қарым-қатынасқа түсу жеңіл. Сабаққа анам көп көмектеседі, қазақ мектебіне барғанымды сол кісі қалады. Сондықтан кейде тапсырмаларды түсінбегенде көмектесіп, екеулеп ереже жаттаймыз. Болашақта еліме қызмет еткім келеді», дейді Алексей Игорь

Тіл білу – сол ұлтты тану, тамырын басу деген сөз. Яғни, қай тілде сөйлейсеңіз сіздің әдетіңіз де, бүтін болмысыңыз да соған сай тіл қатады. Қазаққа сіңу үшін әрбір адам қазақ тілін білуге міндетті. Бұлай жасама ол өзінің құрметін жоғалтып қана қоймай, көптің қарғысына қалады.

Мәселен, Алексей тұратын Бақбақты ауылында 5 мыңға жуық тұрғын мекен етеді. Оның 30 пайызы өзге этнос өкілдерінен құралған. Тоқсаныншы жылдардың басында орыс, кәріс, неміс, татар, ингуш, әзербайжан, шешен секілді бірнеше этнос аталған елді мекеннің құрамдас бөлігі ретінде әжептеуір билікке ие болған. Кейін қазақ қоғамы бас көтеріп, ұлттық ұстын қалыптастырды. Оған шыдамағандар еліне қашты, шыдағандар ауылда қалды. Бүгінде Жамбыл орта мектебі екі тілде  білім береді демесеңіз, дені қазақ тілінде сөйлейді. Кейбірі сөйлемесе де түсінеді. Содан да болар, әр түрлі этнос өкілдері мекендеген ауылда бәрі бір атаның балаларындай күн кешуде.

Қазір Ресейге, Кореяға, Германияға көшіп, сондағы ағайын-туысынан пана іздеген кейбір этнос өкілі Қазақстанға қайта көшіп келіп жатыр. Себебін сұрасаңыз, өз елі оралман һәм сатқын ретінде бағалап, бауырға оңайлықпен баспайды. Сондықтан қай тілде сөйлесеңіз де ығына жығылатын Қазақстаннан аяулы мекен жоқ. Олардың түйсігінде «екі Отан» өмір сүреді. Түп Отан мен туған Отан. Қайтып келгендер түп Отанынан бас тартқандар, енді осы елдің отымен кіріп, күлімен шығудан басқа жол жоқ. Мұны Алексейдің ата-анасы жақсы түйсініп отыр. Ұлтсыздықтың арғы жағында рухсыздық жатыр. Арысын өзіңіз астарлап көріңіз.

Біз өзгелерді қазақ тіліне мұқтаж етпей, ана тіліміздің байланыс аясын кеңейте алмаймыз. Қазақ тілін білген өзге этностарды төбеге көтергенімізбен, Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да бәрі бірдей тілді меңгеріп кеткен жоқ. Яки, бұл формула өз міндетін атқара алмады. Демек, орыстар  «алексейше» ойламай, тілді үйренгенінен пайда жоқ. Қазақ тілі – Қазақстанда өмір сүрудің жалғыз жолы болуы шарт. Қарныңыз ашса қазақша сөйлеңіз, бай болғыңыз келсе қазақша сөйлеңіз. Қатарыңыздан қалмау үшін де қазақша ойланыңыз, досым!