Қазақстан машина жасаушылар одағының басшысы Мейрам Пішембаевтың айтуынша, сала алдағы бес жыл бедерінде негізінен мына бағыттар бойынша жұмыстарды өндіре істеуге мүдделі. Олар – өндіріс көлемін және сатып алудағы ішкі құндылықты арттыру, инвестиция тарту, өндірістік және экспорттық мүмкіндіктерді дамыту, отандық өнім үшін өткізу нарығын кеңейту және білікті кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру. Мұның бәрі кешенді жоспар аясында жүзеге аспақ. Одақ басшылығы кешенді жоспардың сәтімен жүзеге асуы отандық машина жасау өнеркәсібін дамудың жаңа кезеңіне алып шығады деп сенеді. Саланы Үкімет те хал-қадерінше қолдап жатыр. Биыл машина жасаушылардың XI форумында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов саладағы жалпы сұраныс көлемі 23 млрд доллар болса, соның 3,1 млрд долларын отандық өндіріс қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.
«Импортты алмастыру есебінен өсім потенциалын арттыруға болады. Отандық машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптің локомотиві және әркез Үкіметтің назарында. Былтыр өндіріс өсімі 9,4 пайызды құрады, биыл төрт айдың қорытындысы бойынша 36 пайызға жетті. Алдымызда машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Оған қолжетімді қаржы құралдарын құру, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамту үлесін көбейту және экспортты ілгерілету арқылы қол жеткізе аламыз», деді Премьер-министр.
2024-2028 жылдар аралығында Үкімет машина жасау саласындағы шағын және орта бизнес жобаларын қолдау мақсатында 2,3 трлн теңге бөлмекші. Сондай-ақ машина жасау кәсіпорындарына отандық шикізатты (қара және сирек кездесетін металл түрлері, сонымен қатар мұнай-химия өнімдері) жеткізіп берушілерге 5 пайыздық жеңілдік жасалу да қарастырылып отыр. Жеңілдік мұнымен де шектеліп қалмайды. Үкімет металл өнімдерінің импорты кезінде отандық машина жасау кәсіпорындарын қосымша құн салығынан босатпақ. Үкімет тұрмыстық техника жасаушыларды да қосымша құн салығынан 5 жылға босатуды қарастыруда. Ішкі нарықта жасалатын мұндай салықтық ынталандыру кәсіпорындардың өндірісті ерекше қарқынмен арттыруына жағдай жасайды деген сенім бар.
Осы және басқа да жағдайлар рет-ретімен жүзеге асса, онда 2028 жылға таман республикадағы машина жасау өнімдерінің өндіріс көлемі 2,2 есе артпақ (2021 жылмен салыстырғанда). Жылдық өсім – 2,9 есе (5,7 млрд долларға дейін), негізгі капиталға салынатын инвестиция 2,1 есе (138,4 млрд теңгеге дейін) өспек. Мұндай болжамды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасап отыр.
Саланың дамуын тежеп тұрған бірегей фактор – импортқа тәуелділік. Бұл – ақиқат. Қазіргі уақытта машина жасау саласының өнімдері еліміздің жалпы импортының 40 пайызын (былтыр Қазақстан импорты 50 млрд доллар болса, соның 20 миллиарды машина жасау өнімдеріне тиесілі) құрап отыр. Біртіндеп экспорт импортты жеңуі тиіс. Дегенмен қазіргі геосаяси ахуал, жоғары инфляциялық тәуекелдер, жаһандық жеткізу тізбектерінің өзгеріске ұшырауы экспорттың да жолын байлап тұр. Соған қарамастан, Қазақстан сыртқа өнім сатуды біршама алға жылжытты. 2022 жылы отандық өндірушілер 3,8 млрд доллардың өнімін экспорттаған. Бұдан бөлек, машина жасау саласының жалпы өңдеуші өнеркәсіп кешенінің дамуына қосқан үлесі 15 пайыздық деңгейге көтерілген. Қазір елімізде 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 120 мыңға жуық адам еңбек етіп келеді.
Қалай болғанда да, өнеркәсіптік революцияны жүзеге асыру үшін ең бірінші кезекте машина жасау саласын дамытуға тура келеді. «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының хабарлауынша, былтыр әсіресе автомобиль жасау саласы айрықша сілкініс жасаған. Оның өсімі 61,1 пайызды құрапты. Одан кейінгі позицияда 37,1 пайызбен тау-кен машина жасау саласы орналасқан. Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы техникаларын шығару да алдыңғы қатарда екен: өсім – 24,8 пайыз. Бұлардан өзге, машина жасау саласының дамуына электр техникалары, мұнай-газ құрылғылары, теміржол салалары да елеулі үлес қосуда.
Биылдың өзінде машина жасау саласында құны 230 млрд теңге болатын игілікті жобалар жүзеге асқан.
«Бүгінде отандық өнеркәсіптегі машина жасаудың үлесі – 6 пайыз. Бұл – шамамен ІЖӨ-нің 1,5%-ы. Әрине, алда атқарылатын талай жұмыс бар. Қазақстанның машина жасау саласында қазіргі таңда 3 800 кәсіпорын қызмет етеді. Биыл үш айдың қорытындысы бойынша сала өнеркәсіптегі көшбасшылардың біріне айналды. Өндіріс 36%-ға өсіп, көлемі 829 млрд теңгені құрады. Саланың өсімі – 135%. Бұдан басқа, 2023 жылы салада құны шамамен 230 млрд теңгені құрайтын 36 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жүк автомобильдеріне арналған құрауыштар шойын құю зауыты, жел энергетикалық қондырғыларына арналған мұнаралар өндіру зауыты, тұрмыстық техника шығару зауыты, отандық мұнай жабдығы зауыты, мобильдік бұрғылар, қондырғылар өндіру және өзге де жобалар көзделген», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов.
Машина жасау саласы ішінде автомобиль өндірісінің шоқтығы биік екені белгілі. Қаржы талдаушысы Айдархан Құсайыновтың сөзінше, мемлекет саланың дамуына мейлінше жағдай жасауы тиіс. Өйткені уақыт пен ахуал соны талап етіп тұр.
«Автопром – драйвер атануға мүмкіндігі бар жақсы сала. Оның жақсы қарқынмен дамып жатқаны қуантады. Ол зауыттардың ашылуына, халықтың жұмыспен қамтылуын ынталандырады. Тағы бір жақсысы, автомобиль өнеркәсібі айтарлықтай технологиялық сала, соның арқасында аралас бірнеше саланы дамытады. Мемлекет тарапынан жасалатын ең дұрыс шешім – қолдау, көмектесу, ең бастысы – кедергі келтірмеу», дейді ол.
Жақын келешекте отандық машина жасау зауыттары 500 мың автомобиль жинауға ниетті.
«Келесі жылы отандық автоөндірушілер 150 мың жаңа автомобиль көлеміне қол жеткізбек. Нарықтың жаңа автомобильдерге деген қажеттілігін толығымен өтейміз. Алматыда қытайлық көліктерді өндіру бойынша жаңа мульти брендті жоба бар. 2026-2027 жылдарға таман өндіріс көлемін 500 мың көлікке дейін жеткіземіз», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Мұндай мақсаттардың жеделінен жүзеге асуы біз үшін де, өндіруші үшін де тиімді-ақ. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, дамуды тежейтін бірнеше фактор бар. Оларды аттап өтсек, онда мына материалымыздың өзі біржақты жазылған дүние болып қалар еді. Ең бірінші кезектегі түйткіл – қолжетімді қаржыландыру жайы. Қазір банктердің пайыздық мөлшерлемесі қымбат және бұл өз кезегінде өндірушілердің мүмкіндігін азайтып-ақ тұр. Бұл ретте тағы да мемлекет қолұшын созбақшы.
Премьер-министрдің сөзінше, биыл инвестициялық жобаларға жеңілдетілген қаржыландыру беру мақсатында Қазақстан Даму банкі және Өнеркәсіпті дамыту қоры аясында 500 млрд теңге қарастырылған. Тиісінше өтінімдердің басым бөлігі машина жасау саласынан келіп түскен. Қазірдің өзінде 200 млрд теңгеден астам қаржы жобалары мақұлданыпты. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге дейін жеткізілмек. Сонымен бірге «ҚДБ» АҚ және «КДҚ» АҚ арқылы кредиттеуді ШОБ субъектілері үшін 3 пайыздан басталатын мөлшерлеме бойынша РБ және ӨКМ қаражаты есебінен іске қосу да жоспарда бар. Айналым қаражатын жаңғыртуға және толықтыруға 6 пайыз мөлшерлеме бойынша «Даму» «КДҚ» АҚ арқылы машина жасау шағын және орта бизнесін несиелеу мүмкіндігі ұсынылады.
Екінші түйткіл – шикізат тапшылығы. Соның салдарынан импортқа деген тәуелділік жойылар емес. Бұл мәселе соңғы кезде жиі көтеріле бастады. Министрлік отандық кәсіпорындарды машина жасау кәсіпорындарына шикізатты тиімді бағамен жеткізуге міндеттейміз деп отыр.
Негізі, өнеркәсіп саясаты туралы заңға сәйкес отандық кәсіпорындарды өзіміздің шикізатпен қамтамасыз ету үшін түрлі келісімдер, офтейк келісімшарттар өндірушілерге қолжетімді болуы тиіс. Алайда әзірге ол мүмкін болмай тұр. Марат Қарабаев қазіргі уақытта шикізаттың үш түрі – алюминий, қорғасын және мыс бойынша жұмыс жүріп жатқанын айтады.
«Отандық өңдеушілер үшін ұсынылатын бұл норма қазір ерікті түрде жүзеге асырылады. Енді біздің алдымызда екі міндет тұр, біріншісі – жаңағы норманы міндетті талапқа айналдыру. Яғни қазір шағын және орта бизнес металлургтерден металды алу үшін арнайы келіссөздер жүргізіп, шарттарды келісуге мәжбүр. Біздің ойымызша, енді өндірілген металдың белгілі бір бөлігі міндетті түрде өңдеушілерге берілуі тиіс. Сонда металлургтер өздерінің өнімін өткізетін нарық іздей бастайды. Екінші норма – тауарлық позицияны кеңейту. Қазір екі қосымша өнім түрін талқылаймыз, олар – қара металл және полипропилен. Біз аталған өнім түрлерінің төмендетілген бағада ел ішінде ұсынылу мүмкіндігін қарастырамыз», деді ведомство басшысы.
Саланың қарқынды дамуына сеп болатын тағы бір мүмкіндік – кадрлық құрамды күшейту. Осы орайда Машина жасаушылар одағы кадрлық тапшылықты жою міндеті ең бірінші кезекте реттелуі тиіс деп санайды. Ол үшін қазір бірқатар шара қолға алынуы керек. Атап айтқанда, дуальды білім беру шеңберінде өндірістік практикадан өту кезінде жан басына шаққандағы қаржыландыруды ұлғайту, білім беру бағдарламаларынан мамандықтарға ауыса отырып, инженерлік-техникалық мамандықтар үшін міндетті бес жылдық оқу мерзімін белгілеу, сондай-ақ қолданбалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға гранттық қаржыландырудың 40 пайызын өңдеуші өнеркәсіпке бөлу (оның кемінде 50 пайызы машина жасау саласына) сала әлеуетін әлдеқайда арттырмақ.
Жалпы, елімізде машина жасау саласын дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік бар – энергетикалық және шикізаттық база жеткілікті, оның ізін ала өндірістік және адами әлеуетті де жетілдіруге болады. Бұл саладағы жалқы жұмыс орнының өзі аралас салаларда оншақты жұмыс орнын құруға жол ашпақ. Ал біздің географиялық тұрғыдан сәтті орналасуымыз өнімдеріміздің кедергісіз сатылуына, транзиттік хабқа айналуымызға, елдегі ғана емес, өңірдегі ішкі жалпы өнім көлемінің артуына зор мүмкіндік тудырады.