Денсаулық • 31 Шілде, 2023

Қал астындағы қатер

606 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауа райы қызып, жұрт ыстық жағалаулар мен табиғат аясына ағыла бастайтын жазғы маусымда денедегі қалдың астына жасырынған қауіп басын көтере бастауы бек мүмкін. Өйткені ақындар өлеңге қосып, небір шайырлардың шабытын оятқан арулардың сұлу меңі, торлы сепкілдері қатерсіз емес.

Қал астындағы қатер

Тері қатерлі ісігі мен мелано­ма­ның өршуі кімдерде жиі байқалады? Сол сияқты сүйелдер мен папил­ло­малардан ертерек құ­тылудың пайдасы қандай? Асқынған дерматит несі­мен қауіпті? Осы сұрақтардың жауабын Қазақ онкология және радио­логия ҒЗИ мен Алматы онко­логиялық орталығында өткен Ашық есік күндерінен іздедік. Себебі бір ғана мегаполистің өзінде жылына мыңға жуық адамнан тері обыры табылатын болса, 3,5 мыңға жуық науқас тері қатерлі ісігі диаг­нозымен Алматы онкологиялық орталығында есепте тұр.

Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің бұл түрі жылдам асқынып, қатты өрши­тінімен ерекшеленеді. Бірік­тірілген, яки кешенді емдеу­дің заманауи әдістері тиімді кү­ре­су­ге мүмкіндік бергенімен, ауру асқынбай қойылған диаг­нос­тиканың көмегі орасан. Он­к­о­логтер обырдың бұл түрі бас­тап­қыда ісіктің пайда болуы немесе бұрыннан бар меңнің түсі, көлемі мен пішінінің өзгеруі сияқты белгілерінен көріне бас­тайтынын айтады. Бірінші кезекте науқас меңінің мазалап, қышу, ауырсыну, қызуы сияқты белгілерге шағымдануы мүмкін. Бұған шақырайған күн астында шамадан тыс көп жүру, тұқым қуалайтын кеселдер, нашар экология, белгілі бір фототиптегі сепкілдер, ақшыл тері мен көздің ашық түсі, жы­пырлаған меңдердің пайда болуы себепші болмақ.

«Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ онкодер­матолог-дәрігері Дина Тілеуо­ва­ның айтуынша, басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да тері обырына шалдығу көрсеткіші жоғары, әсіресе 55-84 жас аралығындағы әйел адамдар жиі ауыратын көрі­неді.

«Тері қатерлі ісігі – терінің эпидермисіндегі қалыптан тыс жасушалардың бақылаусыз өсуі және бөлінуі. Кез келген тері обырының басты себепшісі – күн сәулесінің шамадан тыс әсер етуі. Егер адам жас кезінде, яки бала күнінде кем дегенде күнге екі рет қатты күйіп қалса, егде тартқанда ол адамда тері қатерлі ісігінің даму қаупі 50 пайызға дейін артады», дейді ол.

Бірінші кезекте онкологтер УФ-күн сәулесінен сақтануды ес­кертеді. Күн көзіне шығуға болатын ең қолайлы кезең – таңер­теңгілік және кешкілік уа­қыт, бұл кезде күн сәулесі «қиғаш» түседі де, озон қабаты ультракүлгін сәулелерін барынша бейтараптандырады.

Тері қатерлі ісігін көзбен-ақ диагностикалауға болады, тіпті пациенттің өзі де терісіндегі кей­бір өзгерістерді байқаса, дереу дәрігерге қаралуы керек. Терінің қатерлі ісігіне көбінесе әйелдер шалдығады екен, өйткені олар жиі күн сәулесіне қыздырынады. Сондықтан да қалқанды бас киім, жаздық қолшатыр, УФ сәу­ле­лер­ден қорғайтын майлар өз міндетін ат­қарады.

«Егер туғаннан келе жатқан мең, қал өзгеріп, қанай бастаса, түсін өзгертсе немесе жаңа меңдер пайда болса, міндетті түрде онкодерматологпен кеңесу керек. Дертті өршітпей диагнос­тикалау пациенттің көбінесе өзіне байланысты, неғұрлым тезірек дәрігерге жүгінсе, со­ғұр­лым шипасы тиімді болады», дейді ДСМ-ның штаттан тыс бас он­кологі, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.

Сондай-ақ мамандар меңді сұлулық салондарында емес, мамандандырылған клиникаларда алғызған дұрыс екенін айтады. Меңді алғызғаннан кейін, қатерлі ісік бар-жоғын тексеру үшін гистологияға жіберту керек.

Сол сияқты асқынған дер­матиттің салдары да жазылмай­тын дертке жетелуі мүмкін. Мә­селен, Алматыдағы №8 қала­­лық емхана дерма­толог-дәрігері Жанна Ахметова сүйелдер мен папилломаларды неге алып тас­тау керек екенін төмен­дегідей түсіндірді.

«Адамдардың көпшілігінде тексерілсем, обыр анықталуы мүмкін деген ішкі қорқыныш болады да, дәрігерге баруды кейінге қалдыра береді. Алайда кез келген ауру емделеді, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мазалайтын белгілер пайда болған кезде дерматолог пен онкологке жоламай, қаралуды ұзақ уақыт бойы кейінге шегере беруге болар, бірақ кейін тым кеш болуы мүмкін, өйткені тері обыры да тез асқынып кетеді. Меніңше, алматылықтар дәрігерге уақытында жүгінеді, өйткені қала тұрғындары бұл мәселеден жақсы хабардар. Об­лыстық клиникада жұмыс істеген ке­зімде ауыл тұрғындары арасында асқынған жағдайларды жиі анықтайтынбыз. Өйткені ауыл адамдарының үй тірлігі, мал, бала-шаға деп денсаулығына қарайтын мұршасы болмай жатады», дейді Ж.Ахметова.

Бұған қоса көтеріліп отырған мәселеге орай білікті мамандар төмендегідей мәселеге мән беруді сұрайды.

«Бала кезінде «атопиялық дерматит» диагнозы қойылған адамдар бар. Бірақ олар дәрігердің нұсқауын орындамайды: дие­та ұстамайды, соңына дейін ем­делмейді, есейгенде де осы кесе­лі­мен жүре береді. Кейінірек осы­ның салдарынан терісі құрғап, қы­шығаны өршіп, дерті дамып, қатерлі ісікке, яғни обырға айналады. Обыр өздігінен пайда бола бермейтінін әрдайым түсіну қажет, бұл көбінесе обыралды аурулардың асқынуынан пайда болады. Мойындағы, арқадағы мең, папилломалар киіммен үйкелген кезде тітіркенеді, қа­бы­нады. Сондықтан олардан уақы­тында құтылу керек. Әсіресе мойын мен қолтықтағы папилломаларды міндетті түрде алып тас­тау қажет, өйткені олар киімге жиі үйкеледі», дейді дерматолог.

Жеке косметологиялық кабинеттерде папилломаларды жоюға бола ма деген сауалға мамандар: «Егер бұл кабинетте арнау­лы дерматокосметолог маман жұмыс істесе, ол осы мәселелерде құзыреті жүреді. Қалды жою сұйық азотпен жасалатын крио­терапия, лазер сияқты кімде қан­дай техника бар, соған байланысты жасалады. Процедурадан бұрын міндетті түрде АИТВ-ға қан талдауын алу керек», деп жауап берді.

Қорыта айтқанда, денсау­лы­ғым­ды сақтаймын деген саналы адам егер денесінде жаңа қал пайда болып немесе бұрыннан бар қалының түсі, пішіні өзгеріп, көлемі ұлғая бастаса, міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жү­гінуі қажет. Сол сияқты ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, қан кететін немесе әдеттен тыс сұйықтық ағатын меңдер болса, құрылымы өзгерсе, қышып, ауырсынып, ұйығаны байқалса, бұған да көзді жұмып қарауға болмайды. Өйткені онкологиялық кеселдерден көз жұмғандар құрылымында тері меланомасы – 21-орында, тері обыры 22-орында тұр.