Денсаулық • 31 Шілде, 2023

«Тері қатерлі ісігі». Онкодерматолог-дәрігер денедегі қалдың қандай қаупі болуы мүмкін екенін айтты

1005 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тері қатерлі ісігі мен мелано­ма­ның өршуі кімдерде жиі байқалады? Сол сияқты сүйелдер мен папил­ло­малардан ертерек құ­тылудың пайдасы қандай? Асқынған дерматит несі­мен қауіпті? Осы сұрақтардың жауабын «Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Айнаш Есали іздеп көрді.

«Тері қатерлі ісігі». Онкодерматолог-дәрігер денедегі қалдың қандай қаупі болуы мүмкін екенін айтты

Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің бұл түрі жылдам асқынып, қатты өрши­тінімен ерекшеленеді. Біріктірілген, яки кешенді емдеу­дің заманауи әдістері тиімді кү­ре­су­ге мүмкіндік бергенімен, ауру асқынбай қойылған диаг­нос­тиканың көмегі орасан. Он­к­о­лог дәрігерлер обырдың бұл түрі бас­тап­қыда ісіктің пайда болуы немесе бұрыннан бар меңнің түсі, көлемі мен пішінінің өзгеруі сияқты белгілерінен көріне бас­тайтынын айтады. Бірінші кезекте науқас меңінің мазалап, қышуы, ауырсынуы, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілерге шағымдануы мүмкін. Бұған шақырайған күн астында шамадан тыс көп жүру, тұқым қуалайтын кеселдер, нашар экология, белгілі бір фототиптегі сепкілдер, ақшыл тері мен көздің ашық түсі, жы­пырлаған меңдердің пайда болуы себепші. 

«Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ онкодер­матолог-дәрігері Дина Тілеуо­ва­ның айтуынша, басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да тері обырына шалдығу көрсеткіші жоғары, әсіресе 55-84 жас аралығындағы әйел адамдар жиі ауыратын көрі­неді.

«Тері қатерлі ісігі – терінің эпидермисіндегі қалыптан тыс жасушалардың бақылаусыз өсуі және бөлінуі. Кез келген тері обырының басты себепшісі – күн сәулесінің шамадан тыс әсер етуі. Егер адам жас кезінде, яки бала күнінде кем дегенде күнге екі рет қатты күйіп қалса, егде тартқанда ол адамда тері қатерлі ісігінің даму қаупі 50 пайызға дейін артады», дейді маман. 

Дәрігерлер УФ-күн сәулесінен сақтануды ес­кертеді. Терінің қатерлі ісігіне көбінесе әйелдер шалдығады екен, өйткені олар жиі күн сәулесіне қыздырынады. 

«Егер туғаннан келе жатқан мең, қал өзгеріп, қанай бастаса, түсін өзгертсе немесе жаңа меңдер пайда болса, міндетті түрде онкодерматологпен кеңесу керек. Дертті өршітпей диагнос­тикалау пациенттің көбінесе өзіне байланысты, неғұрлым тезірек дәрігерге жүгінсе, со­ғұр­лым шипасы тиімді болады», дейді ДСМ-ның штаттан тыс бас он­кологі, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.

Ескеретін жайт, мамандар меңді сұлулық салондарында емес, мамандандырылған клиникаларда алғызған дұрыс екенін айтады. Меңді алғызғаннан кейін, қатерлі ісіктің бар-жоғын тексеру үшін гистологияға жіберту керек.