Қоғам • 31 Шілде, 2023

Иппотерапия игілігі

282 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Иппотерапия емінің игілігін қазір Қарағандыда 28 бала көріп отыр. «Бота» қо­ғам­­дық қайырымдылық қоры жүзеге асырып отыр­ған жобаға мем­ле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 11 млн теңге қарастырылған. Осы арқылы ерекше балалар бір мезгіл «Карат» жылқы зауытында ат мініп, серуен құрып, демалып та, ем алып та жүр. Қа­сиетті жылқы жануарынан қуат алып жүрген мұн­да­ғы ба­ла­лардың бойынан аз уа­қыттың ішінде айтар­лық­тай серпіліс сезіледі.

Иппотерапия игілігі

Мұнда ерекше балалар аптасына 3 мәрте келіп, иппотерапия емін қабылдайды. Курс жарты сағатқа созылады. Білікті, сертификаты бар мамандардың нұсқауымен балалар ат үстінде түрлі қимыл-қозғалыс жасайды.

«Иппотерапия емі балаға пси­хо­­эмоционалдық және био­­ме­ха­­никалық тұрғыдан жақ­сы әсер етеді. Атқа мініп, се­р­уендеу – жарымжан бала үшін үлкен жетістік. Жыл­қы жү­рі­сі­нің тербелісі баланың тірек-қозғалыс жүйе­сіне оң әсер етеді. Мұны мамандар растай­ды. Ата-ана­сының немесе нұс­қаушының көмегімен атпен сер­уендету арқылы мүмкіндігі шек­теулі балалардың аяқ-қол моторикасын дамытуға, ат үс­тінде тепе-теңдікті сақтау ар­­қылы олардың қимыл-қоз­ға­лыс үйлесімін түзетуге болады. Бізге келіп жүрген балалар алғашқыдағыдай емес, қазір ширап қалды. Бұл церебралды сал ауруын, аутизм, моторлық және сөйлеу әрекеттерін жақсартады, сөйлеу белсенділігін арттырады», дейді иппотерапия бойынша нұсқаушы Мөлдір Расулова.

Айта кетейік, Мөлдірдің осы бағытта жұ­мыс істеп жүр­геніне 8 жылға жуықтапты. Ол 9 айлық баланы да иппотерапия еміне әкелгендер бар екенін айтты. Мұны маман құптап отыр. Ба­ланың белгілі бір жасқа толып, диагнозы анықталуын күтіп отырғанша, алғашқы белгілерін байқасаңыз, бірден жылқы үс­тінде жаттығу жасату керек еке­ніне кеңес бе­ре­ді. Сонымен қа­тар Мөлдір па­ралим­пиа­далық ат спортын дамытып жүрген жас маман ретінде аймаққа белгілі. «Қабілетті балаларды бай­қасақ, ат спортына баулып, нәтиже шы­ғарамыз», дейді ол.

Дәмила Түсіпова екі баласын да иппотерапия сабағына апарады. 11 жастағы Айшабибі есімді қызынан церебралды сал ауруы, ал 10 жастағы Керімнен туа біткен аутизм диагнозы анық­талған.

«Наурыз айынан бастап иппотерапиямен айналысамыз. Балаларым мазасыз болатын. Қазір оң нәтиже байқалады. Балалар сабырлы бола түсті. Қызымның түзу отыруы қиын­дық тудыратын. Міне, бес ай өтті, сабақтан қал­май­мыз, соның нәтижесінде тепе-теңдікті, түзу отыруды үй­рен­ді. Ұлым түнде мазасыз­данып, әрең ұйық­тай­тын. Қа­­зір ұйқысы тынышталды. Осындай мүм­кіндік сыйлаған жан­дарға ерекше алғыс айтамыз. Балаларым осында келеміз де­­сек, қатты қуанады. Жыл­қы­ны жақсы көреді. Мұнда ин­ва­­таксидің көмегімен тегін қа­тынап тұрамыз. Бір күн бұрын тапсырыс береміз. Бұл да үл­кен көмек болып тұр», дейді Д.Түсіпова.

Сіз де балаңыздың иппотерапия емін қабылдағанын қала­саңыз, онда жолы оп-оңай. Тек төмендегідей құжаттар толық бол­са болды.

«Иппотерапия қызметін қа­жет етсеңіздер, Қарағанды қала­сының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бө­ліміне өтініш, баланың туу тура­лы куәлігі, мүмкіндігі шектеулі еке­нін айғақтайтын анық­тама және балаға иппотерапиямен айна­лысу қажеттігі туралы дәрі­гер­лердің сараптамасы қажет. Егер өті­ніш көбейіп, балалар саны арта түссе, қосымша қаражат қа­рас­тырылады»,  дейді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мі­нің сектор меңгерушісі Гүлжан Шаймарданова.

«Карат» жылқы зауытында иппотерапия емін жүргізетін сертификаты бар төрт жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Алаңдамаңыз, ба­лалардың қауіпсіздігі қатаң сақ­талады. Бір балаға үш маман қыз­мет көрсетеді. Бұған қоса арнайы иппотерапия үшін жуас үш жылқы таңдалып алынған.

Ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті қозғалыста болады. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бо­йын жинауға, өзінің әрбір дене қи­мылын игеруге жаттығады. Ал ерекше балаларға ең керегі де осы  жаттығу. Бір сөзбен айтқанда, жылқы – табиғи тренажер.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Egemen Qazaqstan»