Қазір кез келген адамның жедел танылуға мүмкіндігі мол. Әншілер де әлеуметтік желінің арқасында халықтың қошеметіне ие боп жатқаны даусыз. Сондайда «шөп те өлең, шөңге де өлең» болмаса екен дейсің. Өйткені кейде еркіндік те адамды ессіздікке апарады емес пе?
Бір анығы, бүгінде талғамына дақ түсірмеген жас әншілер шоғыры қалыптасып келе жатқаны қуантады. Солардың бірі – «Я люблю тебя, Әлия» әнімен танылған жас пері Садраддин Болатұлы. Жүрекке жылы тиетін әндерімен тыңдарманның қошеметіне бөленген әншінің шығармалары бүгінде жастар арасында зор танымалдыққа ие екені даусыз.
«Музыка – адамзат атаулының әмбебап тілі» деген Генри Лонгфеллоның сөзінің жаны бар. Айталық, бірнеше хит әнімен әнсүйер қауымның көзайымына айналған Садраддиннің «Ант» деген шығармасы шынында да жас таланттың төлқұжатына айналғанына ешкімнің таласы жоқ шығар.
«Жүрегіммен ант бердім,
Шүкір, Алла бақ берді.
Болашақтың дәптерін,
Жазып келем бас әріптермен», деп басталатын әннің алғашқы шумағынан-ақ туындының өн бойынан дидактикалық ойдың өріле түсетінін аңғару қиынға соқпайды. Соған қарап бұл әннің тыңдарманы көп бола қоймас деп пайымдайтыныңыз даусыз. Өйткені түпкі ойы дидактикалық пәлсапамен астасып жататын шығармалардың «ғұмыры» бұл күнде ұзақ еместей көрінетіні ақиқат. Бірақ жас әншінің таланты мен шеберлігі біз ойлаған, қалыптасқан барлық қасаң қағиданың тас-талқанын шығарып тастапты.
Иә, жоғарыда Лонгфеллоның сөзін бекер айтпадық. Садраддиннің «Ант» деген осы бір әні Youtube-те 24 миллион қаралым жинапты. Енді сол миллиондардың қаншасы шетелдік өнерсүйер қауым екенін өзіңіз пайымдай беріңіз.
«Еңсеңді көтер, бауырым,
Жасағын істің тәуірін.
Адамның күні адаммен,
Көп досың кейде болғанмен,
Іс түссе қайда қалғанын?
Бетперде киген жан-жағым
Кімге кіммін білмей барамын», деген шумақтар әлбетте жүрекке жылы тиетіні даусыз. Әйткенмен, күнделікті айтылатын моральдық әңгімелердің өлеңдегі жиынтығындай көрінетіні және жасырын емес.
«Санада мың сұрақ,
Бір тұрып, бір құлап.
Пендеңе мың сынақ,
Бір күліп, бір жылап.
Қалағаныңды сұра,
Жаратқаныңнан жылап.
Алақаныңды жайып,
Алдағы күн уайым», – деп түйінделетін әдемі әннің қайырмасы қазақтілді тыңдарманның санасында бірден сақталатыны талас тудырмайды. Тілге жеңіл екеніне күмән жоқ.
Қалай алып қарасақ та, әннің халықаралық деңгейде танылуына әншінің үніндегі қазақы бояу мен шеберліктің әсер еткені талассыз. Өйткені әншінің ән иірімдеріне ерекше бояу қосатыны, ізденістің ізіне түсетіні есті тыңдарманға бірден байқалады десек, қателесе қоймаспыз. Сонысымен ән көпшіліктің жүрегіне жол тапқаны даусыз.
Жас әнші бала күнінен кәсіби маман болуды армандапты. Бүгінде жастардың жүрегін жаулаған талантты азамат арманына жеткені даусыз. Намысын қайраған қазақ ұлы тынымсыз еңбек етсе, халықаралық деңгейде де қазақ әнін танытатынына шүбә жоқ. «Ант» деген әнімен танылған таланттың антына адал болып, музыка әлемінде өшпес із қалдыратынына сенім мол.